Вторник, 17 сентября

ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА ЕКІ АУЫЛДЫҢ АУЫЗ СУ ЖҮЙЕСІ ТОЛЫҒЫМЕН ЖАҢАРТЫЛУДА

0
55

Биыл Түлкібас ауданына қарасты Жабағылы ауылының Кеңес одағы кезінде тартылған су құбыры толығымен қайта құрылымдаудан өтпек. Бұл жерде 45 жылдан астам уақыт бұқараға қызмет етіп келген 49 шақырымнан астам су құбыры толығымен жаңартылып, нәтижесінде 403 абонент жаңа жүйеге қосылып, 24 сағат сапалы ауыз сумен қамтылмақ.
Аталған елді мекенге аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов жауапты мамандармен бірге арнайы барып, ауылдың белсенділері және мердігермен бірге нысанды аралап, құрылыс жұмыстарының барысын бақылады.
Жауапты мердігерге құрылыстың сапалы болуын ескертіп, құбыр тарту жұмыстарын бірінші кезекте биыл ауылдағы жөндеуден өтетін көшелерден бастау керектігін атап өтті.
Ағымдағы жылы шетел туристерінің сүйікті орнына айналған Жабағылы ауылының асфальт жабындысы төселмеген 7 көшесіне «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Айта кетерлік, дәл осындай ауыз су жүйесін толық жаңарту жұмыстары Түлкібас ауданына қарасты Машат ауылдық округі Машат ауылында да атқарылуда. Ол жерде 32 шақырымнан астам су жүйесі тартылып, 357 абонентті жаңа су жүйесіне қосу жоспарлануда.

Leave a reply