ТҮРКІСТАНДЫҚ «ТҰРАН» КОМАНДАСЫ БАСКЕТБОЛДАН ЕЛ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ

Түркістан қаласындағы «Olympic center» спорт кешенінде баскетболдан жоғары лига ерлер командалары арасындағы XXXIII Қазақстан Республикасының чемпионаты аяқталды. Баскетбол бәсекесіне еліміздің 7 командасы қатысып, өзара үздіктерді анықтады. Биылғы чемпионатқа Түркістан облысының «Тұран», Шымкент қаласының «Шымкент», Петропавлдың «Барыс», Қостанайдың «ЧелГу», Қарағандының «Қарағанды», Алматының «Чемпион», Астананың «Тигры» командалары қатысып, тартысты ойындар өткізді.
Рухани шаһарда аяқталған баскетбол додасында жыл бойында үздік ойын көрсеткен командалар жүлделі орындарға жайғасты. Топ жарғандар қатарында алаң иелері «Тұран» командасы биылғы чемпионатқа алғаш рет қатысып, маусым барысында 30 ойын өткізіп, 27 ойында жеңіске жетіп, ел чемпионы атанды. Ал Петропавл құрамасы күміс жүлдеге қол жеткізсе, шырайлы Шымқаланың баскетболшылары қола медальді қанағат етті.
Сонымен қатар, чемпионаттың үздік ойыншылары да белгілі болды. Маусым барысында үздік ойынымен ерекшеленген шымкенттік Ануар Шакиров «MVP» номинациясына ие болды. Сондай-ақ, 5 үздік ойыншы қатарында Петропавлдың намысын қорғаған Максим Налогов, Шымкент құрамасының ойыншысы Алексей Веращагин, тұрандықтар Әлімжан Мақсұтов пен Есет Жарқылов, Астана қаласының саңлағы Асқар Ахметжан сынды талантты баскетболшылар чемпионатта шеберліктерімен көзге түсті.
Жеңімпаздар мен жүлдегер командаларды және үздік ойыншыларды Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров, ҚР Баскетбол федерациясының президенті Абай Алпамысов, ҚР Баскетбол федерациясының бас хатшысы Жұлдыз Байдуйсенова, «Тұран спорт ойын түрлері клубының» директоры Сабыржан Бөлтіріков, Түркістан облысының баскетбол федерациясының президенті Есбол Қамбаров құттықтап, арнайы тағайындалған медаль, кубок және алғыс хаттармен марапаттады.