Түркістанда Бекзат Саттархановты еске алуға арналған шағын футболдан турнир өтті

0
716

Түркістан қаласындағы «Нұр» спорт кешенінде бокстан Сидней олимпиадасының жеңімпазы, І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Бекзат Саттархановты еске алуға арналған шағын футболдан турнир өтті. Облыстық доп додасына Шымкент, Шардара, Арыс, Кентау,Түркістан қалалары мен Созақ, Сайрам аудандарының командалары қатысты. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында ұйымдастырылған сайысқа «Бекзат» мөлтек ауданының  1993 жылы туған азаматтары ұйытқы болды.

Аяқдопшылар бақ сынаған бәсекенің ашылу салтанатында аталмыш мөлтек ауданның ел ағалары мен Бекзаттың анасы Сырлыгүл Саттарханова сөз алып, еліміздің мақтанышы Бекзатпен, шағын ауданның дамуына үлес қосқан батырдың әкесі Сейілхан мырза жайлы тілге тиек етті. Естеліктер айтылып, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. Сондай-ақ, Республикалық «Алпамыс батыр» қоғамдық қорының президенті Бауыржан Оңғарбаев сөз сөйлеп, қазіргі таңда ауылдың ауызбіршілігін арттыру мақсатында еселі еңбек етіп жүрген «Бекзат» мөлтек ауданының «Әділби» қоғамдық ұйымының төрағасы Түкібаев Шәріпжан Нұржанұлына төсбелгі табыстады.

Кіл мықтының арасынан кім мықтыны анықтаған жарысқа 24 команда қатысты. Топтан шығып бабы мен бағы қатар шапқан үздіктер финалға дейінгі ойындардың көркін қыздырды. Тартысты ойындар жанкүйерлерге тамаша көңіл күй сыйлады. Шеберлігімен көзге түскен Эршат Бабаханов  «Үздік қақпашы» атанса, Ахмет Оқапов «Үздік голдың» авторы. Ал, қорғаныста тасқамал бола білген Орынбасар Жайсаңбай «Үздік қорғаушы», шабуыл шебінде қарсылас қақпасынан көп саңылау тапқан Жансерік Қалдыбай «Үздік шабулшы» екендігін дәлелдеді.

«Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» демекші қара үзіп, өзге командалардан оза шапқан жетекшісі Біржан Рүстембековтің бастамасымен құрылған  «RMZ-Zhastar» футболистері үшінші орынды иеленді. Финалдық сайыста Дінмухаммед Айдарбеков жетекшілік ететін «Zholdyn asty» командасы мен Еркебулан Мамуов бастаған «Aidyn energy» командалары кездесіп «Zholdyn asty» жігіттері бірінші орынға қол жеткізсе, «Aidyn energy» командасы екінші орынды місе тұтты.

 

Айта кетейік, ел мақтанышы Бекзат Саттархановтың туған күніне орай спорттық және салтанатты шара өткізу батырдың атымен аталған мөлтек ауданда дәстүрге айналған. 1993 жылы туған азаматтардың айтуынша бұл спорттық сайыс ісшараның басы болмақ. Бұдан кейін қасиетті Рамазан айының қарсаңында бір отбасыға баспана сыйлап қуантпақ ниетте. Бүгінде баспана құрылысының 90 пайызы аяқталған. Сонымен қатар, сәуірдің 14 жұлдызында Наурыз тойын тойлап, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өткізуді жоспарлап отыр.

Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ.

Leave a reply