ТҮЛКІБАСТАҒЫ МӘДЕНИЕТ ҮЙЛЕРІН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

0
57

Өңірде бірқатар әлеуметтік нысандар күрделі жөндеуден өтіп, ел игілігіне пайдалануға берілуде. Осы орайда Түлкібас ауданына қарасты елді мекендердегі мәдениет ошақтарына жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәдениет ошағы-ауылдың рухани айнасы. Мәдениеті дамымаған ел ешқашан алға жылжымайтыны баршаңызға аян. Сол себептен, барлық саламен қатар мәдениет саласының дамуы да қалыс қалмауы керек.

Бүгінде Түлкібас ауданында 15 ауылдық округте 26 мәдениет ошағы бар. Оның 9 мәдениет үйі болса, 17 ауылдық клуб. Аталған нысандардың дені ертеректе салынып, бүгінгі таңда біршамасы ағымдағы жөндеуді және ауласын ретке келтіруді қажет етеді.

Сондай жөндеуді қажет ететіндердің қатарындағы Шақпақ-баба, Кемербастау ауылының мәдениет үйі мен Пістелі ауылының клубына биыл ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Аталған нысанның біріне аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов арнай барып, атқарылып жатқан жұмыстың барысын бақылады. Мәдениет үйінің меңгерушісімен бірге ауласын аралап, ол жерде анықталған кемшіліктерді жоюды тапсырды.

Қазіргі таңда Шақпақ-баба мәдениет үйінің алдындағы 240 шаршы метр аумағы абаттандырылып, арнайы плиткалар төселіп, жаңа қақпа және екі дана беседка қойылды. Мәдениет үйінің кіре берісіне 4 метр бастырма орнатылды.

Кемербастау мәдениет үйінің алдындағы 800 шаршы метр абаттандырылып, арнайы плиткалар төселеп, екі заманауи орындық пен қоқыс тастайтын урналар және гүл егетін вазондар орнатылса, Пістелі ауылының клубының шатыры мен жылу жүйесі жаңартылып, жаңа терезелер қойылды.
Айта кетерлік, бүгінгі таңда елді мекендердегі мәдениет ошақтарында 76 түрлі үйірмеде мыңға жуық өнерге қызығушы бала бос уақыттарын тиімді өткізуде. Одан бөлек округтердегі аналар мен әжелер ұйымдары түрлі тәрбиелік мәні бар семинарлар өтіп тұрады.

Leave a reply