Thursday, November 21

«ТЕАТРҒА КӨРЕРМЕНДЕРДІ ТЕК ЖАРНАМА АРҚЫЛЫ ТАРТА АЛАСЫҢ…»

0
123

Жәудір Сарыпбекова елімізге ғана емес, шетелдерге де танымал театр және кино актрисасы. Сонымен қатар, «Серпер» Жастар Сыйлығының лауреаты. Талантты жас актриса дарындылығымен дараланып, көптің ықыласына бөленген жан. Әрбір жаңа туындыларымен, жаңа рөл, жаңа образымен көрерменнің жүрек төрінен орын алған кәсіби маман. Әсіресе, қысқаметражды роликтеріне деген халықтың сұранысы ерекше. Мағынасы ұшан теңіз роликтер кімді де болмасын тебірентпей қоймайды. Танымал актрисамен Түркістан драма театрына келген іс-сапарында жолығып, сұқбаттасқан едік.

– Түркістандағы маңдайалды оқу ордамыз ХҚТУ-дің түлегі екеніңізді бірі білсе бірі білмес. Эфирге берген сұқбаттарыңызды көріп, қалауыңыздағы мамандыққа түспей, өнер жолын таңдауыңыздың өзі бір машақат болғанын байқадық. Университет сізге қандай мүмкіндіктер сыйлады? Студенттік шаққа сапар шегіп, қызықты бір оқиғаңызбен бөліссеңіз…

– Түркістандағы қазақ-түрік университетін тәмамдадым. Алғашында вокалға түстім. Ол жерде біраз қиындықтар туындаған соң, кәсіби ән айту керек болған соң, 1-курсты аяқтап, 2-курста актерлік шеберлікке ауыстым. Мамандық таңдаудан қателеспеу керек. Өйткені, мамандықты дұрыс таңдамасаң, ұнамаған, қаламаған мамандығыңнан керемет бір маман иесі шығады деп айта алмаймын. Вокалда оқығанда күнде дайындық жасап жүрдік. Емтиханға 10 күн қалғанда менде үлкен уайым болды, әнді айтып шыға аламын ба деген. Дайындық үстіндеміз. Бір күні жанымда концерт министрі Фания Шамсутдинова отырды. Ол кісі пианио ойнап отыр, ал мен ән айтып тұрдым. Алдымызда мастеріміз Рахима Жұбатырова отыр. Сол кезде мен азып кеткенмін, тамақ жемеген әлсізбін. Ән айтып тұрған жерімде ес түссіз талып қалғанмын. Тұрсам барлығы су шашып жатыр. Сол кезде Рахима апайымыз: «Ән айту үшін күш керек. Әншілердің қарындары тоқ болу керек. Вокалистерге де, опера әншілеріне де бәріне күш керек. Сондықтан дұрыс тамақтану керек», – деген болатын. Мен аңқау кезім ондайды білмейтінмін ол кезде. Актерлік шеберлікке ауысқаныма, сол мамандықты бітіргеніме өкінбеймін. Қазір соның жемісін көріп отырмын. Елдің ықыласына бөлендім, керемет карьера сыйлады. Университет қабырғасында әсіресе 3,4-курс кезінде актерлік шеберлікке, болашақта мықты актер, актриса боламыз деп қатты көңіл бөлдік. Соның нәтижесінде алға қойған мақсаттарымызға жетіп, карьерамызды орнықтырып жатырмыз.

 

– Бүгінде отандық фильмдер қарқынды дамуда. Біз көрермен ретінде куәгері болып келеміз. Ал, сіз әртіс ретінде халыққа ұсынылып жатқан қазіргі кинолар туралы не айтасыз?

– Қазіргі жайдарманшылардың, комедия жанрында түсіріп жатқан, кәсіби түсірмесе де вайн сияқты түрлі дүниелері көбейіп кетті. Мыналар не түсірді? Оны кім көреді? деп олардың еңбегін жоққа шығарғым келмейді. Олардың да еңбегі бар. Бүгінгі таңда Salem Social Media-ның фильмдері жарыққа шығып жатыр. Онда барлығы веб сериал болғандықтан барлығы ашық түрде. Оның да өз аудиториясы бар. Оларды бүкіл ТМД елдері көріп жатыр. Сондықтан мен Қазақстанда шығып жатқан ешқандай фильмге қарсымын деп айта алмаймын. Халық көрмейді десең, көріп жатыр. Оны жоққа шығара алмаймын.

Жолдасым Руслан Нұрман екеуміз бастапты кезде мәнді-мағыналы қысқаметражды фильмдермен танылдық. Қазір де түсіп жатырмыз. Өйткені, оның қазір аудиториясы өте көп. Халық соны сұрайды. Жолдан көрсе, әлеуметтік желіде, басқа да көрген жерлерінен сұрайды. Қысқаметражды фильмдердің аудиториясы көп екенін толық сеніммен айта аламын. Халықтың ықыласы ерекше. Орыс тілді Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларының көрермендері көрмейтін шығар десек, олар да көреді екен. Қазір елімізде түрлі жағдайлар орын алып жатыр, біздің роликті тамашалағаннан кейін жан-жақтан оқырмандар жазып, алғыстарын айтып жатады.

