Түркістанда жол құрылысы қарқынды жүргізілмек

0
175

Түркістан қаласы әкімдігінің Жол көлігі және автокөлік жолдары басқармасының бастығы, Арман Оспанов: Көне қаламызда көшелердің тарлығы байқалғанымен, жаңа қаланың жобасы заманауи

 Түркістан қаласы алдағы жылу беру маусымына орай, барлық кешенді шараларды жүзеге асыруда. Оның ішінде оқушы балалардың мектепке бару қауіпсіздігін қадағалау, жолаушылар көлігінің уақытында жүріп-тұруы, аялдамалардың жайы, көне шаһардағы жолдардың сапасыздығы, ескі автобустардың әлі күнге дейін пайдаланылуы туралы  Арман Оспановпен пікір алысқан едік.

— Арман Оралханұлы, Түркістан облыс мәртебесін алғалы шын мәнінде, кісі қызығарлықтай қарқынмен  шарықтап дамып келеді. Оны ел көріп отыр. Қаладағы жолдарды күрделі жөндеуден өткізу жайы қалай шешілуде?

— Жалпы Түркістан қаласында қазіргі таңда 875 көше бар. Барлығын қосқанда 800 шақырымдай. Ол көшелердің 38,3 пайызында асфальт жабындысы бар болып табылса, 57,4 пайызы тас жолдар. Ағымдағы жылы қала аумағындағы 46,4 шақырымды құрайтын 40 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған болатын.

Қазіргі уақытта жеті көшеде, оның ішінде Қызылкөл, Сарыжылға, М.Төлебаев, Әубәкір қары, Ы.Алтынсарин, Қазыбек би – А.Юсупов аралығындағы көше, Асан қайғы – Құрбан ата аралығындағы көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары іске асырылды. Орташа жөндеу жұмыстарын ағымдағы жылдың қараша айының соңына дейін толығымен аяқтау жоспарлануда. Қалған 30 шақырымдайы топырақ жолдар. Қазіргі таңда жол инфрақұрылымын дамыту мақсатында 2022 жылы үш жолдың құрылысы басталады.

— Бізде асфальт жол бойынан аяқжол және веложол салу тұрғысынан көне қаланың тұрғындарынан шағымданушылар көп. Олардың айтатыны, тар жолдардың бойындағы талдарды кесіп кеңейтіп, тротуарлар мен веложолдарды сосын салмаса болмайтын ба еді деседі.

-Ағымдағы жылы қала аумағындағы халық сұранысына ие болған, қала тұрғындарының әлеуметтік нысандарға, оның ішінде мектеп, балабақшаларға баруын қауіпсіз етуге арналған жолдарды қамтамасыз ететін 64,5 шақырымды құрайтын 54 көшеге аяқжол құрылысын жүргізу жоспарланған болатын. Соның, қазіргі уақытта 31 көшесі 100% және 13 көшенің құрылыс барысы 50%-дан жоғары деңгейге жетіп, құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жалғасуда. Бұл шындығында ескеретін жағдай, себебі көне қаланың көшелері тым тар болғанымен біздің ойлағанымыз тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасау мақсатынан туындаған жағдай болатын. Алдағы уақытта облыс мәртебесін алғаннан кейін автокөліктердің көбеюі және тұрғындардың дені веложолды пайдалануына байланысты бұл мәселеге орташа жөндеулер кезінде қайта оралуға болады. Қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің алты сектордағы тұрғындармен кездесу барысында бұл мәселе көтерілді. Ал, бірақ бюджеттен қаржы бөлінуі үшін бірер көшемен шектелмей, бұл мәселені ондағын көшені кешенді түрде қарап, толыққанды шешудің жолдарын ойластырып жатырмыз.

— Ал, негізінен, күрделі жөндеуді қамтамасыз ететін көшелерді осы жайлар ескеріліп жатыр ма?

—  Қазір қаланың толыққанды жоспары жасалып, И.Қожабаев көшесінін 3,6 шақырым аумағында асфальт жабындысы басылып, қалған бөлігінде жол негізін әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, атқарылған жұмыстардың ішінде 3,8 шақырымы аяқжол және веложолмен қамтылып, 8,2 шақырым аумағына суағар науа орнатылды.

Осы секілді Қазыбек би – О.Жарылқапов аралығындағы жолдың құрылысы бойынша, қазіргі уақытта жолдың 1,3 шақырым құрайтын аумағында жол негізі әзірленіп, құрылыс жұмыстарына кедергі келтіретін төрт дана трансформаторға уақытша демонтаждау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, құрылыс нысанына қазіргі уақытта жобамен 8 тұрғын үй және бір гектар жер телімі кедергі келтіріп, осы бойынша мемлекеттік мұқтаждыққа қайтару үшін бөлім тарапынан тиісті жұмыстар атқарылуда.

Бүгінгі күні Ә.Жангелдин көшесінде нысан құрылысына кедергі келтіретін инфрақұрылым жүйелерінің құбырларының орынын ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, орын ауыстыру аяқталған орындарда жол негізі әзірленуде. Қазіргі уақытта нысан бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталатын болсақ жолдың 2 шақырым аумағы аяқжол және веложол құрылысымен қамтылып, 3,5 шақырым аумағына суағар науа орнатылды. Сонымен қатар, жолдың 1,9 шақырым құрайтын аумағында жол негізі әзірленді. Аталған үш нысан келесі жылға өтпелі болғандықтан, құрылыс жұмыстарын 2023 жылы аяқтау жоспарлануда.

