ТҮРКІСТАНДА РӘМІЗДЕР КҮНІНЕ ОРАЙ БҰҚАРАЛЫҚ ЖҮГІРУ МАРАФОНЫ ӨТЕДІ
Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен 4 маусым – ҚР Мемлекеттік рәміздер күніне орай «Менің туым, менің Отаным» атты бұқаралық жүгіру марафоны өтеді.
Шара «Amanat» партиясының облыстық филиалы мен Түркістан қаласы әкімдігі қолдауымен ұйымдастырылып отыр.
Марафон 2 маусым күні сағат 8:00-де Түркістан қаласындағы «Тікұшақ» алаңынан бастау алып, «Рәміздер» алаңында мәреге жетпек. Марафоншылар 2,4 шақырым қашықтықты жүгіріп өтеді.
Спорттық іс-шараға қала тұрғындары мен қонақтары, жоғары және арнаулы оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, орта және шағын бизнес өкілдері, спорт ардагерлері, облыс аумағындағы спорт мектептерінің жаттықтырушылары, облыстық және Түркістан қалалық мәслихаты депутаттары қатысады деп жоспарланған. Марафон кезінде облысқа белгілі спортшылар мен «Amanat» партиясының Түркістан облыстық филиалы «Жастар рухы» жастар қанатының белсенді өкілдері Мемлекеттік ту мен «Amanat» партиясының туын алып жүреді.
Марафон мәресі орналасқан «Рәміздер» алаңында жергілікті өнерпаздардың ұйымдастыруымен концерттік іс-шара өтеді. Осы жерде мәре сызығына алғаш жеткен марафоншылар жас ерекшеліктеріне қарай марапатталады.