ТҮЛКІБАСТА МАУСЫМЫНА 3 МЫҢ ТОННА ЖЕМІС-ЖИДЕК ӨҢДЕЙТІН ӨНДІРІС ОШАҒЫ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ
Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының өндіріс ошақтарын ашып, аймақтың әлеуметтік-экономикасының дамуына қарқын беру, сол арқылы жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып, әл-ауқатын арттыру тапсырмасына сәйкес Түлкібас ауданында ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Соның бірі, Мичурин ауылдық округіндегі «Түлкібас жеміс-жидектері» ауылшаруашылығы өндірістік коперативі биылғы жылы аудан әкімдігінің тікелей қолдауымен 1 млрд. 1 жүз млн. теңгеге жеміс-жидекті өңдеу жобасын іске асыруда.
Бүгін аталған нысанға аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов жауапты мамандармен арнайы табан тіреп, нысанның құрылыс барысын бақылап, ауқымды жобаны жүзеге асырып жатқан кәсіпкер Бейбіт Төлешовпен сұқбаттасты. Мемлекет тарапынан қандай да бір көмек қажет болған жағдайда Заң талаптарына сай қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізіп, кәсіпкерге сәттілік тіледі.
Жалпы аумағы 2200 шаршы метрді құрайтын кәсіпкерлік нысанның іске қосылуына жоспарланған 1 млрд. 100 млн. теңге қаржының 122 млн. теңгесі кәсіпкердің өз қаржысы, 350 млн.теңгесі мемлекеттік қайтарымсыз грант есебінен, қалғаны жеңілдетілген несие арқылы қаржыландырылуда.
Бұл жерде маусымында 3 мың тонна алмадан 0,2 литрлік 16 млн. 300 мың дана дайын ыдыстағы шырын, 90 тонна кептірілген жеміс, 100 тонна кептірілген алма ұнтағын және 50 тонна балар тағамын(пюре) өндіру жоспарлануда.
Кәсіпкер шикі затты да өзі өндірмек. Яғни, өзінің 360 гектар алма бауынан шыққан өнімінің сақтауға жарамай қалған бөлігін осы өндіріске жібермек.
Қазіргі таңда негізгі нысанның құрылысы толығымен аяқталған. Алдағы күндері шатырын жабу және іші, сыртын әрлеу жұмыстары атқарылмақ. Бұл жұмыстар аяқталғаннан соң Қытай елінен қажетті құрылғылар алынып, оны орнату жұмыстары атқарылатын болады.
Өндіріс орны толық іске қосылған жағдайда 35 адамға тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде.