Қадыр Сырлыбеков, Түркістан станциясының бастығы:
«ТЕМІР ЖОЛ САЛАСЫ – ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ КҮРЕ ТАМЫРЫ»
Ғасырдан астам тарихы бар қазақ темір жолы уақыт көшінде талай тар жол, тайғақ кешуді өтті. Ел мерейін үстем еткен талай ұлы жеңістің де, жеңілістің де дәмін татты. Бұрынғы одақ елдері арасында тәуелсіздік алғаннан кейін тұңғыш темір жол салған да қазақ елі. Қазақстан теміржолшылары дамудың жаңа жолын таңдап, нарықтық қатынастар реформасына көшті. Бүгінгі таңда «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» ел экономикасында өзінің лайықты орнын алды. Осы орайда, ел экономикасының күре тамырына баланған темір жол саласының атқарылып жатқан жұмыстарын білу мақсатында Түркістан станциясының бастығы Қадыр Қаңлыбайұлы Сырлыбековке арнайы барып жолыққан болатынбыз. Ендеше, әңгіме арқауын сөз етсек.
– Қадыр Қаңлыбайұлы бүгінде елімізде «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» ел экономикасында орнын бекемдеген, төрт аяғын тең басқан алпауыт компаниялардың қатарында екенін жұрт жақсы біледі. Алдымен әңгімемізді осы бағытта өрбітсек?
– Қазақстан темір жолы мемлекет экономикасының күре тамыры болып есептеледі. Халыққа қажетті қаншама жүктер осы темір жол арқылы тасымалданады. Мәселен, еліміздегі барлық облыстармен қатар, Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент пен Түркістанға да қатты отын көмірге деген сұраныс көптеп түсіп, маусымында тамыз айынан вагондарға тиелген отындар келеді. Соның ішінде біздің өңірді алатын болсақ, күзде бидай көп тасымалданады, халыққа қажетті тауарлар, құрылыс заттары секілді жүктердің барлығы осы темір жол арқылы Қазақстанның түкпір-түкпіріне жеткізіледі. Одан бөлек, Қазақстан темір жолы Орта Азия мен Еуропа арасындағы алпауыт мемлекеттермен де байланыс орнатып, алыс-берісті жақындатып келеді. Сондықтан еліміз арқылы Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан секілді көрші мемлекеттерге жүк тасымалдайтын пойыздар транзит арқылы өтеді. Қазіргі таңда «Шығыс Қытайдан-Батыс Европа» жолымен контейнер пойыздар жүруде. Контейнерлік пойыздар қазір дамып кетті. Мемлекетке одан түсіп жатқан кіріс орасан зор болып табылады. Тәулігіне 1250 шақырымнан 7 күнде Қытайдың арғы шығысынан Еуропаға жетіп жатыр. Бір сөзбен айтқанда Қазақстан темір жолының елімізге берер пайдасы ұшан теңіз деп білемін.
– Қазақстан теміржолшылары дамудың жаңа жолын таңдап, нарықтық қатынастар реформасына көшті. Осы тұрғыда өзіңіз басқаратын Түркістан станциясының атқаратын негізгі жұмысы туралы айтып өтсеңіз?
– Біздің міндет транзиттік, жолаушы және жүк тасымалдайтын пойыздарды кесте бойынша уақытымен күтіп алып, өз уақытымен жіберу болып табылады. Оның ішінде адам, жүктің, қозғалыс және басқа да қауіпсіздіктер бар. Жолаушылар пойызын сумен қамтамасыз ету, тепловоздарды уақытылы жіберу, ағытылған вагондарды уақытылы тіркеу. Жүк пойыздарының ішінде 10-20 минут, 40 минут, 1 сағат тұратын пойыздар бар. Соған біздің барлық қызметкерлер, соның ішінде, машинистер, вагоншы, күзетшілер, бағдаршамды қадағалайтын механиктер, электриктер, жол шеберлері барлық деңгейде қызмет көрсетеміз. Түркістан қаласына келетін барлық жолаушылар мен жүк пойыздарының уақытылы келіп кетуіне жауап береміз. Одан бөлек, қалаға 15-20 жүк вагондары келеді. Біздің міндетіміз осы вагондарды уақытымен кешіктірмей өз орындарына жеткізіп, жүкті түсіріп, бос вагондарды қайта тиеп жіберу.
– Өзіңіз айтып өткендей, бүгінгі таңға дейін Түркістан станциясы арқылы тасымалданатын вагондардың апталық бағыты мен жүк көлемі, жоспары туралы баяндап берсеңіз?
– Бізге тиесілі өз жоспарымыз бар. Бір ай көлемінде тәулігіне 4 вагон жүк артып, 25 вагон жүк түсіруіміз керек, бірақ межелі жоспарды 10 пайызға артық орындап, тәулігіне 27 вагон жүк қабылдап келеміз. Қалаға келетін тауарлардың басым көпшілігі ұн, жанар-жағар май, құрылыс заттары, мал азығы секілді өнімдер келеді. Көршілес, Қызылода облысына бұған дейін артатын жүктер көп болатын. Қызылордаға қарай ол кезде тәулігіне 10-15 вагон құрылысқа қажетті заттар жөнелтілетін еді. Бүгінде шаһарымыз облыс орталығы болғалы мұндағы жүріп жатқан құрылыс нысандарына жеткізілетін құрылыс тағы басқа заттар көрші облыстарға жіберуге мүмкіндік бермей отыр. Бұдан бөлек, ай сайын біздің аумаққа қарасты теміржолдың барлығын қадағалап, Бекзат мөлтек ауданындағы соңғы бағдаршамға дейінгі аралықты бүге-шүгесіне дейін тексеріп, бақылап отырамыз. Бізде өзінің талапқа сай нормалары бар. Одан асып кеткен жағдайда жабуымыз керек. Одан бөлек, жүктер артылғанда оның дұрыс байлануын, әр вагонның пломбасы болады, соның дұрыс өткендігін тексереміз. Вагонның дөңгелектерін, жүретін жолын қадағалаймыз.
