Түркістандық балаларға акциялар ұйымдастырылды
Түркістан қаласында «Мектепке жол» акциясы аясында ұйымдастырылған «Мейірім» іс-шарасына 200-ге жуық бала келіп, сыйлық алды. Жалпы 1000-нан астам оқушыға оқу құралдары бар сөмке берілмек.
Жаңа оқу жылы қарсаңында дәстүрлі түрде өтетін республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясының мақсаты – әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңiнде қолдау көрсету.
«Балалар біздің болашағымыз. Санаулы күнде барлық білім ошақтары оқушыларға қайтадан есігін айқара ашады. Мектеп табалдырығын алғаш аттағылы отырған бүлдіршіндердің қадамдары құт болсын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды “Балалар жылы” деп белгілеуі ол әрине бізге үлкен міндетті жүктейді. Сонымен қатар, облыс әкімі Ө.Шөкеевтің тікелей тапсырмасына сәйкес оқу жылының алдында «Мектепке жол» акциясын ұйымдастырып, қаладағы аз қамтамасыз етілген отбасылардың балаларын оқу жабдықтарымен қамтамасыз ету мақсатында бүгінгі іс шараны өткізіп отырмыз. Осының барлығы ел ертеңі үшін, жастарымыз үшін жасалынып жатыр. Бізге демеуші болған қала кәсіпкерлеріне алғысымды білдіремін. Қаламыздағы жаны жомарт жандар да жыл сайын қолдан келгенше көмек беруден аянып қалып жатқан жоқ»,- деді Нұрбол Әбдісаттарұлы.
Балалар жылында бұл акция «Мектепке жол – Шекарасыз жақсылық» ұранымен өтіп жатыр. Науқанға кез келген адам қатыса алады: еріктілер, бизнесмендер, меценаттар, үкіметтік емес ұйымдар және т.б. Қатысушылар мұқтаж отбасылар мен балаларға қолдау көрсете алады немесе керісінше көмек сұрай алады. Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков Оқушылар сарайында ерекше мерекеге қатысып, бүлдіршіндердің өнерін тамашалады. Түркістандық балаларға сый-сияпат жасап, ізгі ниетін арнады.
Іс-шараға сондай-ақ, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов, әйелдер кеңесінің төрайымы Ұлжан Әбенқызы, әжелер алқасының төрайымы Серім Айғаным және депутаттар қатысып, бүлдіршіндерге құттықтауларын арнады.
Айта кетейік, «Мектепке жол» акциясы демеушілердің көмегімен жүзеге асырылып жатыр.