ТҮРКІСТАНДА «ӨМІР БҰЛАҒЫ» ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ
Елімізде 1 шілдеден бастап адамның туылғанынан жалпы өмірлік циклы бойынша мәселелерін реттейтін Заңнамалар жиынтығы Әлеуметтік кодекс күшіне енді. Оның ішінде мүгедектігі бар адамдарға арналған оңалту техникалық құралдарының түрлерін кеңейту, сапасын жақсарту секілді жүйелерді транформациялануда.
Бүгін Түркістан қаласында мүгедектігі бар балаларды тәрбие және оқумен қамтамасыз етуге арналған «Өмір бұлағы» оңалту орталығы ашылды. Салтанатты жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева, ҚР Еңбек және әлеуметтік көмек комитетінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысы Руслан Тұңғышбаев қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары құттықтау сөзін арнап, оңалту орталығының тәрибеленушілеріне сыйлықтар үлестірді. Сондай-ақ көрсетілетін әлеуметтік қолдауларға тоқталды.
— Жаңадан қабылданған Әлеуметтік кодекске сәйкес ірі интернат үйлерінен шағын әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына кезең-кезеңмен өту жоспарлануда. Әсіресе, ауылды жерлерде қызметтерді алуға қолжетімділікті арттырады. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен еліміздің 7 өңірінде пилоттық жоба іске қосылды. Бұл тізімге Түркістан облысы да енгізілген. Бүгін ашылып жатқан шағын орталық осы пилоттық жоба аясында іске асырылып отыр. Бұл шағын үй мүмкіндігі шектеулі 20 баланы қабылдай алады. Балалар өз үйіндей сезінуі үшін жан-жақты жағдайлар қарастырылуда, – деді Ермек Кенжеханұлы.
Шараға қатысушылар мұнан соң ерекше балалар дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалап, өнерпаз бүлдіршіндерге талантына тәнті болды. Әрі қарай арнайы бөлмелерді аралап, танысты.
Әлеуметтік қызметтер екі жағдайда – жартылай стационарлық және күндіз үйде көмек көрсету бойынша ұсынылып келеді. Бүгінгі таңда облыс бойынша 8 мыңнан астам адам арнайы қызмет түрлерімен, оның 6 пайызға жуығы 5 үкіметтік емес ұйымдар арқылы қамтылуда. Ал Түркістан қаласында арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсететін екі ұйым жұмыс істейді.
Әлеуметтік саладағы стандартқа сәйкес балаларға кепілдендірілген арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі және адам басына шаққандағы нормалары енгізіледі. Арнаулы әлеуметтік қызметтердің жаңа стандарттары әзірленді. Қазіргі таңда адам басына шаққандағы нормалар шешілуде, ол өз кезегінде әлеуметтік қызмет көрсету саласына жеке секторды тартуға ықпал етеді.
Пилоттық жобаның нәтижелеріне қарай 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап республика бойынша қызмет көрсету мен оның құнын төлеудің жаңа тетігі енгізілетін болады.