ТҮЛКІБАСТА ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ БЕЛСЕНДІ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Биыл Түлкібас ауданына тиісті басқарма тарапынан 19 млрд.946 млн.теңге инвистиция тарту жоспары бекітілген. Бүгінгі таңда ауданға 7 млрд. 300 млн.теңге инвестиция тартылып отыр. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 116,9 пайызға орындалған.
Бұл жайында аудан әкімі Нұрлан Байғұттың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық жиында экономика және қаржы бөлімінің басшысы Т.Есембаева баяндады.
Жиында сонымен қатар, биылғы жылу беру маусымындағы орын алуы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары пысықталды. Жылу беру маусымына дейін халыққа улы газдан уланудың алдын алу және өрт қауіпсіздігі шараларын насихаттау бойынша аралау жұмыстарын күшейтуді тиісті мекеме мен ауыл әкімдеріне жүктеді. Түсіндіру жұмыстарына қажетті жадынама парақшалары мен үгіт-насихат құралдарын шығаруға қаржы қарастырылатындығын атап өтті.
Нұрлан Мархабатұлы тиісті бөлім басшылары мен ауыл әкімдеріне 9-айдың қорытындысымен барлық индикаторлық көрсеткіштердің орындалуы бойынша жұмысты жандандыруды тапсырды. Негізгі индикаторлық көрсеткіштердің орындалуына жауапты дербес бөлім басшылары да күн тәртібіне сай баяндама жасап, алдағы жұмыс жоспарларын бекітті.
Аудан бойынша ағымдағы жылы біршама мәселелер шешімін тапқан. Биыл бір мектеп осы оқу жылының басында, яғни, қыркүйекте берілсе, 2 білім ұясы жыл соңына дейін тапсырылмақ. Сонымен қатар 1 мектепке қосымша корпус салынуда. Биыл жыл басында халық санының артуына байланысты үш мектепке қосымша корпус бой көтеріп, пайдалануға берілген.