Түркістандық жас отбасыларға айтарым…

0
152

Соңғы жылдары қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері елімізде отбасы құндылықтарының бұзылуы салдарынан жастар арасында ажырасулардың тым көбейіп бара жатқандығын жариялап жатыр. Елімізде отбасына қатысты нешетүрлі қылмыстық әрекеттерді оқығанда төбе шашымыз тік тұрады. Осыған орай, отбасы институтын сақтау және отбасылық құндылықтарды ілгерілетуге қатысты оқырманмен ой бөліскім келеді.

Түркістандық жас отбасыларға айтарым, «Отан –отбасынан басталады». Әрбір жеке адам өмірінің маңызды бастауы, рухани өзегі – отбасы. Мұндағы негізгі мақсат – отбасылық құндылықтарды нығайту, отбасы ұғымының қоғамдық санамен сабақтасқан ішкі үйлесімін қалыптастыру, әлеуметтік мемлекеттің негізі болар бала мен оның құ-қығын қорғау. Ұлт болашағы мен мемлекет тұғырында отбасы – ең басты құндылық. Баланың қалыптасуы да, ұрпақтың өсіп өркендеуі де отбасынан басталады.

Қазіргі таңда демократиялық құндылықтардың белең алып, жаһандық өзгерістер заманында отбасы құндылықтарын сақтап қалу, оның жастар санасындағы беделін арттыру, сол арқылы «жаңа әлеуметтік жаңғыру кезеңіне» бірлесе аяқ басу, бала тағдырына асқан жауапкершілікпен қарау – аса қажет қадамдардың бірі де бірегейі деп білемін. Халқымызда «Ата көрген, оқ жонар, Шеше көрген тон пішер», «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі», «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер», «Қызым үйде, қылығы түзде», «Баланы ұл қылып тәрбиелесең ұл болады, құл қылып тәрбиелесең құл болады» деген өмірден түйген даналық өлшемдері, тәжірибемен келген ордалы ой тұжырымдары отбасынан басталатын тәлім мен тәрбиенің ақиқаттығын дәлелдейді.

Негізінен отбасының рөлі төмендеген кезде бала сыртқы ортаның әсеріне бейім болады. Мәселен, көп ата-аналар балаларының интернет, әлеуметтік желіден, ұялы телефоннан нені көріп отырғандығын тексермейді. Соның салдарынан мектеп жасындағы ұл- қыздарымызды интернет тәрбиелеп жатыр. Біз жастармен жастар тілінде диалогқа шыға отырып, заман міндеттеген қарым-қатынас платформасын таңдауымыз керек. Бүгінгі әлеуметтік желілер, қоғамдық институттар мен орталықтар тарих тағылымын, халық дәстүрін жастар санасына қолжетімді ерекше мазмұнда бейімдеуге дайын болса ғана ұрпақтар арасында байланыс, яғни сабақтастық орнауы мүмкін. Бұл ретте отбасылық құндылықтарды әр елдің бірегей сипатымен тоғыстыратын тәрбие мектебінің ұстанымдарына жүгінген дұрыс. Біз отбасын сақтау, оның қоғамдық қызметін аса маңызды институт ретінде бағалау арқылы ғана мемлекеттің болашағына зор үмітпен қарай аламыз.

Қазіргі қоғамда отбасы құндылықтары ескерусіз қалып, отбасындағы жылулық, ата-ана мен бала арасындағы түсіністік төмендеп бара жатқаны – ащы да болса ақиқат. Мұның себебі соңғы жылдары әйелдердің феминистік көзқарастары күшейіп, әкенің отбасындағы асыраушылық рөлі төмендеп барады. Себебі, әкелеріміздің білім деңгейі аналарымыздан төмен. Жасыратыны жоқ кейбір ерлер масылдыққа бейім. Майқы би айтпақшы: «Ақырзаман болғанда әйелің базаршы, күйеуің қазаншы боладының» кері келіп тұр. Себебі, өзіміздің Түркістанның өзінде көп отбасылары базар арқылы күн көріп отыр. Яғни, материалдық құндылыққа бекітілген отбасының шырқы осы қаржы мәселесінен туындайтындығын көріп те, естіп те жүрміз. Соңғы жылдары жас отбасылардың арасындағы ажырасудың, ата-аналық құқықтан айырылған адамдардың, алимент төлеуден жалтарған әкелердің тым көбейіп кеткендігін, ата-аналардың баласымен араласу тәртібін анықтауда, балалардың тұрғылықты жерін белгілеуде туындайтын даулар көбейіп кетті.

Статистикалық көрсеткіш бойынша Қазақстанда отау құрған әр үш отбасының біреуі ажырасады екен. Мысалы, қалалық жерлердегі ажырасу деңгейі 40% болса, ауылдық жерлердегі ажырасу деңгейі 27% жеткен. Ажырасулардың 40%-ы алғашқы бес жылда орын алатындығы да ойландырады. Ажырасулардың кесірінен республика бойынша толық емес отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балалар саны жылына 40 000-нан асып отыр. Бұл – жай ғана жалаң цифрлар емес, қазіргі қоғамдық дерттің көрсеткіші. Менің ойымша бұл көрініс, ерлі-зайыптылардың біреуінде отбасылық құндылықтардың болмауы салдарынан деп ойлаймын. Сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық проблемалардың орын алуы және діни көзқарастың қайшылығы сияқты мәселелер де алдымыздан шығуда. Ажырасқан отбасылары отбасын сақтап қалуды емес, кейде ерлі-зайыптылардың жеке басының мүдделері алға шығып жатады. Бұл дерт шындығында асқынып барады. Меніңше, осыған орай еліміздің қоғамдық ұйымдары, медиаторлар, кәмелетке толмағандардың ісін қарайтын құқық қорғау органдарының өкілдері бірігіп игі тірліктер атқарса нұр үстіне нұр болар еді.

Leave a reply