– Темір жол саласы – елдің күретамыры екенін ескерсек, темір жолдағы жол қауіпсіздігі бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсаңыз?
– Қазіргі таңда темір жолда қозғалыс қауіпсіздігін сақтау мақсатында 2018 жылдың 24 желтоқсанында бекітілген ереже бойынша ай сайын жол жағдайын тексеруге комиссиялық тексерулер ұйымдастырылып отырады. Тексеру нәтижесінде табылған ақаулар мен кемшіліктер қауіптілік деңгейіне қарай шұғыл түрде, 5 күн ішінде және жоспарлы түрде түзетіледі. Одан бөлек, заманауи техниканың да көмегіне жүгініп отырамыз, яғни модернизацияланған диагностикалық кешен вагоны адам көзімен көре алмайтын ақаулар мен кемшіліктерді компьютер дисплейіне шығарып, қауіптілік деңгейіне қарай ақау табылған жерді қозғалыс үшін жабады немесе ол жердің қозғалыс үшін белгіленген жылдамдығын төмендетіп отырады. Ал, адами фактордың қозғалыс қауіпсіздігіне әсерін азайту мақсатында локомотивтерде кешендік локомотивтік қозғалыс құрылғысы орнатылған. Бұл құрылғы пойыз машинистерінің жолдағы қырағылығын арттырып, бағдаршамның тыйым салу белгісінен өтіп кетуіне жол бермейді. Темір жол аралықтарында вагон ақауын анықтайтын көпфункционалды техникалық құрылғылардың кешені аппараты орналастырылған. Ал, пойыз қозғалысын ұйымдастырушы пойыз диспетчерлері мен станция кезекшілері пойыздарды қабылдап-жөнелтуді монитор экранында іске асыруға көшуде.
– Темір жол саласында тәулік бойы тыным таппай еңбек етіп, шаһарамыздың дамуына сүбелі үлес қосып жатқан қызметкерлеріңіздің еңбектеріне тоқталып, озат теміржолшылар деп кімдерді айтып өтер едіңіз?
– Атаулы құрамда барын салып үнсіз еңбек етіп жатқан шаһарымыздың теміржолшылардың орны бір төбе. Тәулік бойына тыным таппай еңбек етіп, қолдарынан келер үлгілі істі тындырып-ақ жатыр. Соңғы жылдарда тасымалданған жүк көлемі жаман емес. Осы бағыттарда нәтижелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Мұның бәрі оңай біте салатын шаруа емес. Зор жауапкершілік, қатаң тәртіп, сапалы қызметті талап етеді. Осы талаптарды орындай отырып, қарқынды жұмыстар легі тоқтаусыз жүріп жатыр. Осы орайда, Түркістан темір жол станциясында еліміздің мүддесі үшін аянбай еңбек етіп келе жатқан қызметкерлерге тоқталып өтсем, маневр диспетчері А.Көсембаев, жүк қабылдап-тапсырушылар А.Шураева, С.Сейітбеков жастарымызға өзінің өмірлік және еңбек жолында жиған білімімен бөлісуден жалыққан емес. Жастарымыздың арасында өзіне жүктелген тапсырмаларды мүлтіксіз атқарып, үмітімізді ақтап отырған станция бойынша кезекшілер Б.Сулейменова, Ж.Қалходжа, пойыз құрастырушылары Б.Молдабаев, Б.Юсупов, А.Тлеубергенов, Е.Шынтай, С.Аумакулов, технолог Қ.Нурматовтар атауға әбден лайықты азаматтар дер едім.
– Қадыр Қаңлыбайұлы сұқбатымыздың соңында еңбек жолыңыз және отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз?
– Мен 1968 жылдың 16 қаңтарында Түркістан қаласында дүниеге келдім. 1975 жылы Макаренко мектебінде 1-4 сыныпты бітіріп, ары қарай Әл-Фараби атындағы №19 жалпы орта мектебінде 1985 жылы 10 жылдық білім алып шықтым. Мектепті бітірген соң 1985-1992 жылдары аралығында Алматы темір жол инженерлері институтында оқыдым. Арасында 1986-1988 жылдары Германияда Кеңес Армиясы қатарында әскери борышымды өтедім. Жоғары оқу орнын бітірген соң еңбек жолын 1992 жылы Арыс станциясында поезд құрастырушыдан бастадым. 1993 жылы осы станцияда станция кезекшісі, сол жылы Түркістан станциясына ауыстырылып, парк кезекшісі, 1996 жылы станция кезекшісі, 1996-1997 жылдар аралығында станция бастығының орынбасары болдым. Ал, 1997 жылы Шымкент жол бөлімшесінде коммерциялық ревизор, Түркістан станциясы бастығының орынбасары, 1998 жылдың мамыр айынан бастап Түркістан станцияның бастығы қызметін атқарып келемін. Отбасылы 2 ұл, 1 қызым бар.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан:
Қуаныш ТАСЫБАЕВ.