Thursday, November 21

ТҮРКІСТАНДА АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР ЖЕТЕРЛІК

0
130

Жалпы жер аумағы 22 400 гектар аумақтан тұратын, халқының саны 200 мыңнан асатын облыс орталығының түрленуге жол алған келбеті тілге тиек болды. Бүгінде 6 секторға бөлініп өркендеу жолына қадам басқан шаһарда атқарылған жұмыстар, сондай-ақ қордаланған мәселелер де жетерлік.

Тарқатып айтар болсақ, әрбір секторларда инфрақұрылым бойынша едәуір жұмыстар оң шешімін тапқан. Дегенмен ауыз сумен қамтамасыз етілу жөнінен кейбір көшелерге су кіргізілмеген. Енді осының барлығы ескеріле отырып, жобалық-сметалық құжаттар дайындалған. Қазіргі таңда республикалық бюджеттен қаржы қарастырылған. Жыл соңына дейін жүз пайыз қамтамасыз етіледі деп күтілуде. Бұның барлығы «Түркістан-су» мемлекеттік мекемесінің теңгерімінде. Барлық қажетті құжаттарды заңдастыру жұмыстарын өткен жылдың соңында толықтай аяқталған. Ендігі кезекте қалып кеткен кейбір көшелерді, яғни судың сорғысы жетпейтін, болмаса тозығы жеткен су құбырларын реттеу бойынша да жоспар бекітілген. Анығы облыстық, қалалық бюджеттен қаржы қаралған. Бұл жоспарда жыл соңына дейін аяқталмақ. Сарқынды су бойынша толыққанды қамтамасыз ету алдағы екі жылға жоспарланған. Нақты қай көшелерде, қандай жөндеу жұмыстары қолға алынатыны туралы арнаулы баннер жасалып, қатысты орындарға ілініп қойылатын болады.

Енді бір өзекті дүние жол мәселесі сарқынды су құбырларын жүргізу аяқталып, болысымен атқарылатынын айта кеткен жөн. Бұның барлығы кезең-кезеңімен, өз ретімен жүргізілгені орынды болып табылмақ. Ал, газ саласы тілге тиек болғанда Тоқаш Бокин көшесіндегі 15 тұрғын үйді құжаттандыру жұмыстары қолға алынып жатыр. Жалпы, 40527 абонент болса, соның 35000 абоненті толыққанды газбен қамтамасыз етілген. Жеке тұрғын үй есебінен 5000-ға жуық тұрғындарды алдағы уақытта газдандандыру мәселесі жоспарланған. Сонымен қатар, Отырар мөлтек ауданында көп қабатты 36 әлеуметтік тұрғын үйге байланысты газбен қамтуды мақсат еткен жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Жылу орталығында тозығы жеткен құбырларды алмастыру мақсатында қалалық бюджет есебінен жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Сонымен бірге ең бір күрделі мәселелердің бірі ретінде 1, 2 мөлтек аудандардағы жылу құбырларын алмастыру алдағы уақытта қала бюджеті есебінен атқарылмақ.

Бүгінгі таңда қалада 845 шақырым жол болатын болса, соның ішінде 127 шақырым топырақ жолдар қалды. Оны сәуір айының соңына дейін аяқтау көзделген. Облыстық бюджет есебінен 2 миллиард 400 миллион қаражат бөлінсе, қосымша бюджет есебінен нақтылануы кезінде қаржы қарауға ұсыныс берілді. Нәтижесінде қанағатты жағдайдағы жолдарды арттыру мақсатында алдағы тоғыз айдың қорытындысы бойынша топырақ жолдар мүлде болмайды. Осы көрсеткішті 60 пайызға дейін жеткізу көзделген.

Келесі мәселе секторлардағы кездесулерде маңызды түйткіл ретінде аяқ жолдар көбірек көтерілді. Балалардың мектепке дұрыс барып-келуін қамтамасыз ету мақсатында бірінші жарты жылдықта атаулы мәселенің жартысына жуығын аяқтатып, жыл соңына қарай, қажеттілікті толық бітіруге жұмыс жасалмақ.

Жарықтандыру мәселесіне бүгінгі таңға дейін 8 млрд қажеттілік туындап отыр. Қала көшелерін жарықтандыруды жыл соңына дейін екі кезең бойынша жүзеге асырмақ. Бірінші кезеңде 276 шақырымды құрайтын 272 көшені жарықтандыру жоспарланған. Бұл туралы бюджетке ұсыныс берілген. Нақтылы сәуір, мамыр айларында жұмыс басталады деп жоспарлануда.

Тағы бір қордаланып қалған, тіпті кезек күттірмейтін мәселе бар. Ол әуелгі жолдан кейін тұратын халықтың жол жүруі. Анықтап айтқанда, шаһардағы қоғамдық көліктердің мәселесі. Бұған қарата шаһарда арнаулы автопарктер мемлекеттік тараптан субсидия алып, өз жұмысын жүргізуде. Осыған дейін өткен жылы 50 жаңа автобус сатып алынып, қоғамдық көлік 19%-ға жаңартылса, 2022 жылы 60 автобус алу жоспарлануда. Сонымен қатар, халыққа ыңғайлы, тасымалдаушыларға қолайлы болу үшін TOLEM жүйесі енгізілген.

Жиында осы секілді мәселелер қатарынан сөз болды. Былайша айтқанда, атқарылған жұмыстар, алда атқарылмақ жобалар мейлінше кеңінен айтылды. Солардың ішінде «TURKISTAN-109» бірыңғай байланыс орталығының жұмысы да айтылды. Мәселен, 2021 жылы 109 бірыңғай байланыс орталығына түскен өтініштер саны 104 446 болса, мерзімінде орындалған өтініштер саны 104 438 болып табылған. Ал, 2022 жылдан бастап қабылданған өтініштер саны 13 676 болып, бөлімдер тарапынан қаралу барысындағы өтініштер саны 296-ны құраған. Келесі жалпы өңірлік өнім 2021 жылы 268,8 млрд. теңгеге жетіп, оны жан басына шаққанда 1 410,6 теңгені құраған. Жеке-жеке өнеркәсіп саласына 7,5%, (20,0 млрд.теңге), ауылшаруашылық саласына 3,5% (9,5 млрд.теңге), құрылыс жұмыстары 66,4% (178,6 млрд. теңге), тауар айналымы және қызметтерді өткізу көлеміне 22,6 % (60,7 млрд.теңге) болып табылады.

Өнеркәсіп бойынша 2021 жылғы қаңтар-желтоқсан айларында 15,8 млрд.тг-ге жетіп, 2021 жылғы қаңтар-желтоқсан айларында 20,0 млрд. тг-ге жеткен. Бұларды құрылымы бойынша бөліп қарастырғанда ӨҢДЕУ ӨНЕРКӘСІБІ 12,5 млрд. тг. (98,5%), электрмен жабдықтау 6,5 млрд. тг (165,6% ), сумен жабдықтау 0,9 млрд.тг. (149,6%) болып табылады. Бүгінде 350 га аумақты алып жатқан «TURKISTAN» индустриалды аймағы өз деңгейінде нақты жұмыстар атқарып өндіріске серпін беруде.

Сонымен қатар, инвестициялық көрсеткіш 2021 жылы республикалық бюджет есебінен 43,0 млрд. теңге, жергілікті бюджет есебінен 94,2 млрд. теңге, ұйымдардың өз қаржысы есебінен 128,6 млрд. теңге, банк несиелері есебінен 3,4 млн. теңге, басқа да қарыз қаражаты есебінен 22,2 млрд. теңге болып, негізгі капиталға тартылған жалпы инвестиция көлемі 291,4 млрд.теңгені құраған.

Шаһардың дамуының тағы бір кепілі ретінде туризм саласы бойынша да айтарлықтай жаңа серпін бар. Нақтылап айтқанда, 2021 жылы қалаға келген туристер саны 2 есеге артып 1 506,1 адамға жетсе, орналастыру орындарында көрсетілген туристік қызметтердің көлемі 1436 млн.теңгеге жетіп, 4,2 есеге артқан.

Жалпы, осылайша тізбектелген мәселелер қатарында атаулы әлеуметтік көмек, «ЕҢБЕК» мемлекеттік бағдарламасы қатарлы көптеген сала егжей-тегжейлі сөз болды.

Атаулы жиында ең көп талқыға түсіп, маңызды ұсыныс, пікірлер айтылған тақырып қала тазалығы болды десек қателеспейміз. Жалпы, жиынға қатысқан барша қауымға қаратыла қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков өз үнін атап жеткізді.

«Маңызды мәселенің барлығы заң негізінде шешімін табады. Ел болған соң қордаланған мәселелер тізбегінің болуы заңды. Мәселен, тұрғын үй кезегінде тұрған 15 мыңнан артық тұрғынның жағдайын аз күн ішінде реттеп бере алмасымыз анық. Бар болғаны уақытымен, өз кезегінде жайлап жүзеге асады. Басты назарда халықтың ұсыныс-тілектері ескеріледі. Енді бір дүние өзіміздің сүйікті шаһарымызды таза ұстау, келген туристерге тамаша көрініс қалыптастыру негізінде жұмыстарды қолға алып отырмыз. Анығы әрбір шаһар тұрғыны «Менің таңдауым – таза қала!» жобасына атсалысқаны дұрыс», – деді Нұрбол Әбдісаттарұлы.

Жиын соңында ойлы ұсыныстар айтылып, жылдың атқарылған жұмыстары мен алдағы жоспарына оң баға берілді. Басты назарда көп тілге тиек болғаны таза қала бастамасына үн қосып, өз шаһарымызды өзіміз таза ұстау мәселесі қала тұрғындарына үндеу ретінде жол тартты.

Leave a reply