ТҮРКІСТАНДА ҮШ АУЫСЫМДЫ ОҚУ ЖҮЙЕСІ ЖОЙЫЛАДЫ

0
142

Атап айтқанда, осы ұлттық жоба аясында білім саласы 2025 жылы Қазақстан үш ауысымды оқудан және барлық апатты мектептен толығымен құтылады деп белгіленіп отыр. 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылатын «Жайлы мектептің» басты мақсаты ретінде «Орта білім беру ұйымдарында оқушы орындарының тапшылығын, үш ауысымды оқытуды және мектептердің апаттылығын жою» деп нақты көрсетілген.

Қазіргі таңда Түркістан қаласында бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымдары саны 34 болып отыр. Онда білім нәрімен сусындап жатқан жалпы оқушылар саны 48697-ге жетіп отыр.

Биылғы оқу жылында екі ауысымда 30 мектеп болса, үш ауысымда төрт мектептің балалары оқиды. Олар Қазыбек би атындағы №14 жалпы орта мектебі, М.Жұмабаев атындағы №15 жалпы орта мектебі, Изатуллаев атындағы жалпы орта мектебі, №23 жалпы орта мектебі. Оның сыртында қалаға көшіп келушілер мен демографиялық жағдайдың дамуынан үш ауысымға өту қаупі бар үш мектеп кезегін күтулі. Хамза атындағы №2 мектепте орын тапшылығы 183, Ж. Жабаев атындағы №11 мектепте 151, Н. Төреқұлов атындағы №8 мектепте 520-ға жетіп отыр.

Оқу ағарту министрінің мәлімдеуінше, елімізде 2025 жылға қарай 840 мыңнан астам жаңа оқушылық орын ашылады. Ол мектептердің барлығы бірегей архитектуралық стильде тұрғызылады және жаңа құрылыс стандарттарына сай салынады. Олардың бәрі бірдей болмаса да, көпшілігі таза қазақ мектебі болады деп күтіледі. Бұл жаңа мектептердің бәрінің құрылысын бір ұйым үйлестіреді. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Президент тапсырмасымен, «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы осы орта білім беру ұйымдары объектілерінің нысаналы құрылысы жөніндегі Бірыңғай оператор ретінде айқындалды.

Оқу-ағарту министрі Жолдауда Мемлекет басшысы жемқорлықтан тәркіленген қаражатты мектеп салуға жұмсауға тапсырма бергенін еске салды. Оның мәліметінше, бұл мәселе бойынша заңнамалық өзгерістер әзірленді, осы бағытта жұмыс қолға алынып жатыр. Ол жақтан да миллиардтар ағындайтыны белгілі болып отыр. Активтерді қайтару жөніндегі комиссияның ресми өкілі Зейін Әліпбектің хабарлауынша, биылғы 5 ай ішінде 630 миллиард теңгенің заңсыз әкетілген активтері мемлекетке қайтарылды. «Қылмыстық істерді тергеп-тексерудің және монополиясыздандыру жұмыстарының аясында мемлекетке шамамен 595 млрд теңге өтелді. Антикор алыс шет елдерден шамамен 230 млн доллар тұратын зергерлік бұйымдарды қайтара алды», – деп нақтылады ол.

Ел Президенті «тарихи» құрылыс көрігін қыздыратын тағы бір табыс көзін атаған. Мұны Үкімет басшысы Әлихан Смайылов растап отыр. Ол қараша айында коррупционерлерден кәмпескеленген ақша мектеп құрылысына бағыттала бастайтынын жеткізді.  «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, сыбайлас жемқорлардан алынған қаражат мектептер мен оларға қосымша құрылыстар салуға бағытталатын болады. Бүгінгі таңда республика бойынша 100 млрд теңге туралы сөз болып отыр. Қаражат бөлу қараша айында басталады», – деді Премьер-Министр.

Leave a reply