Түркістандық хирург 10 000 астам ота жасаған

0
133

 

Жәңгірхан Оразбақов – Түркістан облысындағы тәжірибелі хирургтарының бірі. Гиппократ антына адалдық танытып жүрген азамат бүгінгі күнге дейін көптеген адамдардың өмірін ажалдан арашалап, үлкен алғысқа бөленіп отыр. «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі «Республика қаһармандары» жобасы аясында өмірлік ұстанымы ерен, республиканың дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген қарапайым қаһармандарға арналған мақалалар сериясын ұсынып отыр. Бүгінгі қаһарманның бірі — Жәңгірхан Оразбақов.

Жәңгірхан Бимаханұлы 32 жылдық еңбек жолында 10 000 астам ота жасаған. Ал, жылына шамамен 400-500 аралығында операция жасап, науқастардың қалыпты өмірге қадам басуына ұйытқы болуда. Қолы жеңіл хирургтың біліктілігін көпшілікте жоғары бағалайды. Сондықтан көршілес аудандардан келіп көмек беруін өтінетіндер көп. Тіпті көршілес облыстардан арнайы іздеп келіп, кеңес алып кететіндер де бар. Ондай жағдайда, білікті маман әрдайым алғашқы көмек беруге әзір.

«Жалпы, хирург болу өте қиын. Адамның қанын көру, онымен жұмыс жасау кез келген адамның қолынан келе бермейді. Үлкен жауапкершілікті талап етеді. Операция жасамас бұрын қалай болар екен деп ойланып шықсақ, ал операциядан кейін де түнімен ұйықтай алмайтын кездеріміз болады. Дәрісін беріп, уколын салып кететін басқа салаларға қарағанда, хирургия саласының салмағы өте ауыр» — дейді дәрігер.

Кентау қалалық ауруханасының хирургия бөлімінде екі лапароскопиялық аппарат бар. Оның біреуі жалпы хирургияға, екіншісі гинекологиялық операциялар жасауға арналған. Сондай-ақ өт жолынан тас алатын аппараттар мен өзге заманауи құрылғылармен жабдықталған. Қазіргі таңда ауруханадағы барлық хирургиялық, гинекологиялық, урологиялық оталар эндовидеохирургия жолымен жасалынып жатыр. Соңғы жылдары бұл тізімге тағы 30-ға жуық ота түрлері қосылды. Мұндағы ең басты ерекшелік — ота жеңіл жасалатындықтан науқаста тез сауығып кетеді. «Соңғы кезде өт тасы, соқыр ішек пен шаб және басқа да жарықшаптар бойынша да ауруханаға түсіп жатқан науқастар көбейіп кетті. Мұның басты себебі дұрыс тамақтанбау. Астағы химиялық заттардың көп болуы. Сондай –ақ, өмірдегі күйзеліс. Сондықтан әр адам салауатты және саламатты өмір салтын ұстану керек. Уақытылы денсаулығына көңіл бөліп, дер кезінде дәрігерге көрінсе кез келген аурудың алдын алуға болады» — дейді ол.

Жалпы Жәңгірхан Бимаханұлы 2001 жылы облыста тұңғыш рет «Лапароскопиялық хирургияны» енгізген дәрігер. Ал, 2013 жылы «Лапароскопиялық аппендэктомиядағы жаңа байлау әдісін» енгізіп ҚР-ның әділет министрлігінің зияткерлік меншік құқығы комитетінен №80989 «Авторлық куәлік» алды. 2020 жылдың маусым айында «Денсаулық сақтау саласындағы экономика және бизнес» магистрі атанды. Қазіргі де хирург өз білімін жиі-жиі жетілдіріп отырады. Көп оқып, көп ізденеді. Тіпті, Мәскеу, Санкт-Петербургте болып, білікті дәрігерлермен тәжірибе алмасып келді. Ал, бойындағы бар білімін әріптестерімен бөлісу, үйрету күнделікті ісі.

«Операцияны жеңіл, ауыр деп бөлуге болмайды. Жасалған отаның барлығы да, әрине, ауыр. Бірде соқырішек ауруына операция жасауға кіріп бара жатқанмын, науқас баланың ата-анасы қанша сағатта бітетінін сұрады. «Жай соқырішек қой, қазір 15 минутта бітіріп тастаймыз» деп ішке кіріп кеттім. Бірақ бәрі де біз ойлағандай болмады. Сол операцияның қиын болғаны соншалық бір жарым сағатқа созылды. Ал, перзентханада босанған әйелге жасалған операция 8 сағатқа ұласты. Ешқандай дем алмай тұрып жасадық. Нәтижесі дұрыс шықты» — дейді ол.

Ел ішінде «Хирургтың қолы – әйелдердікіндей нәзік, көзі – бүркіттікіндей қырағы, жүрегі – арыстандыкіндей айбатты болуы керек» деген нақыл сөз бар. Ал, Жәңгірхан Бимаханұлы «хирургтың сөзі де дұрыс болуы керек» деп есептейді. Себебі, әрбір дәрігер кез келген адаммен тіл табысып, сөйлесе алуы қажет.

 

«Хирургия бөлімшесінің қызметі – аурухананың айнасы. Ал, хирургиясы жақсы аурухана жақсы көрсеткіштерге ие болады. Біздің қаламызға еңбегі сіңген, Кентау қаласының медицинасының сара жолын қалыптастырған М.Ерназаров, Қ.Сұлтанқұлов секілді ағаларымыздың еңбек жолынан үлгі алып жұмыс істеп келеміз. Бөлімдегі әріптестерім өз жұмыстарын жақсы біледі. Олардың еңбегін жоғары бағалаймын. Баршасы да медициналық қызметтің сапасын жақсарту үшін аянбай еңбек етіп келе жатқан ақ халатты абзал жандар» — дейді хирург.

Бүгінде Жәңгірхан Бимаханұлы Кентау қаласының «Құрмет азаматы». Түркістан облысының «Ең үздік хирургі», «В.М.Бехтерев», «Гиппократ», «Түркістан облысына сіңірген еңбегі үшін», Юнесконың «Ясауи жылы», мүгедектер қоғамының «Қолдаушы», Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері. Қазақстандық эндовидеохирургтар ассосациясының мүшесі. 40-қа жуық ғылыми мақаланың авторы.

 

Жұбайы Ұлдай да – дәрігер. Балалар эндокринологы. Қазір қаладағы балалар емханасында жұмыс істейді. Жайдары жұп екі ұл өсіріп, немере сүйіп отыр.

Leave a reply