 

– «Асыл арна» телеарнасында халыққа ой саларлық қысқаметражды роликтерден соң, сізді 5:32 дегі маньяк рөлінде қабылдау қалай болды деп ойлайсыз?

– Мен киноға түсіп болған соң, «мынадан кейін халық мені ұнатпай қалатын болды ғой» деген ойлар болды. Бірақ ол сериал шыққаннан кейін мен ойлағандай болмады. Қазақстанның 80 пайызы ұнатып, тіпті ТМД, Ресейден де жазып жатқан көрермендер болды. 5:32 киносынан кейін халық кәсіби тұрғыда баға беріп, жақсы өзгерістер болды.

 

– Ең алғашқы театр сахнасындағы рөліңіз бен кинодағы алғашқы рөліңіз несімен есте қалды? Қандай қиыншылықтар болды? Осы уақытқа дейін сомдаған рөлдеріңіздің ішіндегі ең қиыны қайсы болды?

– Театр сахнасында ең алғаш 2009 жылы «Мухаммед Хайдар Дулати» спектаклінде «Ханша» рөлін сомдадым. Әр спектаклді дайындаған сайын әр рөлдің қызықшылығы болады. Барлығы ұмытылып кетеді. Ал, кинода алғаш жолдасым екеуміз халыққа көп таралған «Алғаның жаман жолықса» деген қысқаметражды роликпен бастадық. Сол кезден бастап танымалдылық жинадық. Оның алдыңғы кезінде де түскен дүниелер бар. Олар жарыққа шықпады. Ең алғаш 2015 жылы роликке түсіп бастадық. Мен үшін рөлдерімнің ішіндегі ең қиыны Түркістан қаласындағы жаңа драма театрында болатын «Триптих» спектакліндегі рөлім болып тұр.

 

– Әдебиетке деген қызығу-шылығыңыз ерекше болға-нын білдік. Өзіңізді кітап кейіпкеріне ұқсатқыңыз келсе қай кейіпкерді таңдар едіңіз. Қаншалықты жиі кітап оқисыз?

– Мен әдебиетті жақсы оқығанмын. Арыс қаласындағы орталық кітапханаға жиі баратынмын, тұрақты оқырманы болғанмын. Кітап көп оқығанымның әсері шығар, өлеңдер шығаратынмын, мен ақын болам дейтінмін. Сол кезде мәдениет сарайында ақындар сайысына қатысып, бас жүлдені иеленген болатынмын. Сөйтіп, ата-анамды қуантқаным есімде. Қазір бәрі өз уақытымен, өз сәтімен екен. Қазір кітап оқуға да қол тимей жатады. Әрине, өкінішті. Негізі, мен филология мамандығын таңдағанмын. Мұғалім емес, ғылым жағын, әдебиет-танушы болсам дейтінмін. Дегенмен, оның сәті түспеді, маған бұйырмады. Мен әдебиет кейіпкерінен өзімді кішкен-тай кезімнен «Гауһартасқа» ұқсатамын. «Гауһартас» Дулат Исабековтың шы-ғармасында да бар, оның киносы да бар. Кішкенай кезімнен көріп, қызығып, кейін оны өзім оқығанмын. Гауһартас сияқты болсам екен деп армандағанмын.

 

– Қазіргі таңда халықтың театрға қызығушылығы тым белсенді емес. Халықты театрға қалай тарта аламыз? Түркістанға келген мақсатыңыз қаламызда алдағы 18-19 маусым күндері Түркістан драма театрында болатын «Триптих» спектаклі туралы айта кетсеңіз.

– Иә, театрға премьера кезінде өзіміздің Шымкентте Ж.Шанин атындағы театрда ұйымдастырушылар адам толтыруға тырысады. Біздің басты міндетіміз – спектаклді дайындап, оны халыққа ұсыну. Былайынша күндері 100-200 дей адам келіп, кейбір кездері зал толып жатады. Қазір телефонның, интернеттің дамыған заманы ғой. Сондықтан да, театрға барып өз көздерімен көрмегеннен кейін адамдардың қызығушылығы содан төмен деп ойлаймын. Театрдан қажеттілік таппайтындай көрінеді. Театрға адам тарту үшін интернеттің дамыған заманында жарналамау арқылы ғана тарта аласың. Театрда жүрген, халықтың көзайымына айнал-ған, халық танитын адамдар арқылы жарнамалап тартуға болатын сияқты.

Жақында Түркістан қаласында «Триптих» спектаклі қойылғалы жатыр. Қазақ сахнасында Әлібек Өмірбекұлы деген жас режиссер Қазақстанда үшінші спектаклін қойғалы жатыр. Бұйыртса қазақ сахнасында үш спектаклдің, әлемге танылған 3 алыптың басын қосып «Қарагөз», «Гамлет», «Фауст» спектак-лін қосып «Триптих» деген спектакл шығарамыз. Қазір қызу дайындық жүруде. Жұмыс барысы қиын болып жатыр. Барлықтарыңызды театрда күтеміз. Әзірге құпия сақтай тұрайын.

Leave a reply