Түркістанның алар орыны ерекше
Мақтаныш пен мадақ, құрмет пен мақтау Түркістанға арналғандай. Қадірі асқақ мекеннің гүлденуі мен дамуы жаман емес. Нақты істер атқарылып жатыр. Сөзден гөрі шынайы харекет басым. Соңғы жылдардағы еліміздің дамуында Түркістанның алар орыны ерекше. Қалай айтсақта жарасып-ақ тұр.
Еліміздің оңтүстігінде жазық далаға орналасқан Түркістан қаласы қолайлы географиялық аймағында болғандықтын мұнда халық ежелден отырықшы тұрмыс салтын ұстанады. Ал облыс орталығы мәртебесін алғаннан бері бұл қалада тұрғын үйлер көптеп салынып, көшіп келушілердің саны жылдан-жылға артып келеді. Салыстыру үшін айтсақ, 2018 жылы Түркістан облысы халқының саны 1 983 969 адам болса, 4 жылдың ішінде ол 285 216 адамға көбейіп, жалпы 2 269 185 адамға жеткен, оның ішінде Түркістан қаласында қазір 221 102 адам тұрады. Алдағы уақытта бұдан да көбейе түсетіні анық.
Халықтың саны өскен сайын тұрғындар тарапынан көптеген мәселелер мен сұрақтар туындайды, яғни өсім бар жерде, өзекті мәселелер де болып жатады. Сондықтан аталған мәселелерді дер кезінде шешу облыс басшысының басты міндеті болмақ.
Кейінгі жылдарға қарасақ, қаланың жан-жақты дамуында бірқатар нәтижелердің оң үрдісі байқалады.
Атап айтқанда, биылға келіп Түркістан қаласында 12 088 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 268,8 млрд. теңгенің өнімін өндіріп, бюджетке төленген салық көлемі 8,1 млрд теңгеге жеткен.
Облыстағы Turkistan арнайы экономикалық және индустриалды аймақтарында жалпы құны 553,6 миллиард теңге болатын 80 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған.
2025 жылға дейін маңызды жобаларды іске асыру нәтижесінде өңір экономикасына 2 триллион теңгеден астам инвестиция бағытталатын болады.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 322,9 млрд теңгеге жетіп, 2020 жылмен салыстырғанда 4,1 пайызға артқан. Енді 2025 жылға дейін құрылыс жұмыстарының көлемін 439,3 млрд теңгеге жеткізу көзделуде.
Жалпы, соңғы үш жылда Түркістан қаласында 536 жоба іске асып, оның 251-і пайдалануға тапсырылған.
Халықты баспанамен қамтамасыз ету ең басты қажеттіліктің бірі десек, Түркістан қаласында 4 жылда жалпы 337 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр (15 411 пәтер, 1 001,1 мың шаршы метр). 2019-2021 жылдары 113 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді (5 433 пәтер, 342,9 мың шаршы метр).
Бүгінде жаңа қаланы ауызсумен қамтамасыз ету де жақсы жолға қойылып келеді. Нақтырақ айтсақ, Түркістан қаласында ауызсу құбырларын қайта жаңғырту мақсатында бірнеше нысанның құрылыс жұмыстары (7-шағынаудан, Хлопзавод, Ремзавод, бірінші және екінші Яссы-Шавғар, Теміржол) қатар жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде, қосымша 7 500 жеке тұрғын сапалы ауызсу құбырымен қамтылатын болады.
Кәріз жүйесімен 30,5 пайызға қамтылған. Оның аумағын қамтамасыз ету мақсатында осы жылы 6 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. 2 нысан құрылысы жыл соңына дейін аяқталады.
Электрмен қамту мақсатында 2021жылы 32 000 тұрғыны бар 40 елді мекен сапалы электр қуатымен қамтылса, 2022 жылы қосымша 38 300 тұрғыны бар 10 елді мекен сапалы электр қуатымен қамтылатын болады.
