ТҮРКІСТАНДА СҮТ ӨНДІРІСІНЕ ҚОЛДАУ КӨП

0
7

Соңғы жылдары еліміздегі ауыл шаруашылығы саласында қарқынды дамыған бағыттардың бірі – тауарлы сүт фермаларын салып, мол өнім алу бағыты. Себебі, бір ғана шикі сүттен бірнеше өнім дайындай алатын қазақ залқы үшін бұл таптырмас кәсіп. Осы орайда, елімізде бұл саланы дамыту үшін қандай жұмыстары атқырылып жатқанына аз-кем тоқталып өтпекпіз.Осы орайда, Түркістан қаласының тұрғындарына түсіндіру жұмыстары бойынша ақпаратты ұсынамыз.

Өткен жылдың соңында Стратегиялық бастамалар форумында ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов елімізде тауарлы-сүт фермаларына арзан несие берілетінін айтқан болатын.

Өз кезегінде, бұған байланысты экс-ҚР Сауда және интеграция министрі, қазіргі азақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин: «Қазір барлық ел қолдау шараларына бет бұрды. Мұның үстіне оның пайдалы да, зиянды да тұстары бар. Осындай жағдайда жұмыс істеу біршама ауыртпалық тудырады. Сонымен қатар энергетикалық дағдарыс, азық-түлік дағдарысы қалыптасуда. Осыған орай бізге реформалар керек. Бірінші реформа – әрине, ауыл шаруашылығында. Сүттен бастайық. Бізге ең алдымен статистиканы ретке келтіру қажет болады. Сүт жетіспейтіндігін мойындағанымыз жөн. Оның көлемін анықтап, тұрақты субсидияға кепілдік беру қажет. Тауарлы-сүтті мал шаруашылығын дамыту қажет. Жем-шөп базасы жеткілікті шаруашылықтардың арасынан чемпиондарын анықтау керек. Бұл мақсатта, яғни, мал басын молайтып, тауарлы-сүт өндірісін ұлғайту үшін арзан ақша бөлетін боламыз. Бұл мысалдардың бірі ғана. Сонымен қатар қызыл ет, құс етін өндіруде де осындай іс-шаралар керек. Бұл – реформа. Себебі нәтижеге қол жеткізу үшін мемлекеттік қаржыландырудың қатаң бағыты болады», – деп пікір білдірген.

Ал, биылғы жылдың көктемінде қуаты 373 мың тонна болатын 65 тауарлы сүт фермасының құрылысы қаржыландырылатыны мәлім болды. Бұл туралы Сенаттың «Өңір» деп аталатын депутаттық тобының отырысында бұрынғы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов айтқан еді. Оның сөзіне сүйенсек, министрлік ауылдық аумақтарды дамытудың 2027 жылға дейінгі тұжырымдамасында ауылда жаңа жұмыс орындарын құру арқылы ауыл халқының табысын арттыруға ықпал ететін 2 бағытқа баса назар аударған. Оның біріншісі – ауыл шаруашылығы кооперациясы арқылы ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі «Ауыл аманаты» жобасын масштабтау. Жоба сенім білдірген өкіл арқылы сыйақы мөлшерлемесі 2,5 пайыздан аспайтын және 7 жылға дейінгі ұзақ мерзімді шағын микрокредиттер беруді көздейді. Биыл осы жобаны іске асыруға 100 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде 17 мың микрокредит беру жоспарлануда. Бұл шамамен 18 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Оның атап өтуінше, аталған бағытта ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту маңызды бағыт саналады. Осы жоба аясында ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту үшін несие алу көзделген. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы техникасын, қажетті жабдықтарды сатып алуға және өсімдік және мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша шағын цехтар ашуға ықпал етеді.

Leave a reply