ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА ТАЗА ҚАЗАҚСТАН АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА 29 САЯБАҚТЫҢ АУМАҒЫ РЕТКЕ КЕЛТІРІЛДІ
Мемлекет басшысы Қ.Ж.Тоқаевтың бастамасымен елімізде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» науқаны Түлкібас ауданында қарқынды өтуде. Жалпы акция аясында аудан аумағындағы 29 саябақтар мен аллеялар аумағы тазартылып, толық реттеліп, көгалдандыру жұмыстары іске асты.
Сонымен қатар «Ардагерлер» саябағының аумағын тазартып, ретке келтіру жұмыстарына Түлкібас ауданының Германиядағы кеңес әскерлері және Варшава келісім-шарт тобының филиал төрағасы Дүйсебаев Асанбек Қалдыбайұлы бастаған ардагерлерміз үлес қосты.
Зейнеттік жастағы ағаларымыз «7-мамыр Отан қорғаушылар күні» қарсаңында демалыс орнының аумағын күл-қоқыстан тазартып, шөптерін шауып, абаттандыру жұмыстарына ат салысты. Өз қаржылары есебінен саябақ атауы жазылған арка орнатуға мұрындық болды.
Бұдан бөлек науқан аясында аймақта 67 көпқабатты үй ауласы, 19 балалар және спорт алаңшасы реттеліп, ол жердегі орындықтар мен қоршаулар сырланды. 441 көше бойлары, 115 шақырым аяқ жол, 152 шақырымнан астам көпір мен өзендер арнасы, 31 шақырымнан астам иригациялық жүйелер күл-қоқыстан тазартылды. Елді мекендерді көгалдандыру мақсатында 29 мыңнан астам сәнді және тағыда басқа ағаш түрлері мен 12 мыңнан астам гүл көшеті отырғызылды. 100 астам бұлақ көздері ашылып, аумағы тазартылды. Жалпы сенбілікке 14 мыңнан астам түрлі мекеме қызметкерлері мен еріктілер ат салысты. Аудан аумағында тазалық жұмыстары жалғасын табады.
Айта кетейік, Түркістан облысында «Таза Қазақстан» республикалық экоакциясы бойынша 1400-ден астам шара өткен. «Таза Қазақстан» республикалық экоакциясының 5 апталығында облыс аумағында 150 мың түп ағаш отырғызылып, 175 мыңға жуық ағаш әктелді. Сондай-ақ, 40 024 шаршы метр аяқжолдар тазаланып, 346 саябақ және скверлер ретке келтірілді. Бұдан бөлек, 302 мыңнан астам жеке үйлердің және 1 767 әлеуметтік нысандардың айналасы тазаланып, барлық аудан-қалалардағы су, өзен бойларында сенбіліктер өтті. Нәтижесінде 3 981 тонна қоқыс шығарылды. Айта кетерлігі, тазалық және абаттандыру жұмыстары жыл соңына дейін жалғасатын болады.