Түркістанда жыл басынан бері 1200 үй жануары чиптелген
Түркістан қаласында үй жануарларын чиптеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шаһарда жыл басынан бері 1200 үй жануары чиптелген.
Жауапты мекеме қызметкерлері 1310 жедел байланыс орталығына түскен өтініштер бойынша жедел әрекет етіп, иесіз жүрген, агрессивті мінез танытқан 627 ит-мысықты аулады. Одан бөлек, үй жануарларын қараусыз қалдырған 32 тұрғынға айыппұл салуға қалалық Полиция басқармасына ұсыныс жолданды.
Сондай-ақ облыс орталығында энзоотикалық аурулардың алдын-алу жұмыстары атқарылуда. Бүгінде Қалалық ветеринария қызметі мамандары шаһардағы 139 440 шаршы метр қоражайға, 22170 шаршы метрге созылған сыртқы қоражайға дезинсекция жүргізген. Сонымен бірге 30400 шаршы метр суат жер дезинсекциялаудан өткізілсе, 4489 ірі қара мал энзоотикалық ауруларға қарсы дәріленіп үлгерген.
Механикалық тазалаудан өтпеген қоражайлар залалсыздандырылмайды. Ірі қара малды бүрку, ұсақ малдарды тоғыту, қоражайларды залалсыздандыру (энзоотиялық аурулардың алдын алу) жұмыстары мемлекет тарапынан тегін жүргізіледі.
Қалалық ветеринария қызметіне жүгіну үшін 1310 байланыс сымтетігіне хабарласуға болады.