ТҮРКІСТАНДЫҚТАР 100% АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛАДЫ

0
119

Түркістан – түркі дүниесінің рухани астанасы. Ғасырлардан жалғасқан тылсым тарихтың қойнауына айналған киелі мекеннің барша Тұран даласын мекен еткен бабаларымыз үшін қастерлі, қасиетті орын екеніне күмән жоқ. 2018 жылы еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен облыс орталығына айналған шаһар 5 жыл ішінде адам танымастай өзгергеніне көз куә. Алыс-жақын елдерден ат терлетіп келіп жатқан туристер де, атақоныс мекенді тұрғылықты қонысына айналдырып, көшіп келген тұрғындар да күн санап көбеймесе, кеміген емес. Сондықтан да, қаладағы инфрақұрылымды реттеп, шешімін табу аса маңызды.

Ел тұрғындарының толықтай ауызсумен қамтамасыз етілуі кезек күттірмейтін мәселе екені белгілі. Осы орайда, облыс орталығы атанғанына 5 жыл толған Түркістан қаласындағы жасалынып жатқан жұмыстар да көзге қуаныш, көңілге жұбаныш болып келеді. Себебі, аздаған уақыт ішінде ауқымы кең қиындықтың шешілуі жолға қойылып, тұрғындардың тұрақты судан таршылық көрмеуі үшін жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Сөзіміздің дәлелі ретінде, 42014 абоненттің 41552-сі ауыз сумен толықтай қамтамасыз етілгенін айтсақ болады. Биылғы жоспарға сәйкес, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу басты міндет екенін айтқан болатын қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков.

Әлемде ауыз су тапшылығы қаупі төніп тұрғаны көпке белгілі. Бұл біздің елді де айналып өтпейтіні анық. Аталған мәселені ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы да тілге тиек етіп келеді.

– Су ресурстарын тиімді басқаруға және оларды қорғауға баса назар аудару керек. Осы жұмыста ғылыми ұстанымды, инновацияны, халықаралық озық тәжірибені басшылыққа алған абзал. Біздің елде судың 65%-і ауыл шаруашылығы саласына жұмсалады. Соның 60%-ке жуығы құмға сіңіп кетеді. Мұндай ысырапшылдыққа жол беруге болмайды. Жаңа тариф саясатына көшу қажет. Оны дереу қолға алмасақ, ахуал одан әрі күрделене түсетіні анық, – деген болатын Мемлекет басшысы жыл басындағы Парламенттің бірінші сессиясында.

Түркістан қаласы облыс орталығы болғанға дейін, яғни,  1 қаңтардағы мәліметке сәйкес, шаһардағы су құбырларының жалпы ұзындығы 1738,5 шақырымды құраған болатын. Ал соңғы бес жылдың ішінде, қалада көптеген құрылыстағы өзгерістер мен қаланың ұлғаюына байланысты тағы 339,3 шақырым су құбыры төселді. Қазіргі таңда шаһардағы су құбырларының жалпы ұзындығы 2078 шақырымды құрайды. Мұнан бөлек, ауыз суға арналған, сыйымдылығы 46,0 мың текше метр болатын алты резервуардың құрылыс жұмыстары аяқталды. Бұған дейін Түркістанда сыйымдылығы 26 мың текше метрді алатын бес сұйық су қоймасы болса, қазіргі су сыйымдылығы 72 мың текше метрге жетті. Ондағы таза ауыз судың көлемі шаһар тұтынушыларының қажеттілігін толықтай қанағаттандыруға қауқарлы. Мақаламыздың басында облыс орталығындағы ауыз сумен қамтамасыз ету 100 пайыз шешімін табатынын айтқан болатынбыз. Осы мақсатта атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде шаһар басшысы Нұрбол Тұрашбеков сәуір айында өткізген брифингінде 2023 жылы 4 нысанның құрылысын аяқтау көзделіп отырғанын жеткізген еді. Жоба құны 5160,8 млн. теңгені құрайтынын да жасырмаған болатын қала әкімі.

Түрленген Түркістанды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін пайдаланатын су алу көздері Біресек және Мырғалымсай су жинау резервуарлары. Қала тіршілігі үшін аталған аса маңызды нысандарда 72000 шаршы метр су жиналып, халыққа беріліп келеді. Резервуарлардағы таза суды елге жеткізу күн тәртібіндегі елеулі мәселелер тізбегінен түспек емес. Атқарылған жұмыстардың көптігімен қоса, облыс орталығына қоныс аударып, ай санап артып келе жатқан халық саны да естен шықпауы керек. Демек, жасалынар жұмыстардың да бір сәтке тоқтамасы сөзсіз.

«Жылай-жылай арық қазсаң, Күле-күле су ішерсің» деген сөз бар қазақта. Бүгінгі түрленген Түркістандағы қолға алынған ауыз су мәселесі оңайлықпен оңтайлы шешім табар түйін емес. Сондықтан, қиындықсыз ешбір істің нәтижесіне жетпейтінімізді ұмытпаған жөн. Дәл қазір сұрауы бар судың бағасына жетіп, қадірін білмеске болмайтын уақыт.

Досхан ТӨЛЕГЕНОВ.

Leave a reply