Түркістан қаласы аумағы 98,5 пайыз электр қуатымен қамтамасыз етілген, оның 84 пайызы сапалы электр қуатымен.
Биыл 3 нысанның құрылысын аяқтап, қамту көрсеткішін 99 пайызға жеткізу көзделіп отыр.
Қаладағы көшелерді жарықтандыру мақсатында 2021 жылы 147,8 шақырым құрайтын 155 көше нақты жарықтандырылды. 2022 жылы 395,1 шақырым құрайтын 318 көшеде жарықтандыру жүйесін жүргізу жоспарланып отыр.
Түркістан қаласында 845 шақырымдық 875 көше бар. Олардың 37,4 пайызы – асфальт, 47,5 пайызы – тасжол және 15,1 пайызы – топырақ жолдар.
2021 жылы 15,1 шақырым 11 көше орташа жөндеуден өтті. Топырақ жолдардың санын азайтып, тасжолдардың саны мен сапасын арттыру мақсатында 2021 жылы 158 шақырым қашықтықты құрайтын 185 көшеге тас төселді.
Осы жылы қалған 127,3 шақырым топырақ көшелерге шағал тас төселіп, 46,4 шақырым құрайтын 40 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, асфальт жабыны төселмек. Бұдан бөлек, жалпы ұзындығы 29,6 шақырымға жететін 26 көшеге аяқжол (тротуар) салу жоспарланған.
Халыққа қолайлы болу үшін 2021 жылы 40 жаңа автобус сатып алынған. Автобустар дизель отынымен жүреді, салқындатқышы бар, мүгедек жандарға қолайлы..
Жалпы, қалада 24 қоғамдық көлік бағыты бар. Қоғамдық көліктің 18 пайызы жаңартылған. Биыл тағы 50 жаңа автобус сатып алу жоспарланған.
Халыққа ыңғайлы әрі тасымалдаушыларға қолайлы болу үшін қоғамдық көліктерге Tolem жүйесі енгізілген.
Түркістан қаласында өткен жылдың 13 желтоқсанында «Мүмкіндігі шектеулі және зейнет жасындағы азаматтарға әлеуметтік сүйемелдеу қызметтерді көрсететін орталығы» құрылды. Онда: үйде әлеуметтік қызмет көрсету, әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу, белсенді ұзақ өмір сүру және TEN QOGAM секторлары қызмет көрсеті.
Бұдан бөлек, Түркістан қаласында 50 орындық қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған ғимараттың құрылысын салу жоспарланды.
Тұрғындар санының өсуіне байланысты Түркістан қаласында 2025 жылға дейін 11 мектеп салынады деп жоспарланып отыр, оның бәрі де бюджет есебінен.
2021 жылы 900 орындық мектеп, 720 орындық Назарбаев зияткерлік мектебі және оның 120 орындық жатақханасы салынған. Бұдан бөлек, «Алтын ұрпақ» бастауыш мектебі, «TURKESTAN бастауыш мектебі», «Береке Болашақ» мектебі, «Білім-Ғылым Инновация» мектебі, BILIM KEMESI мектеп-лицейі, «NUR интеллектуалды мектебі» секілді 6 жекеменшік мектеп тер пайдалануға берілді. Мұның бәрі халықты білім беру орталықтарымен қамтуға және оларда сапалы білім беру ісін жүргізуге зор пайдасын тигізіп отыр.
Бұл сала бойынша Түркістан қаласында 200 төсек-орындық модульді аурухана салынды. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 570 төсек- орынға көпсалалы ауруханасының құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жедел жәрдем қызметін нормативке сәйкестендіріп, жүктемесін азайту мақсатында демеушілікпен (Қазатомпром қорынан) 25 бригадаға арналған типтік жедел жәрдем стансасы салынып жатыр.
