Түркістанда күніне 220 қоғамдық көлік қатынайды

0
121

Таңертеңнен жұмысқа, мектепке, балабақшаға асыға-аптыға шыққан адамның бірінші мақсаты – діттеген орнына кешікпей жету екені белгілі. Ол үшін, әрине, аялдамада тұрғанда көп аялдамай, автобустың уақытылы келуін тілеу. Бұл мәселе барлықтарыңызға да таныс болар?

Десе де, қазіргі таңда аталмыш жәйттің өзекті болып табылатынын және бір жолға қойылмағанын аңғаруға болады. Осы жолаушылар автобустарындағы қызмет сапасы неғұрлым жақсарған сайын қала тұрғындарының күнделікті тіршілігі де жақсара түсер еді. Ал, жолаушының «шамына тиіп» шешуін таппай жүрген мәселелер тыйылар емес, таңертең және кешкісін қарбалас сәтте көліктің уақытылы келмеуі, «ойламаған жерден» ортада біреуінің жиі бұзылып, орнына басқасы келе салмай, арақашықтығының алшақтауы, келесісі келем дегенше «аузы-мұрны лық толған» көлікке адамның сыймай қалуы, біраз адамның қалып кетуі, «бір аяқтап» сыйғандарының жеткенше әбіржуі, осыдан келіп асығып тұрған жолаушының мазасының қашуы. Бұл әсіресе, қаламыздың №30, №4а, №31а, №7, №9, №5 тағы сол сияқты бағыттарда жиі кездесетін жағдайлар.

Ал, кешегі аптаның соңында қаламыздағы «AMANAT» партиясы филиалының жанынан құрылған «Парасат» пікірталас клубының отырысында қала әкімі Н.Тұрашбеков бұл мәселеге біршама тоқталып өтті. Қала әкімінің орынбасары Т.Байжанұлы «Түркістан қаласының жол саласы» атты баяндамасында келтірген мәліметтерімен бөліссек, «2022 жылы 50 автобус алу жоспарланған. Қазіргі таңда 10 жаңа автобус алынып, №6 бағытта қызмет көрсетуде. Қала ішінде жалпы, 24 бағыт бар. Келісім-шарт негізінде жеке азаматтар және автопарк меншігіндегі жалпы, 220 автобуспен қызмет көрсетеді» делінген. Қала әкімі осыған қатысты халықты сабырға шақырып, алдағы уақытта қоғамдық көліктің жетіспеу мәселесі шешілетінін, жыл соңына дейін Түркістан тұрғындары үшін сатып алынатын жаңа автобустар санының артатынын айтты.

Сондай-ақ, «Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі» мекемесінің берген мәліметі де осыған сәйкес, Түркістан қаласы бойынша қоғамдық көлік бағыттарында 220 автобус және шағын автобустар қызмет көрсетеді. Оның, 70 пайыз сыйымдылығы жоғары автобус, қалғаны шағын автобустар болып табылады.

2021 жылы тасымалдаушылар есебінен 40 автобус жаңартылған. 2022 жылы тасымалдаушылар есебінен 50 автобус алу жоспарланып, соның қазіргі таңда 10-ы алынды. Қалғаны 2022 жылдың ІІІ-тоқсанына дейін алынатын болады.

Сонымен қатар, облыс орталығы Түркістан қаласы аумағының ұлғаюына, халықтың көбеюіне байланысты көлік кептелісінің орын алатыны да белгілі жағдай. 2022 жылдың қаңтарынан бастап, Түркістан қаласына 800-ге жуық жол белгілері орнатылған. Бұл жол белгілерін орнату жұмыстары полиция басқармасы тарапынан ұсынылған нұсқамаларға сәйкес жүргізілген. Жаңадан орнатылған жол белгілері жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, көлік кептелістерінің алдын алуға септігін тигізеді.

Осы ретте қоғамдық көлікті күнделікті тұтынатын жолаушылардың сөзін тыңдап көрелік.

Назар, мұғалім. «Мен С.Ерубаев көшесінің бойында таңертең сағат 07.30-да көлікті күтіп тұрғаннан, сенесіздер ме, 08.30-да бір-ақ мінемін. Менің күтетін көлігім №4а бағыты. Осы бағыт Қарашыққа барады, сондағы мектепке жетуім керек. Мен онда еңбек сабағының мұғалімімін. Такси жалдайын десем, Қарашыққа дейін 1000 теңге сұрайды. Мен жұмысқа күнде 1000 теңгемен бара алмаймын ғой. Амал жоқ, №4а бағытын күтіп, кешігіп болса да жетемін. 1 сағат бойы күткенде дегбірсізденіп қаншама жүйкем тозады десеңші».

Жанар, студент. «Бізге ең қолайлы №1, №1а бағыттағы автобустар. Үйіміз аялдамадан біршама алыстау, бірақ осы автобустар өтетін аялдамаға жүгіріп жетіп аламыз, ол әрі жиі келеді, автобуста онша қысылыс та болмайды. Жүйткіген автобуспен жылдам университетке жетіп аламыз. Бізге өте ыңғайлы, рахмет №1-ге».

Дана, «Фараб» кітапханасының тазалық сақтаушысы. «Біз, қаламызда «жолдың асты» деп аталып кеткен аумақтың арғы басынан автобусқа мініп, «Фараб» кітапханасына жету үшін №30 бағытты сарыла күтеміз. Кейде маған осы көліктен басқа көлік жоқтай, бүкіл қала тұрғыны осыған мініп алғандай көрінеді. Өйткені, әрдайым ине шаншар орын жоқ, ашуланған халық, жылаған бала, шаршаған жолаушылар. Ал, кешкісін үйге тезірек жетіп, кешкі асты әзірлеуге асығып тұрғанда жарты сағаттан аса күтіп қалатын жағдайлар болады. Ондай кезде жұмыстан топырлап шыққан бір топ әйел бас салып «неге кешіктің, әбден күттірдің» деп автобус жүргізушісіне тиісеміз. Ол да қарап тұрмай ашуланып біраз сөздер айтып салады. Ашынған халық қысылып тұрып, әкімшілікке, басшылыққа, халық қалаулыларына тіл тигізеді. Осылайша айқай-шумен үйге жетеміз».

Нұржан, құрылысшы. «Менің таң қалатыным, автобустарға уақыты бекітілген арнайы жүру кестесі берілген. Ендеше, неге күнделікті уақытынан жаңылып, міндетті түрде кешігіп немесе ақауы шығып бұзылып, ортада халықты әбігерге салады. Осыны түсінбеймін?».

Міне, қала тұрғындарының тұтынатын қызметке айтары осы. Басшылықтың уәдесін еске алып, сабыр ететін болсақ, жыл соңына дейін мәселе шешімін табар деген үмітіміздің үзілмейтініне нық сенеміз.

Leave a reply