Тоқаев астаналық еріктілер мен жанкүйерлерге алғыс білдірді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ұлттық құрамасының жеңісі туралы жылы лебізін білдіріп, елордалық еріктілер мен белсенділерге алғыс айтты, деп хабарлайды Infonews.kz сайты.
Президент Instagram-парақшасында Қазақстан ұлттық құрамасының жеңісі туралы жазба жариялады.
“Біздің ұлттық құраманың Солтүстік Ирландияның мықты командасымен алаңдағы кездесуін қызыға тамашаладым. Ойын өте қызықты әрі тартысты өтті. Қазақ футболшылары қарсылас командаға төтеп беріп, 1:0 есебімен лайықты жеңіске қол жеткізді. Қазақстан ұлттық құрамасы және олардың мыңдаған жанкүйері үшін қуаныштымын”, – деді Тоқаев.
Сондай-ақ, ол еріктілер мен жанкүйерлерге алғысын білдірді.
“Әсіресе “Астана жастары” мен басқа да ұйымдар еріктілерінің, сондай-ақ, жекелеген азаматтардың, белсенділердің үлгі аларлық ісін айрықша атап өткім келеді. Олар ойыннан соң стадионда қалып, трибунадағы қоқысты жинап шықты. Футболшыларымызды және жастарымызды мақтан тұтамын”, – деп жазды Мемлекет басшысы.