ТҮРКІСТАНДА «АУЫЛ — ЕЛ БЕСІГІ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА БІРҚАТАР ЖҰМЫСТАР АТҚАРЫЛУДА

0
84

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында бірқатар тапсырма берген болатын. Оның ішінде халықтың табысын арттыру, жанар жағармайдың бағасын тұрақтандыру, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы және бизнестің «Бизнестік жол картасы» бағдарламалары шеңберінде Оңтүстік өңірлер үшін жекелеген бағыттар әзірлеу жүктелді. Сондықтан бұл бағдарламаларға баса назар аударылуда. Облысымызда осы бағыттарда жұмыс күшейтілу барысында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бүгінде Түркістан облысында Ауыл — Ел бесігі жобасы аясында аудандарда бірқатар жобалар іске асып келеді. Мәселен Түркістан облысына қарасты Ордабасы ауданында 14 елді мекеннің көшелері қайта жөндеуден өтті. Ордабасыда аудандық маңызы бар жолдардың қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 39,1%-дан 73,6%-ға жетсе, ал топырақ жолдардың үлесі 41,2%-дан 35,6%-ға төмендеген. Сондай-ақ, аудандық бюджет есебінен биыл 23 көше және «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында 27 көше орташа жөндеуден өтеді. Нәтижесінде елдімекендердегі ішкі көшелердің қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 60%-ға жетпек. Атап айтқанда, биыл ауданда «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында Теспе, Бөген, Жамбыл, Бірлік, Берген, Ынталы, Тоқсансай, Береке, Елшібек батыр, Ынтымақ, Қайнар, Қызылжар, Бейсен, Мақташы ауылдарындағы ішкі көшелер жөндеуден өтеді. Бұдан бөлек, Ынтымақ, Жеңіс, Қарақұм, Ақсары, Шұбарсу, Бадам, Ұялыжар, Жеңіс, Қарақұм, Мақташы, Темірлан, Көктөбе, Қызылсеңгір, Қажымұқан, Амангелді, Ынталы, Спатаев ауылдарындағы топырақ жолдарға тас төселмек. Ауданда жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 29 көше жарықтандырылды. Нәтижесінде аудандағы 140 көшенің жарықтандырылуы 20,6%-ға жетті. 2023 жылы 10 көшені толық жарықтандыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, былтыр аймақта автомобиль жолдары бойында 26 бейнебақылау камерасы орнатылса, биыл 18 «Сергек» камерасы орнатылады. Айта өтсек, Түркістан облысында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында өткен жылға 320 жобаны іске асыруға қажетті қаржы 18 млрд. теңгені құрады. Ұлттық экономика министрлігіне ұсыныс енгізіліп, 11,7 млрд. теңгеге 223 жоба қолдау тапқан.

Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігі аппаратының отырысында айтылған болатын. Жиында Түркістан облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Қанат Қайыпбектің баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының 109 жобасын жүзеге асыруға қосымша 7,8 млрд. теңге қажет. Осыған байланысты республикалық бюджетті нақтылауға тиісті өтінімдер енгізу бойынша жұмыстар басталды. Жалпы жоба аясында 5 жылда 614 елді мекенге жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Салалық басқармалар, аудан және қала әкімдіктерімен іске асырылатын жобалардың тізбесі қалыптастырылады. Облыста мектептерді білікті мұғалімдермен қамтамасыз ету – өзекті мәселенің бірі. Қазіргі таңда білім беру саласы мамандарына «Дипломмен –ауылға» жобасы аясында 100 АЕК мөлшерінде (306,3 мың теңге) біржолғы жәрдемақы және тұрғын үй салу немесе сатып алу үшін жеңілдетілген кредит түрінде әлеуметтік қолдау қарастырылған. «Дипломмен – ауылға» жобасы іске асырылғаннан бері жалпы 11595 маманға 2,1 млрд. теңге көлемінде біржолғы жәрдемақы ұсынылған. Оның 7911-сі – мұғалімдер. Сондай-ақ 11,6 млрд. теңге көлемінде бюджеттік кредит ұсынылып, нәтижесінде 3573 маман баспаналы болды, оның ішінде 2 265 білім саласының өкіліне қолдау көрсетілген. Алдағы уақытта өңірімізге қажетті мұғалімдер санын анықтап, «Дипломмен – ауылға» жобасы аясында ұсынылатын қолдау шаралары мөлшерін ұлғайту бойынша ұсыныс енгізілмек.

Облыс әкімі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары жіті назарға алынып, тиісті жұмыс жүргізілетінін, бұл елдің әлеуетін көтеруде маңызға ие екенін айтып, жауапты басшыларға тапсырмалар берді. Осыған дейін үкімет отырысында Министр атап өткендей, 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша республикада 6 293 ауылдық елді мекен бар, онда 7,8 млн жуық адам тұрады. «Ауыл — Ел бесігі» жобасын іске асыру үшін елдегі ауылдардың жалпы санынан даму әлеуеті жоғары, ауыл тұрғындарының 90% қамтылған 3,5 мың ауылдық мекен іріктеліп алынды. Бұл ауылдарды дамыту бойынша жұмыс 2019 жылдан бастап «Ауыл — Ел бесігі» жобасы шеңберінде жоспарлы түрде басым тәртіппен жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты — инфрақұрылымды жаңғырту есебінен ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, ауылдарды өңірлік стандарттар жүйесінің параметрлеріне жеткізу болып табылады», деп атап өтті Ә.Қуантыров. 2019-2022 жылдары республикалық бюджеттен 326 млрд теңге бөлініп, 3,7 мың жоба іске асырылды.

Leave a reply