Түркістанда туризм етек жайып келеді
Туризм бүгінде елімізде шапшаң дамып келе жатқан сала. Туризмнің маңыздылығын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлытау 2019» халықаралық туристік форумында атап өткен болатын.
Жиын барысында еліміздің туризм саласының даму барысын баяндаған Мемлекет басшысы мемлекеттің шұғыл түрде қолға алуы тиіс бірнеше мәселені атап өтті.
Президент еліміздің туризм саласын ілгерілетуде осыған дейін де аз іс атқарылмағандығын, енді еліміздің осындай баға жетпес бай мұрасын өзге жұртқа танытудың жаңаша жолдарын ойластыруымыз қажеттігін айтты.
«Мысалы, Моңғолия Шыңғыс хан тұлғасын халықаралық туризмді дамыту үшін өте тиімді пайдаланып отыр. Ал, ұлы ханның үлкен ұлы – Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұртшылықтың көбі біле бермейді. Ата-бабалардың аманатына адал болу – бізге сын. Сондықтан біз Алтын орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті түрде қолға алуымыз қажет»,-деді Мемлекет басшысы.
Түркістан мен Отырар, Сауран мен Сығанақ, Шерқала мен Оғыланды, Берел мен Марқакөл, Баянауыл мен Қарқаралы, Шарын мен Көлсай барша жұрттың құндылығына айналуы тиіс. Қорқыт ата, Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи, Бекет ата, Бәйдібек би, Бегім ана, Қабанбай батыр, Райымбек батыр, Мәшһүр Жүсіп, хакім Абай, тағы басқа көптеген дара тұлғаларымыздың есімдерін туризм арқылы кеңінен насихаттау – бүгінгі заман талабы.
«Біз, қазақ халқы, ұлы тарихи тұлғалардың ізбасар ұрпағы екенімізді ешқашан ұмытпауымыз қажет. Ата-бабаларымыздың рухын туризмнің озық үлгілері арқылы дәріптеуіміз керек. Біз салалық мемлекеттік бағдарлама қабылдадық. Ол толыққанды жүзеге асатын болса, туризмнің Ішкі жалпы өнімдегі үлесі 8% жетеді. Сырттан келетін туристер саны 9 млн ал, ішкі туристер саны 8 млн адам болады. Ал туризм саласында жұмыспен қамтылғандар санын 650 мың адамға жеткізу керек . Туризм өте күрделі сала. Оған тиісті мамандар керек. Сол себепті біз туризм мамандарын дайындайтын университет ашу қажет деген шешім қабылдадық» , деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстанда туризмді дамытудың жүйелі әрі нақты шарларын қабылдау қажеттігін ескертті.
Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуында туризмге баса мән берілуде. Қалалық бизнесті қолдау және туризм бөлімінің мәліметі бойынша киелі шаһардың туристік әлеуетін арттыру мақсатында республикалық деңгейде іске асырылатын тарихи-мәдени мұраны сақтау бойынша ауқымды жобалар көзделген. Оның ішінде Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру, «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің аумағын абаттандыру, сондай-ақ «Қожа Ахмет Яссауи», «Жұма мешіті», «Есім Хан» және «Рабия Сұлтан Бегім» кесенелерін және қақпаларын қалпына келтіру жұмыстары іске асырылуда. Нәтижесінде Түркістан қаласына келушілер саны едәуір арта түспек.
Шаһарда қазіргі таңда жеке инвестиция есебінен қонақ үйлер, демалыс орындары, ойын-сауық орталықтарының құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Түркістан қаласында елімізде баламасы жоқ туристік-рекреациялық орталық салынды. «Түркістан» туристік-рекреациялық орталығы су спорт түрлерімен айналысуға және жағажай туризмін дамытуға бағытталады. Сондай-ақ қалада «Түркістан молл» сауда орталығы, «Отау» сауда орталығы, «Медина Палас» қонақ үйі, «Теннис» орталығы, Бизнес орталықтардың құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Биылдың он айының қорытындысы бойынша Түркістанға келуші және туристер саны 1 368,2 мың адамды құрап, тиісті кезеңмен салыстырғанда (2021 жыл – 1332,6 мың адам) 2,6%-ға артты.
Түркістан қаласында бүгінде орналастыру орындарының саны (қонақ үйлер, хостел) саны 57-ге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 21% – ға (2021 жылы – 45 қонақ үй) артып, жоғарғы санатты қонақ үйлер саны оннан асты.
Орналастыру орындарындағы номер саны 1191-ді құрап, тиісті кезеңмен салыстырғанда (2021 жыл – 951 номер) 20,2% – ға артып отыр. Сондай-ақ қонақ үй, хостелдердегі төсек-орын саны 2467-ге жетіп, тиісті кезеңмен салыстырғанда (2021 жыл – 1944) өсім 21,2%-ды құрады.
9 айдың қорытындысы бойынша туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 34,65 млрд. тг. құрады.
Түркістанда мереке күндері «Керуен сарайда» атаулы іс-шаралар ұйымдастырылып, республикамызбен шетелдің танымал әншілері өнер көрсетіп келеді. Жыл соңына дейін әншілер мен жұлдызды топтардың қатысуымен 17 іс-шара ұйымдастырылмақ. ҚР Үкіметі бекіткен «Халықтың табысын 2025 жылға дейін арттыру жөніндегі кешенді жоспарға» сәйкес «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ тарапынан 25 іс-шараны өткізу жоспарлануда. Қазіргі уақытта туризм басқармасы «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ-ы және «Керуен сараймен» іс-шаралар тізбесін пысықтауда. Іс-шаралар тамыз айында басталады деп жоспарлануда. Мерекелік іс-шараларды ұйымдастыру және қызмет көрсету сапасын жақсарту есебінен «Керуен сарайға» келетін туристер мен қонақтар ағыны артты.
Түркістан қаласында Президент саябағы ашылды. Жалпы аумағы 40 гектарға жуық жерде орналасқан Президент саябағында тұрғындар мен қала қонақтарының тынығуына қолайлы жағдай жасалған. Мұндағы жасанды көлдің сыйымдылығы 100 мың текше метрге жуық. Мұнда қайықпен серуендеуге, су спортымен шұғылдануға мүмкіндік бар. Саябақтың ашылуына орай «Түркістан маржандары» мерекелік кеші ұйымдастырылды. Түркістанның жаңа туристік орнына арнайы келген тұрғындар мен қонақтарға Түркістан қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары концерттік бағдарламасын ұсынды.
Түркістан қаласында «Президент» саябағы және тұңғыш рет жағажай ашылып, балаларға арналған түрлі ойындар ұйымдастырылды. Сонымен бірге көпшіліктің қатысуымен түрлі ойын-сауық бағдарламалары ұсынылып, байқаулар өтті. Су айдынында желкенді қайықтар жүзіп, облыстың ескек есушілері өз шеберліктерін көрсетті.
Облыстық туризм басқармасымен бірлесе отырып, Түркістанда ауқымды Gastro fest Turkistan-2022 фестивалі өтті. Шараның Түркістанның көрнекті белгісіне айналып, өңірдің гастрономиялық брендін қалыптастыру болып табылады. Жібек жолы саябағы аймағында өткен фестивальге 2000-ға жуық қонақ келді. Қаланың 25-тен астам мекемесі гастрофест қонақтарына ұлттық тағамдар, жергілікті дәмді тағамдар, көше тағамдары, десерттер мен сусындар дайындады. Фестивальдің ерекшелігі төл рецепт бойынша дайындалған көше тағамдары форматындағы дәстүрлі тағамдардың тұсаукесері болды.