Thursday, November 21

Түркістандықтар үшін тың кәсіп

0
116

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Экология» ғылыми зерттеу институты еліміздің оңтүстік өңірі аймағының экологиялық зардап шегуіне байланысты экологиялық мәселелерді шешу мақсатында 2001 жылдың 1 қыркүйегінде құрылған болатын.
2008 жылдан бастап «Экология» ғылыми-зерттеу институтын техника ғылымдарының докторы, профессор Ақбасова Аманкүл Жақанқызы басқарып келеді. 2008 жылы институт ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі табиғи ресурстарды қорғау және пайдалану қызметтеріне қатысты жұмыстар жүргізуге Мемлекеттік лицензиясын (01234Р №0042385) алды.
ҚР ұлттық аккредиттеу орталығы еліміздің техникалық реттеу туралы заңнамаларында белгіленген тәртіппен, ҚР СТ ИСО/ХЭК17025-2007 «Сынақ және калибрлеу зертханаларының құзыреттілігіне қойылатын жалпы талаптарды» негізге ала отырып, институттың «Экологиялық бақылау және химиялық талдау» зертханасын аккредиттеуден өткізіп, 2010 жылдың 18 наурызында № KZ.И.16.0727 Аккредиттеу туралы аттестат берілді. Қазіргі уақытта зертхана сапа менеджменті жүйесі бойынша әр бес жылда аккредиттеуден өткізіліп тұрады.
Біз «Экология» ғылыми зерттеу институтының директоры, профессор Аманкүл Ақбасовамен институттың тыныс-тіршілігі туралы әңгімелескен едік.
– Аманкүл Жақанқызы, жалпы ғылыми зерттеу институты қандай бағыттарда жұмыс істейді?
– «Экология» ғылыми зерттеу институтының басты мақсаты – биосфера нысандарына түсетін антропогендік қысым деңгейін төмендете алатын, өндіріс қалдықтарын өңдеу мен іске асыруға бағытталған экологиялық тұрғыдан тиімді технологияларды жасау және оларды өндіріске енгізу.
Табиғи материалдар және антропогендік қалдықтарды өңдеу арқылы алынған белсенді заттар мен басқа да өнімдерді пайдаланып, жаңа геохимиялық кедергілер, ремедиация әдістері арқылы ластанған экожүйелерді залалсыздандыру мен зарарсыздандырудың экологиялық және экономикалық тұрғыдан тиімді технологиясын жасау. Осы ретте, біз Түркістан – Кентау – Отырар аймағы бойынша «Қатты тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу арқылы екінші ретті шикізаттық, тауарлық өнімдерді алудың экологиялық үйлесімді, әрі тиімді технологиясын жасау және оны ендіру» атты гранттық қаржыландыру негізіндегі жұмыстарды жүргізіп келеміз.
Инститтутың ғылыми-тәжірибелік қызметінің негізгі бағыттарына қоршаған ортаны сауықтыру мен қалпына келтіру, табиғи ресурстарды тиімді кешенді түрде пайдалану, биологиялық алуантүрлілікті сақтау, тұрғындар денсаулығына экологиялық тұрғыдан қолайлы жағдай туғызуға сеп болу, дүниежүзілік мұраның тарихи-мәдени және архитектуралық ескерткіштердің тұрақты сақталуына қатысты зерттеу-бақылау жұмыстарын жүргізу жатады.
– Институттың зертханасы туралы қысқаша айтып өтсеңіз.
– «Экология» ғылыми-зерттеу институтының «Экологиялық бақылау және химиялық талдау» зертханасы бар. Бұл жерде экологиялық сараптау жұмыстары, су, топырақ сынамаларына физика-химиялық және биологиялық талдаулар жасалынады, ауа атмосферасын тазалау және мониторинг, құрылыс материалдарын қалдықтардан алу, технологиялық үрдістердің аз немесе қалдықсыз технологияларды жасау арқылы тауарлық өнімдерді алу, топырақты зиянды қалдықтар мен ауыр металдардан детоксикациялау әдістерін жасау, Ұлы Жібек жолының бойындағы тарихи ескерткіштерді қорғау және қайта өңдеу, дәрілік-профилактикалық биологиялық белсенді заттарды жасау, ауыл шаруашылығындағы жануарларды әртүрлі аурулардан емдеу сияқты кең ауқымды жұмыстар атқарылады.