-Жасыратыны жоқ, бірер жыл бұрын қатты боран болып, қалың қар жаууы салдарынан қаланың жарықтандыру желілерінің сыр бергені көпшілікке мәлім. Осы саланы дамыту жолында қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

-Қазіргі таңда қала аумағындағы 393 көше сапалы жарықтандыру жүйесімен қамтылған. Бұл жалпы жарықтандырылған көшелер үлесімен есептейтін болсақ 44,9%-ды құрайды. Алайда, қалаға көшіп келушілердің көбеюі мен бұрын кезінде сол шағын аудан тұрғындарының қаржы жинауымен салынған трансформаторлардың күші жетпейтіндігі белгі болып отыр.

Бұл мәселе бойынша да, кешенді шаралар қарастырылуда. Мәселен, биылғы жылы Түркістан қаласы аумағында 176,4 шақырымды құрайтын 142 көшеге жарықтандыру жүйесінің құрылысы жүргізіліп, оның қазіргі уақытта 123,1 шақырымды құрайтын 93 көшесі толығымен іске қосылды. Қалған 53,3 шақырымды құрайтын 49 көшені жарық көзімен қамтамасыз ету мақсатында «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-імен бірлесе техникалық келісім шарт әзірленуде. Нәтижесінде, жарықтандыру жүйесімен қамтылған көшелер үлесі 61,1%-ға жетіп отыр.

Сонымен қатар, 2023 жылдың соңына дейін қосымша 223 көшеге жарықтандыру жүйесін жүргізу жоспарлануда. Қазіргі уақытта жоспарға сәйкес құрылыс жұмыстары «Бірлік» тұрғын алқабына қарасты 33 көшеде жүргізілуде.

Қазір 21-ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Түркі дүниесінің төрі киелі шаһарымызда әлі тас та төселмеген, топырағы аспанға көтеріліп, шаңы шығып жатқан көшелердің барлығы жұртшылықты қынжылтады.

— Иә, дұрыс айтасыз. Кезінде мемлекет тарапынан дұрыс қамқорлық болмағандықтан, оның сыртында қаланың бас жоспары болмағандықтан осындай келеңсіз жағдайлар орын алып келгендігі рас. Қала әкімінің жергілікті тұрғындармен кездесулерінде көтерілген мәселелердің бірі де осы.

Осыған орай, биылғы жылы қала аумағындағы топырақ жолдардың пайызын азайта отырып, тас төселген көшелердің саны мен сапасын арттыру мақсатында жыл басынан бері 120 шақырымды құрайтын 152 көшеге тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Тас төсеу жұмыстарымен қала аумағындағы алты секторда, яғни «Отырар», «Шауғар», «Бекзат», «Яссы», «Сауран», «Бірлік» тұрғын алқаптарындағы топырақ көшелері қамтылуда.

Жыл соңына дейін, қосымша 30 шақырым құрайтын 38 көшеге тас төсеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

-Ал, енді аяңдап, аялдамаларға келейік. Жазда ыстықтан, қыста суықтан пана болмайтын, төбесінде ғана қалқасы бар аялдамалар таяу арада азая ма? Оны Түркістанның сәулетіне сай етіп, мақтанатындай етіп жасауға болмай ма?

-Мұны тұрғындардың шағымдарына және қала әкімінің тікелей тапсырмасына орай қайта қарап жатырмыз. Мәселен, 2022-2023 жылдар аралығында Түркістан қаласы аумағындағы қоғамдық көлік қатынайтын көшелерге жаңа үлгідегі 150 дана аялдама нысанын орнату жоспарланған болатын. Құрылыс жұмыстары бірінші кезекте қаланың негізгі көшелерінде бастау алып, секторлардағы қоғамдық көлік қатынайтын көшелерінде жалғасын тапқан болатын. Қазіргі уақытта, қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру және қолайлы орта қалыптастыру мақсатында 120 дана аялдама павильоні орнатылды.

— Қазіргі таңда алыс жақын шетелдерден қаламызға келетін қонақтар мен саяхатшылар саны күн санап артуда. Біз оларды әлі күнге дейін үзеңгімен есігі ашылып, жабылатын, көшеде қауіпсіздік шараларын сақтамайтын, тозығы жеткен шағын автокөліктермен қалай қарсы аламыз? 

— Бұл мақсатта қаладағы жекеменшік иелігіндегі автокөлік кәсіпорындарымен ұйымдастыру шаралары жасалуда. Мәселен, 2022 жылы жолаушыларды тасымалдаушы «Жолаушы» ЖШС жаңадан 18 автобус алып, №6 бағыттағы және №10 бағыттағы қоғамдық көліктерді жаңартып, кесте санын толықтырды. Осы кәсіпорын жыл соңына дейін қосымша 16 автобус алып, №2А бағытындағы шағын автобустарды сыйымдылығы жоғары автобустарға ауыстыруды жоспарлауда.

Жолаушыларды тасымалдаушы «ТехПрофАвто» ЖШС 10 жаңа автобус алып, №17 және №20 бағыттарға тасымалдауға жүргізді. Жыл соңына дейін қосымша 20 автобус алып, №16 бағытқа жүргізіп, сондай-ақ, қолданыстағы №18, №14, №20 бағыттарына қосымша кесте қосуды жоспарлауда.

Жалпы айтқанда, бұл кешенді шараларды жүзеге асыру оңай болмасы анық. Себебі, қала халқы көбейген сайын олардың қызмет көрсету саласына деген талаптары күшейе беретіндігі даусыз. Сондықтан, біз қашанда елдің ойынан шығуға белсене жұмыс жасаудамыз. Бұл орайда қала әкімдігінің де сала басшыларының да есігі әрқашан ашық.

Арман Оралханұлы, салиқалы сұқбатыңызға рахмет!

Ескендір ЕРТАЙ

Leave a reply