Пятница, 20 сентября

ТҮРКІСТАНДА 570 ОРЫНДЫҚ КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНА САЛЫНАДЫ

0
15

Түркістан қаласында 570 орындық көпбейінді аурухана салу жоспарлануда. Сондай-ақ Облыстық балалар ауруханасы және «Ана мен бала» орталығының да құрылысын жүргізу көзделіп отыр. Бұл туралы бүгін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ҚР жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында хабарлады.

Денсаулық сақтау саласын ілгерілету мен медициналық жабдықтармен қамту бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде өткен жылы ауру-жітім көрсеткіші төмендеді. 4 аурухана антиограф, 2 аурухана компьютерлік томографиямен жабдықталып, 1016 дана салаға қажетті техника алынған. Осылайша медициналық жабдықтармен қамту деңгейі 84%-ды құрады.

Облыста 45 медициналық ұйым жұмыс істейді. Онда 5509 дәрігер және 19154 орта персонал халыққа қызмет көрсетеді. Өткен жылы 31 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізіліп, оның 17-і ел игілігіне пайдалануға берілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 млн. халық тұратын оңтүстік аудандар үшін Сарыағаш қаласында перинаталдық орталығы мен заманауи медицналық кешен салуды тапсырған болатын. Қазіргі таңда нысан құрылысы үшін жер учаскесі бөлініп, жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде.

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында ауылдарда 49 жаңа нысан салынады. Жергілікті тұрғындардың сұранысы ескеріледі. 2022 жылы 5 нысан күрделі жөндеуден өтсе, 2023 жылы қосымша 2 нысанға жөндеу жүргізіледі.

Бұдан бөлек, Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлының тапсырмасына сәйкес, халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету мақсатында облыста 4 аудандық орталық аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Оның ішінде Ордабасы аудандық орталық ауруханасының жөндеу жұмыстары толық аяқталып отыр. Сондай-ақ, Сарыағаш пен Жетісай аудандық орталық ауруханалары биыл жыл соңына дейін ел игілігіне пайдалануға беріледі. Сайрам ауданындағы медициналық нысанның жөндеу жұмыстары 2024 жылы басталады. Бұдан бөлек, күрделі жөндеуден өткен барлық медициналық мекемелер материалдық-техникалық базамен толық қамтамасыз етілетін болады. Сонымен қатар, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыста 49 жаңа алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету нысанын салу жоспарланған.

Leave a reply