Среда, 11 июня

ТҮРКІСТАНДА IT УНИВЕРСИТЕТІ АШЫЛАДЫ

0
6

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының танымал жоғары оқу орындарының филиалын ашу туралы тапсырмасы аясында Түркістан қаласында биыл Оңтүстік Кореяның «Woosong» университетінің филиалы ашылмақ. Білім ордасы туралы қызықты деректерді өңір тұрғындарының назарына ұсынамыз.

Бүгінде білім ордасының құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Түркістан облысының әкімдігі мен Корея Республикасының «WOOSONG» білім қоры арасында Түркістанда «WOOSONG» университетінің ақпараттық технологиялар саласындағы университетін құру туралы келісім жасалған. Оқу орны 2340 студентке дейін қабылдауға қауқарлы. Студенттер «Жасанды интеллект және үлкен деректерді талдау», «Бағдарламалық қамтамасыз ету», «Төртінші дүниежүзілік ІТ өнеркәсіптік революция (ақылды зауыт)», «Мультимедиа және веб дизайн» факультеттерінде білім алады. Түркістан облысы әкімдігі тарапынан гранттар бөлу мәселесі бойынша қажетті жұмыстар атқарылуда. Студенттер үшін жергілікті жеке кәсіпкер есебінен 600 орындық жатақхана құрылысы жүргізілуде.

Осыған байланысты ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек облыс орталығынан салынып жатқан ІТ университетінің құрылысымен танысты. Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Оңтүстік Кореяның «Woosong» университетінің филиалында болып, жаңа нысанның ішін аралап көрді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров министрге қазіргі жағдайды баяндап, атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел аумағында танымал жоғары оқу орындарының филиалын ашу туралы тапсырмасы аясында облыста бірқатар жұмыстар атқарылуда. Түркістан қаласы облыс орталығы атанғаннан бері Халықаралық туризм және меймандостық университеті ашылды. Облыс орталығынан «Woosong» университетінің филиалын ашуды биылға жоспарлап отырмыз. Құрылыс жұмыстары қарқынды. Түркістан облысы әкімдігі тарапынан гранттар бөлу мәселесі бойынша қажетті шаралар қабылдануда. Біз жастарымыздың сапалы білім алуына барлық мүмкіндіктерді қарастыруға дайынбыз. Оқу орны ақпараттық технологиялар саласының халықаралық деңгейдегі кадрларын даярлауға мүмкіндік беретініне сенеміз, – деді Нұралхан Көшеров.

Бұл бастаманы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі және Түркістан облысы әкімдігі бірлесе жүзеге асыруда. Жаңа ғимаратты биыл маусым айының соңында пайдалануға тапсыру көзделуде. Қазіргі таңда жұмыстар 85%-ға аяқталған. Студенттер үшін жергілікті жеке кәсіпкер есебінен 600 орындық жатақхана құрылысы жүргізіліп, аяқталуға жақын.

Жаңа нысандағы жұмыстармен танысқан Ғылым және жоғары білім министрі оқу орнын білікті кадрлармен қамту мәселесін жіті назарда ұстауды, жұмыстарды мерзімінде аяқтауды тапсырды. Министрлік тарапынан қолдау көрсетілетінін атап өтті.

ІТ университеті 4 факультеттен тұрады. Нақтырақ айтқанда, студенттер жасанды интеллект және үлкен деректерді талдау, бағдарламалық қамтамасыз ету, төртінші дүниежүзілік IT өнеркәсіптік революция, мультимедиа және веб дизайн бағыттары бойынша білім алады. Жаңа оқу жылында 2 факультетті ашу жоспарлануда. Жоғарғы оқу орны 2340 студентке дейін қабылдай алады. Студенттер әлемдік деңгейде білім алып қана қоймай, халықаралық тәжірибеден өтуге, еңбек нарығында сұранысқа ие маман атануға мүмкіндік алады. Одан бөлек, «қос диплом» бағдарламасымен білімін Корея елінде жалғастыру, сол елде жұмысқа орналасу мүмкіндігі қарастырылған.

Түркістан облысының әкімдігі мен Корей Республикасының «WOOSONG» білім қоры арасында Түркістан қаласында «WOOSONG» университетінің ақпараттық технологиялар саласында «Вусонг Қазақстан» университетін құру туралы келісім жасалып, ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Жобаны іске асыру бойынша серіктес ретінде «BOLD Construction Group» ЖШС анықталған. «Түркістан қаласында әкімшілік ғимарат салу» инвестициялық жобасын іске асыру жөнінде бірлескен қызмет туралы келісім жасалды.

Айта кетейік, бүгінде Қазақстандағы Вусонг университеті (WSUK) 2025 жылғы күзгі семестрге қабылдауды бастаған. Түркістанда ашылатын Woosong University-дің алғашқы халықаралық филиалы биыл қыркүйек айында өз жұмысын бастайды. Бұл – ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Түркістан облысы әкімдігімен ынтымақтастықтың нәтижесінде жүзеге асып жатқан жоба.

WSUK – Орталық Азияда ақпараттық технологиялар саласындағы білікті мамандарды даярлауға бағытталған. Университет Қазақстан студенттері мен жас мамандарына жоғары сапалы IT білімін, әсіресе жасанды интеллект пен деректер ғылымына баса назар аударуды ұсынады. Екі жылдық оқуын аяқтаған студенттер Оңтүстік Кореядағы Вусонг университетінде немесе әлем бойынша 630-дан астам серіктес университеттерде білімін жалғастыру мүмкіндігіне ие болады.

Жаңа кампуста не ұсынылады? Жаңа кампуста ағылшын тілінде мынадай бағдарламалар ұсынылады: Жасанды интеллект және Data Science, Бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу, Киберқауіпсіздік, Мультимедиа және веб-дизайн, Бағдарлама түлектері Оңтүстік Кореяда арнайы визалық бағдарламалар арқылы жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Қабылдауға арналған минималды талаптар:

  1. Ағылшын тілі тестінің нәтижелері: IELTS бойынша кемінде 5.0 балл немесе оған тең балл:
  2. a) Эквивалентті тесттер: IELTS, TOEFL iBT, Оксфорд тесті, CEFR, Duolingo, Tips, PTE Academic, TOEIC
  3. b) IELTS нәтижесі 5.0-ден төмен талапкерлер үшін: егер ҰБТ-дағы ағылшын тілі баллы 65%-дан жоғары болса (100 балдық жүйе бойынша), қабылдау комиссиясы оны IELTS 5.0 баллына тең деп санайды.
  4. c) ҰБТ-да жоғары балл (ең жақсы 15%) жинаған талапкерлер ағылшын тілі тестінен босатылады.
  5. Эквиваленттілік кестесімен https://wsuk.wsu.ac.kr/sub04/01.html сайтынан танысуға болады.
  6. Орта мектепті аяқтаған түлек болуы қажет.
  7. ҰБТ нәтижелері (кемінде 50 балл), бұл талап Қазақстаннан тыс жерде оқыған оқушыларға қолданылмайды. Егер талапкерлердің IELTS нәтижесі 6.0 және одан жоғары болса, ҰБТ баллдары есепке алынбайды.

 

Leave a reply