ТҮРКІСТАНДА 2025 ЖЫЛҒА ДЕЙІН 11 МЕКТЕП САЛЫНАДЫ
Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев рухани шаһар тұрғындарымен кездесуінде баяндады. Аталмыш жиынға қала тұрғындарымен қатар халық қалаулылары, зиялы қауым өкілдері қатысты.
«Облыста 945 мектепте 509 700 бала оқиды. 2021 жылы бюджет есебінен 78 мектептің құрылысы жүргізіліп, оның ішінде 44 мектептің құрылысы аяқталды. Жеке инвестиция есебінен 37 мектеп салынды. 30 мектепке күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 91 мектептің асханасы жаңғыртылды.
Оқушылардың қауіпсіздігін сақтау үшін 906 мемлекеттік мектеп толығымен бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілді. Оның ішінде, 559 мектебінің бейне камерасы полицияның жедел атқару орталығына интеграцияланды. Колледж және университет студенттері 1 208 орындық жатақханамен қамтамасыз етілді. «Жас маман» жобасымен 4 колледжге 1,2 млрд. теңге бөлініп, халықаралық стандартқа сәйкес материалдық- техникалық базасымен жабдықталды. Биыл жалпы 6 092 орынға мемлекеттік тапсырыс бөлінді. Түркістан қаласында 2025 жылға дейін қалада 11 мектеп салынады деп жоспарлануда, оның 11-і бюджет есебінен. 2021 жылы 900 орындық мектеп, 720 орындық Назарбаев зияткерлік мектебі 120 орындық жатаханасымен салынды. Бұдан бөлек, 6 жекеменшік мектептер пайдалануға берілді», – деді өңір басшысы.