ТҮРКІСТАНДА ТУРИЗМ ИНДУСТРИЯСЫНЫҢ БОЛАШАҒЫ ЖАРҚЫН

0
97

Мәжілісте өткізілген ішкі туризмнің проблемалары мен даму перспективаларына арналған «Үкімет сағатында» Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев туризм саласында іске қосылған жобалар туралы айтты. Министр алдымен Түркістан қаласындағы жаңа нысандарға тоқталып өтті. Абаев мүмкіндігі ең жоғары 10 өңірде 2019-2021 жылдары жалпы сомасы 395,5 млрд теңге болатын 276 инвестициялық жоба пайдалануға берілгенін айтты. Сондай-ақ 5 200 жаңа жұмыс орны құрылды.

Былтырғы жылдың басынан бері жалпы сомасы 226 млрд теңге болатын 102 нысан іске қосылды. 2019-2021 жылдарда жүзеге асырылған ең ірі жобалардан: Түркістандағы «Керуен-Сарай» кешенін, «Rixos Turkistan» және «Hampton by Hilton» қонақ үйлерін, Ақтау қаласындағы «Rixos Water World Aktau» кешенін және «Tetys Blu» паркін,Нұр-Сұлтан қаласындағы «Sheraton» қонақ үйін, Бурабай-Щучинск курорттық аймағындағы «Байтас» қонақ үйін, сондай-ақ «Swissotel Almaty»,«Alazone Arena» және басқа да көптеген жобаны атап өтуге болады, – деп атап өтті министр.

Оның айтуынша, қазіргі күні республикамызда инвестициясының жалпы көлемі 1,5 трлн теңгені құрайтын 145 жобаны жүзеге асыру жалғасып жатыр, онда 7 500 жұмыс орны құрылады.

Оған қоса, бағалау сомасы 1,5 трлн теңгені құрайтын 46 инвестициялық жоба пысықталып жатыр, бұл қосымша 7 500 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді, – деп айтты Мәдениет және спорт министрі.

Түркістан қаласында туризм саласын дамыту, оның әлеуетін арттыру, әрі туристерге тартымды ету – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Түркістан қаласын дамыту бағытында 2019 жылы 23 нысанның құрылыс жұмыстары басталған. Бүгінгі таңға әкімшілік-іскерлік орталығында 14 нысанның құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Биыл туристер ағыны мен келушілер саны 2 миллион адамға дейін жетеді деп болжануда. «Керуен Сарай» туристік кешені ашылып, оған алыс жақын шетелдерден саяхаттап келушілер саны күн санап арта түсуде.

Жеке инвестициялар есебінен республикада теңдесі жоқ көпфункционалды «Керуен Сарай» туристік кешеніне – 88 млрд теңгенің инвестициясы тартылды. Мұндағы шығыс үлгісінде салынған бірегей кешенде қолөнершілері бар жабық базарлар, шығыс базары, сауда орталықтары, гандола қайықтарының жүзуіне арналған су арналары, ойын-сауық орталығы, сондай-ақ халықаралық деңгейдегі қонақ үйлер саяхатшыларға сапалы қызмет көрсетуде. Қазіргі таңда мұнда 600-ден астам жаңа жұмыс орындары ашылған.

Таяуда «Қасқасу туристік-рекреациялық кешені» жобасы іске асырылады. Түркістан, Шымкент және Ташкент арасында жоғары жылдамдықты теміржол жобасы жүзеге асырылмақ.

Туризмді халықаралық деңгейде дамыту мақсатында Өзбекстан мен Қазақстан өңіраралық ынтымақтастығының форумы аясында Үкімет басшыларының қатысуымен Ташкент, Самарқанд, Бұхара облыстары мен Түркістан облысы құрамдастырылған турларды әзірлеу және оларды әлемдік нарықтарда ілгерілету бойынша төрт жақты келісімге қол қойылды. Биыл Түркістан, Шымкент және Ташкент арасында жоғары жылдамдықты теміржолдың жобасы жүзеге асырылатын болады. Бұл жобаны іске асыру екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастық пен туризмді дамытуға оң әсер береді. Оның сыртында зияратшы саяхатшылар Арыстанбап, Ясауи кесенелерін аралаған соң, Өзбекстандағы Бұхара, Самарқан қалаларына да кідірмей жете алатын болады.

Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани орталығына айналдыру және туристерді тарту мақсатында Қ.А.Ясауи кесенесінің айналасында ашық аспан астындағы мұражай, амфитеатр және мәдени демалыс орындары қызмет көрсетуде. Қазақстандағы туризм саласындағы кадрлардың қажеттілігін және қалада көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруды ескере отырып, Түркістанда Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті ашылған.

Облысымыз тарихи және мәдени нысандарға бай өлке. Өз кезегінде өңірде Түркістан, Кентау қалалары мен Отырар, Ордабасы, Бәйдібек аудандары бағытында тарихи-танымдық туризмі, Сарыағаш курорты аумағында емдік-сауықтыру туризмі, Түлкібас, Төлеби, Қазығұрт аудандарында экологиялық туризм түрлері қарқынды дамып келеді. Соның бірі ретінде туризмді дамытудағы алар орны ерекше «Қасқасу туристік-рекреациялық кешені» жобасы іске асырылуда.

Бұдан бөлек, Түркістан қаласының тарихи орталығында жергілікті халықпен туристерге облыстың туристік нысандары, оның ішінде тарихи-мәдени, емдік-сауықтыру, табиғи орындары бойынша «Бір терезе» қағидасымен ақпарат ұсынатын «Қабылдау Орталығы» ашылған. Онда туристер тек қана ақпарат алып қана қоймай, өңірдің тарихымен және қаладағы орналастыру, тамақтану орындары бойынша ақпараттар ала алады.

Қазіргі таңда туризм индустриясы қала бюджетіне қомақты қаржы түсіріп қана қоймай, қонақүйлер, көлікпен тасымалдаушылар, дәмхана, мейрамхана, түрлі қызмет көрсету салалары да сапалы қызмет көрсетуімен табысын тасыта түсуде. Киелі шаһардың кешенді дамуына ықпал ететін туризм индустриясының болашағы жарқын.

Leave a reply