Четверг, 12 июня

ТҮРКІСТАНДА КИБЕРҚАУІПСІЗДІК БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАР ЖҮЙЕЛІ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

0
12

Қазіргі таңда қоғам арасында киберкеңістік ақпарат алмасу мен тұтынудың маңызды алаңына айналды. Алайда, цифрлық технологиялардың дамуы ақпаратты саналы әрі қауіпсіз тұтыну мәдениетін қалыптастыруды талап етеді. Ақпаратты тұтыну мәдениеті – адамның интернет пен басқа да ақпарат көздерінен алынған мәліметтерді түсінуі, бағалауы және пайдалануындағы жауапкершілік деңгейін сипаттайды. Осы мақсатта Түркістан қаласындағы «Rixos Turkistan» қонақ үйінде «CYBER QURYLTAI: Түркістандағы қауіпсіздік оазисі» атты ақпараттық қауіпсіздік және кибермәдениетті дамытуға арналған форум басталды. Форумға еліміздің өңірлерінен 80-ге жуық сала мамандары қатысып, тәжірибе алмасуда. Қазіргі таңда киберқауіпсіздік мәселесі маңызға айналған алпауыт тақырыптың бірі. Өңір тұрғындарының назарына цифрлық даму жөнінде ақпарат ұсынамыз.

Түркістан облысының əкімдігі, Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының ұйымдастыруымен өткен іс-шараның мақсаты – цифрлық трансформация жағдайында ақпараттық қауіпсіздік саласындағы өзекті мәселелерді талқылау, заманауи киберқауіптерге қарсы әрекет ету тетіктерін қарастыру, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен жеке сектор арасындағы өзара байланысты нығайту. CYBER QURYLTAI – жаһандық цифрлық сын-қатерлер жағдайында еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған қауіпсіз цифрлық экожүйені қалыптастыру жолындағы маңызды іс-шара.

Басқосуда «Лаборатория Касперского» компаниясының Қазақстан, Орталық Азия және Моңғолиядағы басқарушы директоры В.Зубанов модераторлық етті.

– Сіздерді түркі әлемінің рухани астанасы – қасиетті Түркістан төрінде қарсы алу біз үшін үлкен мәртебе. Бұл форум – тек ақпарат алмасу ғана емес, еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі мен технологиялық болашағына қатысты маңызды бастамалар тоғысатын стратегиялық диалог алаңы. Түркістан – қауіпсіздік пен цифрлық дамудың жаңа орталығы. Қаламыз бүгінде инновация мен қауіпсіздік қатар дамып отырған өңірлік хабқа айналып келеді. Біздің мақсат – Түркістанды жоғары технологиялар мен ақпараттық қауіпсіздік бойынша үлгілі аймаққа айналдыру. Осы бағытта цифрландыру, кадр даярлау, халықаралық серіктестік, инфрақұрылымдық және технологиялық жобалар қатар іске асуда. Ақпараттық қауіпсіздік – біздің басты назарымызда. Облыс бойынша желіаралық экрандар (firewall), антивирустық бағдарламалар, серверлік қауіпсіздік жүйелері енгізілген. «Cyber Quryltai» – Түркістан облысының цифрлық және киберқауіпсіздік саласындағы жаңа бетбұрысының бастауы. Бүгінгі форумда ұсынылатын идеялар мен бастамалар өңіріміздің қауіпсіз әрі технологиялық болашағын айқындауға септігін тигізеді деп сенемін, – деген Еркебұлан Дауылбаев бірлесе жұмыс істеуге, тәжірибе алмасуға және жаңа жобаларда әріптестік орнатуға дайын екенін жеткізді. Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне қарасты Ақпараттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Үмітжан Арықбекова да сөз сөйлеп, халықаралық стандарттарды елімізге енгізу бойынша жұмыстар жүріп жатқанын жеткізді.

Облыстағы Turkistan Hub – өңірлік ІТ стартаптарды қолдайтын және цифрлық кәсіпкерлікті дамытатын орталық ретінде жұмыс істеп тұр. Мұнда жастар мен стартаперлерге арналған акселерациялық бағдарламалар, IT мамандарын оқыту курстары жүргізіледі. Оған қоса, аудандарда «Smart Hub» орталықтары ашылып, ауылдық жерлердегі жастарға да цифрлық мүмкіндіктер мен білімге қолжетімділік қамтамасыз етілуде. Бұл орталықтар тек оқыту емес, жергілікті IT жобалар мен сервистердің тірек нүктесіне айналады деп күтілуде.

Биыл Түркістанда Оңтүстік Кореяның «Woosong» университетінің филиалын ашу жоспарланған. Университет ІТ білім беру жүйесін дамытып, өңірде инновациялық жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қытайлық «Sunwah Group» компаниясымен халықаралық IT park жобасын жүзеге асыру жоспарлануда. Іс-шара «Қазақстандағы цифрландыру мен киберқауіпсіздікті дамытудағы инновациялық тәсілдер» тақырыбындағы панельдік сессияға жалғасты. Онда ақпараттық қауіпсіздік саласының өкілдері құнды мағлұматтар берді.

Сонымен қатар спикерлер мен сарапшылар «Қауіпсіз қала: Hikvision көмегімен қорғалған қалалық ортаны қалай құруға болады?», «Деректерді қалай қорғауға болады? Заң талаптарын сақтау ма, әлде пайдаланушылардың қолайлылығы ма – қайсысын таңдау керек?», «Checkpoint өнім портфеліндегі жаңа технологиялар», «Серверлік бөлмелердің стандарттары және цифрлық трансформациядағы микроЦОД-тың рөлі» тақырыптарында баяндамалар жасап, тәжірибелерімен бөлісті.

Форумның екінші бөлімі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне қарасты Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің сессиясы мен мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру бойынша оқыту тренингіне жалғасады. Осы күні қатысушыларға Түркістан қаласында экскурсия ұйымдастырылып, облыс орталығының туристік және инвестициялық әлеуеті таныстырылады.

Түркістан облысында білім саласы бойынша оқушылардың қажеттіліктерін сапалы әрі уақтылы үйлестіру және мемлекет қаржысын мақсатты пайдалану үшін саланы цифрландыру жұмысы күшейе түсті. Аталған бағыттағы жұмыстар Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде талқыланды. Облыстағы мемлекеттік 264 мемлекеттік балабақшада балаларды түгелдеу функциясын атқаратын арнайы құралдар мен камералар орнатылуда. 2025 жылдан бастап мемлекеттік тапсырыс алатын облыстағы 1119 жекеменшік балабақшаға да «Сана» жүйесі құрылтайшылар есебінен орнатылып, басқармамен интеграциаланады. Түркістан қаласындағы 145 балабақшаның 139-ы ваучерлік қаржыландыруға келісімдерін берді. Қалғандарына түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар облыстағы мемлекеттік тапсырыс қабылдап отырған 43 колледжге де Face ID жүйесі орнатылып, басқармамен интеграциаланады деп жоспарланған.

Аппарат мәжілісінде Түркістан облысының қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Қайрат Елібаевтың есебі тыңдалды. 1 желтоқсандағы жағдай бойынша өңірде жалпы бюджетке 218,6 млрд. теңге салықтар мен басқа да түсімдер түсіп, жоспар 101,7%-ға орындалған. Түсімді молайтпаған және бюджетті тиімді игермеген аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына жұмысты ширату туралы тапсырмалар берілді.

 

Leave a reply