Thursday, November 21

ТҮЛКІБАСТАҒЫ ТОННЕЛЬ ЕЛ ИГІЛІГІНЕ ҚАШАН БЕРІЛЕДІ?

0
159
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түлкібас ауданына жұмыс сапарында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің Шақпақ баба ауылындағы жер асты жолының (тоннель) құрылыс жұмыстарымен танысты.
Жобаның жалпы құны – 8,5 млрд. теңге. Оның ішіне Жаскешу- Шақпақ ауылдары аралығындағы 40 шақырым автомобиль жолының құрылысы да қамтылады. Тоннелдің ұзындығы – 840 метр, ені – 13 метр. Құрылыс бірнеше жыл бойы әлі жалғасып келеді. Нақтырақ айтсақ, Тұрар Рысқұлов елді мекенінің айналма жолын (40,5 шақырым) және әрқайсысының ұзындығы 840 метр болатын екі жолақты тоннель салу жоспарланған. Қазіргі уақытта жолдың құрылысы аяқталып, жалпы ұзындығы 3,8 шақырым құрайтын тоннелге кіреберіс жолдары қалып отыр. Ал тоннелдің құрылысына келсек, «Тараз-Шымкент» бағытында бұрғылау-жару жұмыстары және монолитті бетонмен тұрғызу жұмыстары толық аяқталған. Жол жабыны мен дренаж құрылғысы үшін дайындық жұмыстары жүргізілуде. Оң жақ тоннель, яғни, «Шымкент-Тараз» бағыты бойынша бұрғылау-жару, сондай-ақ 345 метр монолитті бетонмен салу жұмыстары атқарылуда. 2023 жылдың соңында аяқтау көзделіп отыр.
Облыс әкімі құрылыс жұмыстарының баяу жүргізіліп жатқанын сынға алып, бас мердігер «EVRASCON» компаниясы (Әзербайжан республикасы) өкілдеріне жұмысты ширатуды тапсырды. Осы құрылысқа қатысты мемлекеттік орган басшыларына жобаны қадағалап, соңына дейін жеткізу керектігін айтты.
Одан кейін Дархан Сатыбалдыға Түлкібас аудандық №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жағдайы таныстырылды. Бұл ғимарат 1904 жылы салынған. Алғашында шіркеу болып ашылған. 1987 жылы «Түлкібас аудандық №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» болып аталған.
Аталған спорт мектебінің спортшылары 2022-2023 жылдары облыс чемпионатында 7 алтын, 10 күміс, 14 қола, Қазақстан Республикасының чемпионатында 6 алтын, 3 күміс, 6 қолаға қол жеткізген.
Қазіргі таңда ғимарат тозған. Спортшыларға арнайы киім ауыстыратын, жуынатын бөлмелері қарастырылмаған, қолайлы жағдай жасалмаған. Осыған байланысты Шақпақ баба ауылына заманауи жаңа спорт мектебін салу қажет. Спорт мектебінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге қаржы бөлінуі тиіс.
Өңір басшысы бұл мәселе зерделеніп, тиісті шешім қабылданатынын жеткізді. Бұқаралық спорттың маңызды екеніне тоқталып, жауапты басшыларға мәселені бақылауға алуды тапсырды.

Leave a reply