Түркістанда 7000-ға жуық жол белгісі орнатылған
Киелі Түркістанды қауіпсіз қала ету басты мәселелердің бірі. Бұл түрленген шаһардың туристік әлеуетін арттырудың негізгі тетіктерінің бірі. Қаланың ажарын ашып, сәнін келтіретін зәулім ғимараттар мен жайлы демалыс орындары ғана өсудің бірден-бір жолы деп қарауға болмайды. Әлемдік туризмнің бірегей ордаларына баланатын сіз бен біз білетін Париж, Лондон, Дубай сынды мегаполистер тек тамаша табиғатымен немесе көздің жауын алар нысандарымен ғана ерекшеленбейді. Ондағы тәртіп те таңдай қағып, таңырқай қарауға сеп болары сөзсіз. Сондықтан да, түбі бір түркі елдерінің атажұртына айналған Түркістандағы тәртіп саласына да мән берілуі кезек күттірмес мәселе.
Осы орайда шаһардағы жол белгілері мен бағдаршамдардың біршама көбейіп, бейнежазба камераларының арта түсуі алға жасаған алып қадам деуге толықтай негіз бар. Әр 300 метр сайын басқан қадамыңды байыппен басуға итермелейтін «Сергек» бақылау камералары тәртіпке бағынғанның құл болмайтынын үйретіп, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің ақыл тоқтатып, абайлап жүруіне өзіндік әсерін тигізгені жасырын емес. Қызыл көзі көптің үрейін алып, сары көзі сақтыққа үйретіп, жасыл көзі жан-жағына жалтақтап жүруге демеу болған бағдаршамдар саны да ай санап артып келеді. Сөзіміздің дәлелі ретінде ағымдағы жылы орнатылуға жоспарланған су жаңа 5 бағдаршамды айтсақ болады. Оның біреуі көпшіліктің сұрауы бойынша Әмір Темір мен Сұлтанбек Қожанов көшелерінің қиылысында орын теуіп үлгерді. Ал, 2022 жылы Түркістан қалалық полиция басқармасының нұсқаулығымен 7 жерге жаңа бағдаршам орнатылған. Жалпы, шаһарда 77 бағдаршам жол тәртібінің бұзылмауына септігін тигізіп тұр. Осы тұста, қарт қаламызда бағдаршамдардың 3 түрі жұмыс жасайтынын айтуға болады. «Х» тәрізді және «Т» тәрізді бағдаршамдармен қатар, жаяу жүргіншілерге арналған бағаналарда өз қызметін қалтқысыз атқарып тұрғанын тілге тиек етпекпіз.
Жол тәртібінің тағы да бір айнымас бөлігіне жол белгілерін жатқыза аламыз. Бүгінгі таңда қалада 7000-ға жуық жол белгісі орнатылған. 2022 жылы 1846 жол белгісін, ал ағымдағы жылдың басынан бері 1237 жаңа жол белгілерін Түркістан қалалық әкімдігіне қарасты «Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары» бөлімі орнатқан. Бұл жайында бөлімнің бас маманы Ардақ Бақдәулет редакцияға берген сұқбатында баян етті. Сонымен қатар, сала маманы шаһар тұрғындарының жол белгілерін бүлдіру фактілері тіркелетінін жасырмады. Әсіресе, қала орталығынан алшақтау орналасқан көшелерде мұндай қиындықтар жиі кездесетін көрінеді. Бұзақылар жол белгілері тақтайшаларын майыстырып кетуі, тіпті, әдейілеп бұрамалы болттарын ажыратып тастайтындар да анықталған.
Қоғамдық тәртіптің тағы бір ажырамас бөлігі – жол бөлу сызбалары. Бұл бағытта да жұмыстар бір сәтке де тоқтаған емес. Мәселен, өткен жылы 70 көшеге жаңа жол бөлу сызықтары түссе, 2023 жылы 60 көшенің жол бөлу сызығы жаңаланған. Бұл жұмыстар жыл сайын көктем және күз мезгілдерінде дәстүрлі түрде жүргізіліп келеді. Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты жасанды жол кедергілері де арта түскенін айтуымыз керек. Ашып айтар болсақ, биылдың өзінде қала көшелеріндегі 20 нүктеге жаңа жасанды кедергі орнатылып үлгерген. 2022 жылы бұл меже 21-ге жеткен көрінеді. Негізінен кедергілердің өзінің орнатылу тәртібі барын айта кеткен жөн. Дәлірек айтсақ, жасанды жол кедергілері жаяу жүргіншілер көп жүретін аумақтарда, балабақшалар мен мектептер жанында орнатылады.
«Тәртіпке бағынған – құл болмайды» – деген еді батыр Бауыржан Момышұлы. Бәукеңнің айтқан сөзінің жаны барына күн өткен сайын көз жетіп келеді. Қала тұрғындарының талапқа көніп, тәртіпке бағынуы сүйікті қаламыздың Орта Азияға ғана емес, барша әлемге танымал туризм орталығына айналар жолдағы жасаған ең маңызды қадамдарының бірі. «Әркім өз ауласын таза ұстаса, бүкіл қала таза болады» – деген сөздің санаға сіңіп, ойда жатталуы бүгінгі күннің басты талабы. Мақаламыздың басында сөз еткен Франция астанасы Париж де, Ұлыбританияның бас қаласы Лондон да, Араб елдерінің мақтанышы Дубай да бір күннің ішінде жаһандық жайлы қалалар қатарында болмағаны сөзсіз. Бұл шаһарлар да ең алдымен тұрғындардың тәртібін туралап, жөнге салғанына тарих куә.