ТҮРКІСТАНДА ЖАҢА САЯБАҚ САЛЫНЫП ЖАТЫР

Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында үлкен жасанды көлмен қамтылған жаңа қалалық саябақтың құрылысы жүріп жатыр. Бұл — қала тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы демалыс аймағын қалыптастыруға бағытталған Түркістандағы ірі жобалардың бірі.
Бүгін қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы саябақ құрылысын бақылап, сала мамандары мен мердігер мекеме өкілдерімен кездесті. Құрылыс барысындағы бірқатар кемшіліктерді ретке келтіріп, уақытылы, сапалы орындауды тапсырды.
Саябақтың жалпы аумағы — 32 гектарды құраса, оның дәл ортасында көлемді, жасанды көл болмақ. Саябақ ішінде жаяу жүргіншілер көпірі, субұрқақтар, сарқырама, тамашалау алаңдары, заманауи қоғамдық тамақтану орындары, архитектуралық аркалар мен арнайы орындықтар қарастырылған.
Құрылыстың толық аяқталуы 2025 жылға жоспарланған. Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда негізгі құрылымдар бой көтеріп, соңғы құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Жақын арада ашылады деп жоспарлануда.