– «Экология» ғылыми зерттеу институтының теориялық және тәжірибелік жұмыстарының базасында қандай ғылыми негізделген технологиялар жасалынды?
– Жоғары сапалы вермикомпост және калифорниялық құрттардың биомассасын алудың белгілі әдістерімен (ұзақтығы 4-6 ай) салыстырғанда жылдамдатылған, әрі жетілдірілген вермитехнология әдісі жасалды. Алынған құрттардың биомассасы ветеринария мен медициналық практикада құстар мен жануарларға профилактикалық, емдік және тағамдық қоспа ретінде қолданылатын жаңа биологиялық белсенді препараттардың негізі болады. Бұл технология 2016 жылы Ресей Федерациясының өнертабыстық патентіне ие болды (құжат нөмірі №2577059).
Күкірт қышқылын өндіруші өнеркәсіптен шығатын күкірт-перлит құрамды қалдықтар мен ауылшаруашылығының қалдықтары негізінде белгілі әдістерден ерекшеленетін бірқатар құрылыс материалдарының рецептуралары жасалынды (ҚР инновациялық патенті алынды, құжат нөмірі №30232, жариялану күні 17.08.2015ж., Еуразиялық патент №201500458/26, ЕАПО).
Вермитехнология – биотехнологияның бір бағыты. Вермитехнологияда ауылшаруашылығы қалдықтарын, яғни малдардың көңі мен өсімдіктердің шірінділерін бірге араластырып ферментациядан өткізу арқылы біз оған қызыл калифорниялық құрттарды жібереміз. Бұл процесс нәтижесінде құрттардың биомассасы өндіріледі және оларды түрлі мақсатта пайдалануға болады. Фармация мен ауылшаруашылығы өндірісінде, малдарға антибиотик және азықтық қоспа ретінде қолдануға болады. Бұл препарат өсімдіктердің өсуі мен дамуына оңтайлы әсер ететін қасиетке ие, сонымен қатар, мұнаймен, ауыр металдармен және басқа да экотоксиканттармен ластанған топырақтарды детоксикациялауға да жағдай жасай алады. Қытайда, Оңтүстік Шығыс Азия елдерінде жауын құрттарының биомассасында өте жоғары мөлшерде полиқанықпаған майлы қышқылдар болғандықтан бірқатар құнды емдік қасиеті бар преператтар жасайды. Қытай дәстүрлі медицинасында жауын құрттарының биомассасы жас немесе кептірілген, (ұнтақ) түрінде адамның түрлі ауруларын емдеу үшін қолданылып келеді. Біз бұл биомассаны университет Виварийіндегі (Жануархана) жануарлардың жараларын емдеуге қолдандық. Қызыл калифорниялық құрттар негізіндегі биомассадан инфекциялық ауруларды және ветеринариялық жақпа майын (вазелин) жасап шығардық. Бұл препаратты жануарларға ғана емес адамға да қолдануға болады. Өзіміз де қолданып көрдік. Алайда, оған рұқсат алу керек. Рұқсат алу өте машақаты көп (қағазбасты) жұмыс болғандықтан, мұны әзірге жануарларға ғана қолданып отырмыз. Бұл да патенттелген препарат: («Препарат для лечения трихофитии животных». Авторы: Акбасова А.Д., Саинова Г.А., Аймбетова И.О. Патент на изобретение №32326. Опубл. 31.08.2017.).
– Институтта жүзеге асырылып жатқан тағы да қандай іргелі істер бар?
– Соңғы үш жылда Ғылым қорының комерцияландыру бағыты бойынша берілген ғылым грантын жеңіп алып осы бағытта іргелі жұмыс істедік. «Қызыл калифорниялық құрттардың дәрумендірілген биомассасы мен ақуызды азықтық вермиқоспаларды гранула түрінде өндіру» атты жоба аясында жұмыс істедік. Жоба нәтижелі аяқталды. Қор тарапынан берілген қаржы игеріліп, аккредиттелген заманауи өндірістік цех жүйелі жұмыс істеп жатыр. Енді келісім-шарт бойынша жұмыс істеп, өндірілген өнімдерімізді нарыққа шығарып содан қаржы табуымызға болады. Иә, бұған дейін біршама сатуды жолға қойған едік. Әзірге тоқтап тұр. Бұрын жақсы өтті, себебі 1 кг азықтық қоспаның бағасы 400 теңге болатын, қазір оның өзіндік құны 780 теңге дейін көтеріліп кетті. Себебі, оны өндіретін шикізат қымбат. Соған байланысты бағасы да өсті. Қазір де аздап сатып жатырмыз.
