ТҮРКІСТАНДА ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен жұмыспен қамту мәселелеріне арналған кеңейтілген жиын өтті.
Жиынға қала әкімдігі, мемлекеттік мекемелер, жұмыспен қамту саласының өкілдері мен әлеуметтік сала мамандары қатысты.
Жиын барысында Түркістан қалалық мансап орталығының 2025 жылға арналған жұмыс жоспарлары мен жыл басынан бері атқарылған жұмыстар тыңдалды.
Биыл Түркістан қалалық мансап орталығы субсидияланған жұмыс орындары бойынша 2835 адамды қамтуды жоспарлап, оның ішінде қоғамдық жұмысқа – 1112, жастар практикасына – 1182, «Күміс жас» жобасына – 253, әлеуметтік жұмыс орындарына – 287, арнайы жұмыс орнына – 1, тұрақты жұмысқа – 4678, ал «10 мың тұрғынға – 100 жаңа жұмыс орны» бағдарламасы аясында – 2220 адамды тарту көзделген.
Жиында сондай-ақ «Ұлттық жоба» өңірлік картасы шеңберінде қала бойынша 30 жоба арқылы 335 жаңа жұмыс орны ашылатыны атап өтілді. Бұдан бөлек, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған 29 квотаның 11-і орындалса, пробация есебінде тұрған және әлеуметтік осал топтарға да арнайы жұмыс орындары белгіленген.
Сонымен қатар, Түркістан облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ тарапынан 2025 жылға Түркістан қаласы бойынша 11096 адамды жұмыспен қамту жоспары бекітілген. Бұл көрсеткіш жыл соңына дейін толық орындалады деп жоспарлануда.
Жиын соңында қала әкімі жауапты бөлімдерге нақты тапсырмалар жүктеп, жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті.