Туристердің қауіпсіздігі үшін құрылған туристік полиция

0
120

Туристердің қауіпсіздігі үшін құрылған туристік полиция қызметі бүгінде қандай шаруалар атқарып үлгерді? Көкейдегі осы сұраққа жауап алу мақсатында жақында біз туристік полициялармен тілдескен едік.

– Біздің негізгі мақсат – өңірге келген туристерді қызықтырған сұрақтарға жауап беру, қажет жағдайда қол ұшын созу, – дейді Түркістан қалалық полиция басқармасы, көші-қон қызмет бөлімінің туристік полиция тобының аға инспекторы, полиция майоры, туристік полиция Нұркен Әлімбеков.

– Қазақстан дамушы мемлекет болғандықтан, соңғы жылдары елімізде атқарылып жатқан жұмыстар өте көп. Соның бірі – туризм саласындағы жұмыстар. Тарихи-мәдени орындары көп Қазақстан – туристік әлеуеті зор мемлекет. Елімізге келуші туристер саны жылдан-жылға артуда. Оларға қолайлы жағдай жасау, сапалы қызмет көрсету – басты назарда тұр. Осыған орай, Ішкі істер министрлігі тарапынан туристік полиция қызметі ашылды. Қазіргі таңда біз туристер көп келетін «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі маңында жұмыс істеудеміз.

«Туристік полицияның негізгі міндеті не?» деген сауал бізге жиі қойылады. Негізгі міндет – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыспен күресу, әкімшілік құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын-алу. Бір қуанарлығы, кесенеге келетін туристерде мәдени дағды жоғары деңгейде қалыптасқандықтан, қорық-музей маңында құқық бұзушылық оқиғасы тіркелмеді. Тіркелмейді деген үміттеміз. Туристерге көркем мінезбен, жалпақ тілмен түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. «Былай істеуге болады, ал, былай істеуге болмайды» деп барынша түсіндіреміз. Бас салып қатаң шара қолдану деген жоқ. Біздің ықыласты сезінген туристер «рахмет» деп қазақ тілінде алғыс жаудырып жатады. Немесе тіл білмеген күнде бас изеп, жылы шырай танытады. Бұл өз кезегінде қос тараптың да көңіл-күйін көтереді.

Негізінен, біз мұнда шетелдік қонақтарға консультациялық қызмет көрсетеміз. Мысалы, олар бізден юристік кеңестерден бөлек, Иасауи кесенесі, Шығыс моншасы, Жер асты мешіті секілді нысандар жөнінде мәліметтер сұрап қалатын кездері болады. Сонда біз «гид емеспіз» деп бас тартпай, оларға барынша қанағаттанарлық деңгейде жауап береміз.

Сонымен қатар, олар бізден жақын жердегі тамақтану орындары, сауда қатарлары, қонақ үйлер жөнінде сұрайды. Қай жерге көліктерін қоюға, қай жерден дәрі алуға болатындарын сұрайды. Біз оларға қажетті мәліметті сұраған тілдерінде береміз. Біздің қызметкерлер ана тілдерінен бөлек, халықаралық ағылшын, орыс тілдерінде сөйлей алады. Алдағы уақытта түрік тілінде де қызмет көрсету жоспарда бар.

 

Leave a reply