Вермитехнология процесін жүргізген кезде калифорниялық қызыл құрттары ауылшаруашылығы қалдықтарын: көңді және өсімдік шірінділерін азық ретінде пайдаланады, содан шыққан шығарынды өнім «биогумус» деп аталады. Биогумус – жерді өңдеуде, топырақты, егістік жерлерге тыңайтқыш ретінде пайдаланылады. Ол топырақтың тозуын тежейтін пайдалы тыңайтқыш. Жемдік қоспаға қарағанда биогумуске көбірек сұраныс бар, әрине. Бірақ, мұны да ұйымдастырып, жарнамасын келістіріп сату жағын бір жолға түсіретін маман болмай тұр бізде. Отырар ауданымен көгалдандыру-абаттандыру жұмыстары бойынша бірқатар шаруашылық келісім-шартымыз бар. Қазір олардың топырағын суын, зерттеп жатырмыз, алдағы уақытта ағаштарды егетін кезде «биогумусты» пайдаланып, жарататын боламыз. Сол себепті, әзірге азын-аулақ көлемдегі сұраныстарға қызықпай, ұстап отырмыз.
Институт сондай-ақ, биоорганикалық, мелиорантты тыңайтқыштар және т.б өнімдер шығарады. Жаңақорғандағы Күкірт қышқылы зауытымен («СКЗ-U» ЖШС) 2012 жылдан бері келісім-шартпен жұмыс істеп келеміз. Біз зауыттың қалдықтарын кәдеге жарату арқылы утильдеу жұмыстарын жүргіземіз. Зауыт бізге жылына 2,5 млн теңге көлемінде қаржы аударып тұрады. Күкірт-перлит құрамды қалдықтың тигізер пайдасы өте зор. Оны сумен, әкпен бірге қайнату арқылы ағаштарды күтіп-өңдейтін күкіртті-әк сығмасын жасаймыз. Осы тұнбаны Ботаникалық бақта, университет кампусындағы ағаштарды күтіп баптауға, түрлі аурулар мен зиянкестерден қорғауға арналған ерітінді ретінде пайдаланамыз. Біраз сарғайған, зиянкестерден зардап шеккен ағаштарды сол тұнбамен өңдеп-емдеп, қалпына келтіруге болады. Бұл әрине, бір жағынан институт жүргізіп жатқан зерттеулер болса, бір жағынан сол зерттеу нәтижелерінің тіршілікте, шаруашылыққа енгізіліп жатқан нәтижелері. Бізге егістіктерден және бау-бақша шаруашылықтарынан түрлі аурулар мен зиянкестерден қорғауға арналған ерітіндімен өңдеу жұмыстары бойынша сұраныстар жиі болады. «Жақсы екен, тиімді екен, бірақ ақшамыз болмай тұр» деп, азын-аулақ алып кетеді. Осы ретте, ылғи айтып жүрмін: өнімдерімізді сату, шаруашылықтарға арзандау бағада жетуі үшін мемелекет тарапынан субсидияланатын болса, тиімді болар еді. Біз тек шығарып беріп отырамыз. Азықтық (жемдік) қоспадан әзірге 2 тонна дайын өнім бар, бигумус болса да дайын тұр. Сұраныс болса, қайтадан алып тағы да шығаруымызға болар еді. Қысқасы, негізінен екі жоба бойынша жұмыс жүргізудеміз: биомасса, биогумус (вермикомпост) және азықтық (жемдік) қоспа. Бірі ауылшаруашылығы өндірісі үшін таптырмас тыңайтқыш болса, екіншісі мал азығы жемдік қоспа (малдың ағзасына пайдалы дәрумендермен байытылған) экологиялық таза өнім, екеуі де шаруалар үшін өте тиімді, пайдалы дүниелер.
