Пятница, 9 мая

ТҮРКІСТАНДА ҰЛЫ ЖЕҢІСТІҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН «ЕР ЕСІМІ – ЕЛ ЕСІНДЕ» МЕРЕКЕЛІК ІС-ШАРАСЫ ӨТТІ

0
20
ТҮРКІСТАНДА ҰЛЫ ЖЕҢІСТІҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН «ЕР ЕСІМІ – ЕЛ ЕСІНДЕ» МЕРЕКЕЛІК ІС-ШАРАСЫ ӨТТІ
✔️Түркістан қаласындағы «Жеңіс» саябағында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ер есімі – ел есінде» атты іс-шарасы өтті. Салтанатты шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері, жастар мен қала тұрғындары қатысты.
Мерекелік іс-шара әскери оркестрдің сүйемелдеуімен орындалған ҚР Мемлекеттік Әнұранымен басталды.
✔️Аймақ басшысы салтанатты жиынға жиналған жұртшылықты айтулы мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
– Сіздерді 9 мамыр – Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Биыл Ұлы Жеңіске 80 жыл толып отыр. Екінші дүниежүзілік соғыста қазақ халқы ерекше ерлігімен көзге түсті. Елде қалған жерлестеріміз тылда аянбай еңбек етті. Жеңіс күні – батырларды еске алып, ерлігін ұлықтайтын күн. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қазақстан адамзаттың ортақ жеңісіне, жер бетінде әділдік пен бостандықтың салтанат құруына өлшеусіз үлес қосты» деген болатын. Сондықтан, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне құрмет көрсету, ерліктерін келешек ұрпаққа үлгі ету – баршамызға ортақ міндет. Биыл Кеңес одағының батырлары – Бауыржан Момышұлының туғанына – 115 жыл, ал Әлия Молдағұлованың туғанына –100 жыл толып отыр. Қос қаһарманның ерлікке толы өмірі – ұрпақ үшін өнеге! Біз ардагерлеріміздің ерлігін ұмытпаймыз және мәңгі есте сақтаймыз! Елімізде әрқашан бейбітшілік заман, ұрпағымыз аман болсын! Тәуелсіз еліміздің мәртебесі биіктей берсін! – деді облыс әкімі.
✔️Алапат майданға Оңтүстік өңірінен 140 мыңнан астам азамат аттанып, Отанды қорғады. Бүгінде облыста Ұлы Отан соғысының 8 ардагері бар. Қарт майдангерлерге мемлекет тарапынан тұрақты түрде қолдау көрсетілуде. Олардың қатарында тыл ардагерлеріне, Ұлы Отан соғысының қатысушыларына теңестірілген 3 мыңнан астам ардагер бар. Батырлар тиісті материалдық көмек пен толық қамтылды.
✔️Нұралхан Көшеров мерекелік жиынға қатысушылармен бірге «Даңқ» аллеясын аралап, көрмені тамашалады. Батырлар рухына құрмет көрсетіп, «Мәңгілік алау» алдында гүл шоқтарын қойды.
✔️Биыл елімізде цифрлық «Batyrlarga tagzym» интерактивті платформасы іске қосылды. Платформада батырлардың есімдерімен қатар архивтік фотосуреттер мен құжаттар цифрлық форматта ұсынылған. Платформаны қолдану үшін «Жеңіс» саябағында үш интерактивті LED экран орнатылды. Мерекелік іс-шараға қатысушылар өз ата-бабаларының есімін іздеп, олардың ерліктері мен тарихи деректерімен, өмірбаянымен танысуға мүмкіндік алды.
✔️Салтанатты іс-шара қала тұрғындарына арналған мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты. Концерт шымылдығы театр актерлері және «Шаттық» би ансамблінің «Сағынышты сарп еткен Ұлы Жеңіс» театрландырылған хореографиялық қойылымымен түрілді.
✔️Аймақ басшысы бірқатар азаматқа «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медалін табыстады.
✔️Республикаға, облысқа танымал әншілер мен өзге де өнерпаздар патриоттық әндер шырқап, қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Концерт соңында әншілер «Жеңіс күні» әнін шырқады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Leave a reply