ТҮРКІСТАНДА АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫ ҚАНДАЙ?

0
117

Қазіргі таңда елімізде азық-түліктің бағасы күрт өсіп, өнімдердің тапшы­лығы сезіліп жатыр. Азық-түлік өнімдерінің бағасын қалыпты деңгейде ұстап тұру, нарықтық бағадан төмен бағада өнім сату мақсатында тұрақтандыру қоры құрылып, оған өткізілген өнімдер тұрғындарға әлеуметтік дүкендер мен сауда орындары арқылы ұсынылатыны белгілі. Осы орайда, «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағаларын тұрақтандыру үшін қандай қызметтер атқарып жатқандығын ізденген едік.

Түркістан қаласы бойынша тұрақтандыру қорында 2021 жылдың есебімен салыстырғанда 5 749,7 тонна азық-түлік тауары болған. Оның бағасы 547,1 млн. теңгені құрайды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексіне сәйкес еліміз бойынша Түркістан қаласы 19 қаланың ішінде 14-орында тұрғандығын «Түркістан» ӘКК тұрақтандыру қорының басшысы Лаура Жанасбаева хабарлаған еді. «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы өкілдерінің айтуынша, биылғы жылы тек тұрақтандыру қорына, «Азық-түлік келісім шарт корпорациясынан» 325 теңгеден 136 тонна қант сатып алынған екен. Ал осыған дейін 2018 жылы сатып алынған килограмы 85 теңгеден картоп, 72 теңгеден сәбіз халыққа сатылуда. Облысымызда азық-түлік бағаларын тұрақтандыру жұмыстары кезең-кезеңмен жүзеге асырылып келеді. Осы жұмыстар аясында Әлеуметтік тұрақтандыру қоры арнайы дүкендер мен ірі сауда орталықтарында қордың тауарлары қойылған бұрыштар ұйымдастырған болатын.

ӘМАТ бағаларын тұрақтандыру бойынша ҚР ҰЭМ статистикалық мәліметіне сәйкес ӘМАТ баға индексы бойынша еліміздегі 19 қала ішінде Түркістан қаласы 13 (101,8%) орында. Республика бойынша ӘМАТ баға индексі 101,3% құраған екен. Бүгінгі таңда тұрақтандыру қорында жалпы құны 939 млн. теңгенің 10 328 тн. тауары бар болса, соның ішінде тұрақтандыру қорының – 3 716,1 тн. (299 млн. теңге) , «Айналым схемасы» шеңберінде – 6612,0 тн. (640,0 млн. теңге) құрайды.

Қазірде сауда орындары мен дүкендер сөресіндегі азық-түлік бағаларының күн сайын өсіп, бағасының тұрақсызданып жатқандығы баршамызға мәлім дүние.

Тұрақтандыру қоры халық үшін тиімдірек, себебі бағасы нарықтағы бағадан біршама төмен болады. Қазіргі таңда тұрақтандыру қоры екі әдіспен ұйымдастырылып жүзеге асырылады. Біріншісі тұрақтандыру қорына өнімдер сатып алу, екіншісі механизм «Айналым схемасы» бойынша кәсіпкерлік субектілеріне займ беру арқылы әлеуметтік маңызы бар тауалардың бағасын тұрақтандыру болып табылатынын Лаура Сақтағанқызы мәлімдеді.

Сонымен қатар, Түркістан аумағында 14 әлеуметтік дүкен мен 5 сауда үйлерінде 18 түрлі (сиыр етінен басқасы) азық-түлік тауарлары сатылуда. Мәселен, картоп – 100 теңге, сәбіз – 100 теңге, пияз – 70 теңге, тұз – 42 теңге. Ал тұрақтандыру қоймасынан – күріш – 245 теңге, рожки – 186 теңге, қант – 315 теңге, ұн – 150 теңге, күнбағыс майы – 700 теңге, қарақұмық – 450 теңге, жұмыртқа – 34 теңге, тауық еті – 870 теңге, қырыққабат – 110 теңге көлемінде сатылып жатыр.

2015 жылы Түркістан әлеуметтік корпорациясы акционерлік қоғамына 1 млрд 840 млн теңге бөлінген. Ал одан кейінгі уақыттан қазіргі күнге дейін ешқандай қаржы бөлінбеген көрінеді. Бұл қаржы облыс көлемін қамтамасыз етуге жеткіліксіз болып саналады. Дегенмен, қазіргі таңда Түркістан қаласында әлеуметтік дүкендер мен сауда орындарында ашылған әлеуметтік бұрыштарда тұрақтандыру қорының өнімдері белгіленген бағада сатылу ұйымдастырылып жатыр. Аудандарда әлеуметтік дүкендер жоқ болғанына қарамастан, бүгінде көлік үстінен сату ұйымдастырылып, тұрақтандыру қоры Түркістан қаласына жақын орналасқан аудан орталықтарында жәрмеңке ұйым-дастыру арқылы бағаны тұрақтандыруға өз үлестерін қосып жатыр.

Қаржының жеткіліксіздігі, толық деңгейде қамтамасыз ете алмау салдарынан қосымша облыстық бюджет есебінен алдағы уақытта 1 млрд теңге бөлу мәселесі бойынша мәслихат сессиясына шығарылып, қаржы бөлінеді дейді тұрақтандыру қорының мамандары. Негізінен нарықта болып жатқан бағаның өсуі (қант, қырыққабат басқа да азық-түліктер) тек Түркістан облысында ғана емес, республика көлемінде қымбаттап жатқандығы белгілі. Ресей мемлекетінің шекарасының жабылуына және доллардың қымбаттауына байланысты сырттан келетін өнімдердің бағасына да әсер етті. Сонымен қатар, маусым аралық кезеңде ерте пісетін өнімдердің бағасына да өз әсерін тигізбей қоймасы анық.

Бағаны тұрақтандыру үшін қосымша бөлінетін қаражаттың есебінен, сауда орындарында әлеуметтік бағада сатылатын дүңгіршектерді көбейту мақсатында жұмыс істеп тұрған сауда орындарының келісімімен Түркістан қалалық әкімдігімен бірлесіп 30 шақты әлеуметтік бұрыштар ашу үшін келісімдер алынып, жұмыстар басталып кетті. Сонымен қатар, үкімет тарапынан берілген тапсырмалар негізінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, алдағы жоспарларына байланысты тиісті жұмыстар атқарылып жатқандығын түсіндірді.

Айта кетерлік жайт, баршамызға белгілі Түркістан қаласының тұрғын-дары мен қала қонақтары үшін Экобазар ашылған болатын. Экобазар – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыруға бағытталған базар болып табылады. Өндірушілердің өнімдерін делдалсыз тікелей сату жүйе-сін қалыптастырады және Түркістан өңірінің барлық өнімдері ұсынылады. Эко базардағы 900 орын – азық-түлікке арналған екен. Ол жерде халыққа тиімді бағада жәрмеңкелер ұйымдастырылып тұрады. Атап айтар болсақ, 2022 жылдың басынан бері 10 азық-түлік тауарларының жәрмеңкесі өткізілді.

Жәрмеңкеде 5,0 млн. теңге сомасына 30,1 тонна тауар сатылған. Әр сенбіде Түркістанда Экобазарда азық-түлік тауарлары жәрмеңкесінде тауарлар нарықтық төмен бағада тұрақты сатылуда. Осы кезеңде тұрақтандыру қоры әлеуметтік павильондар, 28 жәрмеңкеде сомасы 34,3 млн.теңгеге 274 тонна азық-түлік тауарлары сатылса, жалпы жәрмеңкелер арқылы 39 млн.теңгені құрайтын 304 тонна тауарлар сатылған.

Leave a reply