Түркістанда жиһаз шығаратын 30-ға жуық кәсіпорын жұмыс істейді

0
100

Келешекте үлкен әлеуетке ие болу мүмкіндігі бар бірегей сала – жиһаз өнеркәсібі. Бұл – бізде даңғыл жолға түсіп келе жатқан жас сала деуге болады. Жыл басынан бері өнеркәсіптің осы түріне 3 миллиард теңгеден астам инвестиция құйылған. Бұл былтырғы 8 аймен салыстырғанда 63 пайыз­ғ­а көп. Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігінің хабарлауынша, инвестиция жаңа жобалармен жұмыс істеп тұр­ған кәсіпорындарды одан әрі дамытуға бағытталған.

Елімізде жиһаз өнімдерін тұтыну нарығы өткен жылы 221 миллиард теңгені құраған.  Сарап­шы­лар халық санының өсуі, көші-қон, кірістің ұлғаюы, инфра­құрылымның кеңеюі, сондай-ақ жаңа тұрғын үй жобалары мен коммерциялық үй-жайлар құры­лысының өсуі есебінен жи­һаз өнімдерін әлемдік тұты­ну­дың тұрақты өсуін болжайды.

Ұлттық статистика бюро­сы­ның 28 қазандағы мәлі­метін­ше, ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында елімізде жиһаз өндірісі құндық мәнде бір жыл бұрынғы 44,9 миллиард теңгенің орнына 46,7 миллиард теңгені құрап отыр.  Нақты мәнде асхана мен қонақ бөлмеге арналған ағаш жиһаз өндірісі (56,9 мың дана, жылдық өсім 35,5 пайыз), сондай-ақ ас үй жиһазы (73 мың дана, 20 пайыз өсім) айтарлықтай өскен. Орындықтар жән металл қаңқасы бар басқа да отыратын жиһаздар өндірісі былтырмен салыстырғанда 10,6 пайыз өсіп, 869,1 мың дана болған.

Биыл қаңтар-тамыз айларында Қазақстан 237,7 миллион АҚШ долларына 85,8 мың тонна үйге арналған жиһаз бұйымдарын импорттады. Физикалық түрде импорт 2,1 пайыз, ақшалай 6,2 пайызға өскен.

Импорттың негізгі көлемін ТМД елдері қамтамасыз етті: 78,3 пайыз. Жыл басынан бері бұл елдерден Қазақстанға 67,2 мың тонна жиһаз әкелінді, бұл былтырғыдан 1,3 пайызға аз. Ресей Қазақстан Республикасы үшін негізгі жеткізуші болды: 36,4 мың тонна, былтырғыдан 27,9 пайызға аз. Үздік үштікке Беларусь пен Украина да кірді.

ТМД елдерінен басқа елдерден Қазақстан 90 миллирн АҚШ долларына 18,6 мың тонна жиһаз әкелді. Мұнда негізгі жеткізушілер Қытай мен Түркия.

Соңғы жылдары Түркістан қаласында жиһаз өндірісі өркендеп келеді. Бүгінгі күні шаһарда осы бағытта өнім шығаратын 30-ға жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Оның 15-сі ірі болса, қалғандары шағын цехтар. Бүгінгі күні бұл кәсіпорындарда 2 мыңнан астам адам еңбек етіп, 200-ге жуық жиһаз түрін шығарады. Өткен жылы Түркістан қаласындағы жиһаз шығаратын кәсіпорындар 4,5 миллиард теңгенің өнімін өндірген. Ал биылғы жылдың 9 айында 3,5 миллиард теңгенің жиһазын шығарыпты.

Қалада қарқынды жұмыс істеп тұрған жиһаз фабрикасының бірі  -«Аsia Brend». Осыдан жеті жыл бұрын жұмысын бастаған кәсіпорында қазіргі таңда 100-ден аса өнім түрлері дайындалады.  Мұнда  Германия, Италия, Түркия, Қытай мемлекеттерінен жеткізілген заманауи құрал-жабдықтар орнатылған. Мұнда олардың тілін жетік меңгерген  мамандар да жетерлік.  Аталмыш кәсіпорынның қазіргі таңда Нұр-Сұлтан, Алматы, Көкшетау, Қызылорда, Шымкент, Ақтөбе, Ақтау, Орал қалаларында арнайы өкілдіктері жұмыс жасайды. Тұтынушылар сұранысына қарай қажетті барлық отандық өнім 100 мыңнан 300 мың теңгеге дейін бағада сатылуда. Ал, тұтынушыларға сатып алған жиһаздарын үйлеріне жеткізу мен құрастыру фабрика есебінен атқарылуы да қосымша жеңілдік болып табылады. Мұнда жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Арнайы киімдер мен дәмді тағамдар кәсіпорын есебінен берілуі қызметкерлер мен жұмысшыларға әлдеқайда қолайлық пен жеңілдік туғызуда.

«Аsia Brend»тің өнімдеріне Қазақстанда сұраныс жоғары. Бұған басты себеп – жиһаз фабрикасының жаңашылдыққа бет бұрып, тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыруында.

Түркістан қаласындағы жетекші өндіріс орны өткен жылды табысты аяқтады. Атап айтсақ, Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Қазақстанның ең үздік тауары» республикалық көрме-байқауында үздік үштіктен көрініп, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма Төрағасы А.Мырзахметовтың «Алғыс хаты» және арнайы сыйлығымен марапатталды.

Ия, тұрғындар қалтасына қонымды баға мен ең бастысы сапаға көңіл бөлген кәсіпорын басшысы Уйғун Ибраһимұлының болашаққа қойған жоспарлары көп әрі айқын. Мемлекет тарапынан қолдау көріп  және жергілікті әкімдіктің шарапатын сезініп отырған жиһаз фабрикасы мұнымен тоқтап қалмай тұтынушылардың көңілінен шығатын өнімдерді одан әрі өндіре бермек.

«Бұл мекемелерге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан жеңілдік бағдарламалар ол 4-6 пайыздық жеңілдетілген несиелер. Көрсеткен өнімдері бар. Соның бәрін мемлекет ескеріп, несие беріп отыр. Мұндай несие «Азия бренд» және  «Грант микс» кәсіпорындарына берілген. Қала билігі шаһардағы барлық жиһаз кәсіпорындарын бір жерге шоғырландыру үшін алдағы уақытта оларға индустиалды аймақтан жер бермекші. Сөйтіп, үлкен кластер құруды жоспарлап отыр»,- дейді Түркістан қалалық бизнесті қолдау және туризм бөлімінің басшысы Талғат Қыдырбаев.

Leave a reply