Жаңақорғандағы Күкіртқышқылы зауыты («СКЗ-U) мен Ащысай түсті металл комбинаты қалдықтарын пайдалана отырып, түрлі декоративті құрылыс материалдарын жасадық. Университет алдындағы алаңқайға төселген плиткалар магистрантымыз Дилорам Азиханованың магистрлік диссертациясы зерттеулерінің өндіріске ендірілген нәтижесі. Ол плиталар біздің институттың зертханасында жасалды. Патенттелді. («Состав для изготовления декоративных тротуарных брусчаток и бортовых камней» Акбасова А.Д., Курбаниязов С.К., Азиханова Д.К., Есенбаева Ж. Заявка №2018/0195.1 от 26.03.2018.). Міне, осының бәрі институт мамандарының ізденісі, зерттеулердің нәтижесі. Институт ауласында шағын жылыжай құрғанбыз. Сол жылыжайдың қабырғасын да біз пластик ыдыстарға түрлі өндіріс қалдықтарын толтырып, пластик ыдыстармен қалап шықтық. Өндіріс қалдықтарын да, тұрмыстық қалдықтарды да негізі кәдеге жаратуға болады. Жүргізген жобалар бойынша баспадан кітаптарымызды шығардық. Институт қызметкерлері еңбектер жазып, баспадан шығарумен ғана шектелмей, ол зерттеулердің нәтижелерін өндіріске енгізіп жатырмыз.
– Қандай мәселе сізді ойландырады?
– Шүкір деп айталық, университетке де, министрлікке де алақан жайған емеспіз. Өз мәселемізді өзіміз шешуге тырысамыз, көп жағдайда шаруашылық есеппен, келісім-шартпен жұмыс істеп жатырмыз. Жуырда Қызылорда облысынан гербицид алуға тапсырыс алдық. Қазір сол бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Тапсырыс беруші мекеме жол түсетін аумақтардағы өсімдіктерді жоюды тапсырды. Сол өсімдіктерді тамырымен құрту үшін гербицид құрамын жаңартып жасап жатырмыз. Жұмысты Бесарық елді мекенінің топырағын зерттеуден бастадық. Көгалдандыру жұмыстарына қатысты зерттеулер мен талдаулар жасаймыз. Облыс көлемінде көгалдандыру жұмыстарына жарияланған 47 млн көлемінде тендерді жеңіп алғанбыз. Кейбір мәселелермен ол жұмыс бойынша әзірге келісім-шартқа отырған жоқпыз. Бірақ, оны игеруге институттың әлеуеті жетеді.
Біздегі басты мәселе ғылыми-өндірістік зерттеу нәтижелері бойынша шығарған өнімдерімізді, зерттелген технологияларымызды жарнамалап, сату жағын жолға қоятын мамандар жетіспей тұр. Нәтижелі, өндіріске енгізілген зерттеу жұмыстарымыз бар, цех жұмыс істеп тұр, тек коммерцияландыру жағы ақсаңқырап тұр. Ғылымды коммерцияландыру бүгінгі нарық заманының басты талабы екені белгілі.
–Тарихи-мәдени нысандардың тұздануы деген мәселе жиі сөз болып жүр…
– Иә, біздің институт «Түркістан аймағының тарихи-архитектуралық ескерткіштерін тұрақты сақталуын ұзарту мен қорғауға бағытталған құрылыс конструкцияларын тұзсыздандырудың, жоғары сапалы реставрациялық материалдар алудың жаңа жолдары мен әдістерін ұсыну» атты Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің тұздану үдерісін тежеу бойынша жүргізіліп жатқан зерттеу жұмыстарына қатысуда. Алматыдағы «Қазқайтажаңғырту» РМК-мен бірге, инженер-физиктермен бірлесіп зерттеулер жасаймыз. Ресейлік ғалымдар Мәскеудегі Үлкен театр ғимаратын, Франциядағы тарихи ескерткіштердің тұздануын осылай физикалық әдіспен тежеген екен. Біз Арыстанбаб кесенесін де тұздан тазалағанбыз. Бірақ, ол кесененің жағдайы мүлде бөлек, дәл алдында тұзды суы бар құдық орналасқан. Сол құдықтың тұзды суынан тұз көтеріледі. Ясауи кесенесінің тұздану процесі бөлек. Кесенеде жерасты суларының көтерілуінен конденсация процесі болады. Оның үстіне бұрынғы желдету көздерін жауып тастаған көрінеді. Бірақ, мұның шешімі бар, әлгі физикалық әдісті қолданып тұздануды тежеуге болады. Бұл жұмыс алдағы уақытта жалғасын табады. Өңірдегі экотуризмді дамытуға үлес қосу да біздің қызметімізге кіреді.
– Сұхбатыңыз үшін көп рахмет. Өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту бағытында жүргізіп жатқан жұмыстарыңызға табыс тілеймін!

Leave a reply