Thursday, November 21

ТҮРКІСТАНДЫҚ КӨПБАЛАЛЫ АНА ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТ АЛЫП, ШЕБЕРХАНАСЫН АШҚАН

0
85

Түркістандық Ажар Бимурзаева 5 баланың анасы, ұлттық өнерді насихаттаумен қатар, кәсіпке айналдырып отырған шебер. Жастайынан тігін өнеріне қызыққан жан бүгінде нәзік жандылардың көңілінен шығатын түрлі сөмкелер мен қыз жасауларын, сондай-ақ балаларға арналған жұмсақ ойыншықтарды да дайындайды.
Көпбалалы ана сүйікті ісін кәсіпке айналдыру үшін қайтарымсыз грант конкурсына қатысып, бүгінде өз шеберханасын ашқан. Өзі сияқты тігін ісіне құмар жандарды баулып, жұмыспен қамтып отыр.
– Бала кезімнен қуыршақтарға киім тігуге қызығатынмын, кейіннен өзіме керекті сөмке, сырт киімдерімді қолдан дайындай бастадым. Тіккен киімдерім ортама ұнап, шабыт ала бастадым. Сосын сүйікті ісімді хобби ретінде ғана емес, кәсібіме айналдырғым келді. Ендігіде шағын шеберханамды үлкейтіп, жаңа жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап жүрмін, – дейді тігінші.

Өңірде жаңа бизнес жобаларды қолдауға бағытталған қайтарымсыз грант беру бойынша комиссия отырыстары ұйымдастырылды.Әлеуметтік осал топ азаматтарының бизнес-жобасын жүзеге асыру мақсатында берілетін қайтарымсыз грант алуға өтінімдер қабылдау электронды түрде жүргізіледі. Бұл қолдауға еңбекке жарамды мүгедектігі бар адамдар, қандастар, атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылар, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған отбасылар, асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алатын отбасылар тарапынан өтінімдер түскен.

Айта кетейік, грант алуға өтінім білдірушілер жұмыссыз ретінде тіркелген яки тіркеу мерзімі 3 жылға дейінгі жеке кәсіпкер болуы керек. Оған қоса үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы негізінде кәсіпкерлікке оқығаны туралы арнайы сертификаты болуы шарт.

Комиссия отырысында бизнес-жобалардың өміршеңдігіне, бәсекеге қабілеттілігіне және үміткердің кәсібилігіне өкілдер тарапынан баса назар аударылды. Нәтижесінде комиссияның шешімімен оң қорытынды алған бизнес-жобалардың 271-і өндіріс саласына қатысты, 227-і ауыл шаруашылығы саласы, 298-і қызмет көрсету, 91-і тамақ өндірісі, 10-ы құрылыс заттарын өндіруге бағытталған.

Leave a reply