ТІГІНШІ ЖАҢАБЕК АШИРБАЕВ НАҒЫЗ ЕҢБЕК АДАМЫ
«Әр адам өз саласының жетістігіне жету үшін, алдымен сол мамандығын жақсы көру қажет». Бұл Кентау қаласындағы аяқ-киім тігіншісі Жаңабек Бекжігітұлы. Қала тұрғындарына риясыз қызмет етіп келе жатқанына 30 жылдан асқан.
Екінің бірінің қолынан келе бермейтін бұл кәсіпті тігінші ағамыз бар ынтасымен жасайды. Еңбекте тиянақтылықты, шеберлікті, шыдамдылықты талап ететін бұл жұмысына қатты берілген. Өзі айналысып қана қоймай, аяқ-киім тігіншіліктің қыр-сырын жетік меңгеріп, 10-ға жуық шәкіртке етік тігуді үйреткен. Қазірде шәкірттері әр қала, ауылда осы кәсіп түрімен жұмыс жасайды.
«Әрине, жұмыстың оңайы жоқ. Осы істі әкемнен үйрендім. Әкем өте сабырлы, тиянақты кісі болатын. Мендегі осы іске құштарлық мүмкін, сол кісіден дарыған болар. Келген тапсырысты уақытында орындап,тұтынушыларымның сенімін барынша ақтауға тырысамын. Ата-бабаларымыз «Ерінбеген етікші болады» деген сөзді бекер айтпаса керек», – дейді Жаңабек Аширбаев
Бүгінде Жаңабек ағаның 2 баласы 5 немересі бар. Адал еңбек, маңдай термен жасаған жұмысының арқасында балаларына сапалы білім оқытып, жоғарғы оқу орындарын бітіруге мүмкіндік жасаған. Игі ісімен көпке үлгі Жаңабек Бекжігітұлын жерлестері айқын танып, құрметпен еңбегін бағалайды.