ТҮРКІСТАНДАҒЫ ЖАҢА ЖОБАЛАР ӨЗ НӘТИЖЕСІН БЕРДІ МЕ?
Түркістан қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Халықты жұмыспен қамту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 2022 жылға арналған кешенді жоспарына сәйкес биылғы жылға Түркістан қаласы бойынша 5255 кешенді жоспар берілген. Атап өтетін болсақ қоғамдық жұмыс орнына 950 адамға жоспар беріліп, соның 538-і жұмыспен қамтылған. Ал әлеуметтік жұмыс орындары бойынша 240 адам жоспарланып, соның 99-на жұмыс берілген, тұрақты жұмыс орындары бойынша 3000 адамға жұмыс беріліп, бүгінгі күнде 647 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылған. Жастар практикасы бойынша жоспарға сәйкес 500 адамға жұмыс беру қарастырылған, сәуір айынан бастап есептегенде жалпы 85 адам қабылданып, өз жұмысын атқарып жатыр.
Қала тұрғындарына арналған тағы қандай жобалар бар?, деген сұраққа Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Ақмарал Пернебекқызы былай деп жауап берген болатын.
«2022 жылға арналған жаңа «Алғашқы жұмыс орны» деп аталатын жоба бар. Бұл жоспарға 30 адамға жолдама берілген. Мамыр айынан бастап алғашқы жұмыс орнына орналастырамыз. Сонымен қатар, ұлттық жоба аясында «Күміс жас» бағыты қосылды. «Күміс жас» жобасына жұмыссыз, егде жастағы адамдар жіберіледі. Жалақысы 30 айлық көрсеткішті құрайды. Бұл жобаға да 30 адамды жіберу жоспарланған болатын. Маусым айынан бастап беріледі, қазір түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ұрпақтар келісім шартына биылғы жылға жоспарға сәйкес 5 адам бекітіледі. Алғашқы жұмыс орындарының негізгі мақсаттары Президент жолдауына байланысты алғашқы жұмыс орнына мүлдем жұмыс істемеген, міндетті зейнетақы жарнасы жоқ жастарды жолдаймыз. Ең бірінші кезекте 29 жасқа дейінгі жастар мен «neet» санатындағы жастар, яғни не жұмыс істемейтін, не оқымайтын, не өзге де істермен айналыспайтын адамдар мен оқуды бітірген жастар қабылданады. Мектепті аяқтап, оқуға түспей қалған жастарда алғашқы жұмыс бағдарламасы аясында жұмысқа орналаса алады. Жұмыспен қамту орталығы жұмыс іздеуші үшін, 18 ай бойы жалақыны субсидиялап отырады. Белгіленген уақыттан кейін жұмыс беруші өзіне тұрақты жұмыс орнына алып қалуы қажет», – деді мекеме директоры.
Сонымен қатар, «Ұрпақтар келісім шарты» деп аталын жоба арқылы егде жастағы, зейнеткерлікке 6 ай қалған адамдардың орнына жастарды жібереді. Бұл жерге 29 жасқа дейінгі ЖОО немесе колледждерде оқыған жастар жіберіледі, және 6 айдан кейін тұрақты жұмысқа қалуға міндеттелген. Оларды да 6 ай жұмыспен қамту орталығы жалақысын субсидиялап отырады. Айта кететін жағдай, жұмысқа тұрушы маманның дипломының уақыты екі жылдан аспауы керек.
Қоғамда осындай жобалар арқылы жұмыс жасайтын адамдар көп. Соның бірі Түркістан қалалық «Жер қатынастар» бөлімінің мұрағатында қоғамдықпен жұмыс істейтін Кенжекүл Бекмурзаева.
«Мен қалалық «Жер қатынастары» бөліміне 2020 жылы жұмысқа қабылданып, денсаулығыма байланысты жұмыстан шығып, 2022 жылдың ақпан айынан бастап қайта қабылдандым. Мені қоғамдықпен жұмысқа қабылдап отырған мекемелерге рахмет.Себебі жұмыссыз қарап жүргеннен, жұмыс істеп көпшілікпен араласқан жақсы. Қазіргі таңда көп балалы аналардың денсаулық жағынан кедергілер көп кездеседі. Сол себепті қоғамдықпен болсада жұмысқа орналасу қарастырылса жақсы деп ойлаймын. Егер ұсыныс болып жатса алдағы уақытта да қоғамдықпен жұмысымды жалғастырамын. Бірақ, менің жеке басыма айлық көрсеткіші аз деп ойлаймын. Себебі 6 балам бар, бәрі мектепте оқиды. Расын айтқанда айлықты жеткізе алмаймын», дейді Кенжекүл Бекмурзаева.
Жалақысы 30 айлық есеп көрсеткіш (91750 теңге) деп айтылғанымен, қолға беретіні 72000 теңге ғана деп атап өтті жастар практикасымен жұмыс істейтін Ақмарал Сейдаш.
«Шымкент қаласындағы «Ақпараттық коммуникациялық орталығында» ақпарат бөлімінде 2021 жылдың 24 қаңтарынан бастап жастар практикасымен жұмыс жасап жатырмын. Жастар практикасы бойынша айлық әлі де тиімсіз. Қазір біздің мекемемізде арнайы жобалар арқылы, яғни жастар практикасы мен қоғамдық бойынша жұмыс жасап жатқандар көп. Алдағы уақытта тұрақты жұмысқа ауыстырса осында қалып, жұмыс жасайтын едім», – деді жас маман.
Жақында ғана жұмыс іздеп жүрген азаматтар үшін Түркістан қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Халықты жұмыспен қамту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткен болатын. Халықты жұмыспен қамтудың 2022 жылға арналған жоспарына сәйкес, «Кәсіпкерлікті дамытудың Ұлттық жобасы» аясында 500 түлекке жастар практикасы, 240 азаматқа әлеуметтік жұмыс орындары, 500 тұрғынға қоғамдық жұмыстар, 30 азаматқа алғашқы жұмыс орындарын ұйымдастыру көзделіп отырғандығы жөнінде ақпараттар алған едік.
Енді қорыта айтқанда жұмыспен қамту орталығы қала тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етуге бір кісідей күш салуда. Алайда, мемлекеттік бюджеттен бөлініп жатқан қаражат өз нәтижесін беріп жатыр ма? Әр түрлі бағдарламалар арқылы, яғни жастар практикасы мен қоғамдық бойынша жұмыс жасап, уақыты аяқталған соң сол мекемеге тұрақты орналасқандығы немесе жұмыстан шығып кеткендігі жөнінде орталықтың директоры Ақмарал Пернебекқызынан нақты тізім мен санын сұрағанымызда бұл туралы ақпараттарды бере алмайтындығын жеткізіді.
Қаламызда жастар практикасы мен қоғамдық бойынша жұмыс жасап жатқандар көп-ақ, алайда уақыты аяқталған соң, сол жерде тұрақты жұмысқа орналасып, қалып жатқандар жоқтың қасы.