Туризм саласы Түркістанде бұрыннан жақсы жолға қойылған. Бұл сала бойынша 2021 жылы инвестиция көлемі 102 млрд теңгені құрап, республика бойынша бірінші орынға шықты. 2021 жылы облыста «Керуен Сарай» көпфункционалды туристік кешенінде демалыс орындар және туристік нысандары іске қосылды (Ramada by Wyndham, Emir Plaza, Rich Hotel, Grand Villa, Golden Ray Turkistan Hotel, Этно Парк Резорт). Сондай-ақ, 2021 жылдың қорытындысы бойынша Түркістан қаласына бір күнде 1 417 372 адам келді (2020 жылы – 382 606 адам болған).
2022 жылы ішкі туристердің санын 261 000 адамға, шетелдік туристердің санын 7 290 адамға, Түркістан қаласына бір күндік келушілер санын 1,6 млн адамға, туризм саласы бойынша көрсетілетін қызметтердің көлемін 3,5 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланған.
Түркістан қаласының дамуы туралы айтатын болсақ, тұтастай жаңа қала салынды деуге болады. Санақ нәтижесі бойынша қала халқы 56 356 адамға өсіп, 221 102 адамды құрады (2018 жылы 164 746 адам болған). Төрт жылда қалаға тартылған инвестиция көлемі 8 есеге артып, жалпы 793,2 млрд теңгені құрады. Оның ішінде, 50 пайызға жуығы (389,4 млрд теңге) жеке инвестиция.
Қаланың негізгі әлеуметтік-инфрақұрылымы қаланып, жаңадан халықаралық әуежай, әкімшілік-іскерлік және рухани-мәдени орталықтары салынды. Биыл мұз айдыны, Теннис орталығы, ескек есу каналы Б.Саттарханов атындағы спорт кешені, туристерге арналған жасанды көл демалыс орталығы салынып, пайдалануға берілмек.
Төрт жылда Түркістан қаласында жалпы 337 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде. Аталған көпқабатты тұрғын үйлердің барлығы толық аяқталса, 15 мың пәтер пайдалануға беріледі.
Бұған қоса ерекше үш мәселенің түбегейлі шешілген. Алғашқысы – табиғи газбен қамту. Бұған дейін табиғи газбен қамту деңгейі 26 пайыз болса, бүгінде қала тұрғындарын көгілдір отынмен 100 пайыз қамтамасыз етілген. 2021 жылы табиғи және сұйылтылған газды қауіпсіз пайдалану мақсатында әлеуметтік қолдауға мұқтаж 500 отбасыға газосигнализатор орнатылып, бұл өз кезегінде қаланың экологиялық ахуалын жақсартып және жасыл экономика бағдарламасына оң септігін тигізіп жатыр.
Екіншісі – қала халқын сумен қамтамасыз ету. Бұрын Түркістан қаласында халық 100 пайыз таза ауызсумен қамтамасыз етілмеген және суармалы су өте аз болды. Осы мәселерді шешу мақсатында бірінші кезекте халықты ауызсумен қамтамасыз ету қолға алынып, жүзеге асырылған екі ірі жобаның арқасында бүгінде бұл мәселе түбегейлі шешілген және істе 2050 жылға дейін халық саны 500 000 адамға жету мүмкін деген болжам да ескерілген.
Түркістан қаласына 234 млн текше метр ағын су жетіспейтіні анықталып, оны шешу үшін ғалымдармен кеңесе келе Түркістан қаласына 248,8 млн текше метр ағын су жеткізудің жолы табылған. Бұл үшін «Түркістан магистралды каналын күрделі жөндеу» жобасы арқылы 60 млн текше метр су үнемделіп, қала аумағындағы 8 шақырым канал бойы абаттандырылады (құны – 16,5 млрд тг).
Бұрын ағын су 43 пайыз фильтрациялық шығынға ұшыраса, енді оны болдырмау үшін бүгінде 52 шақырым каналды бетондау жұмыстары жүргізілген.
2021 жылдың желтоқсан айында «Кеңсай – Қосқорған – 2» су қоймасы жобасы пайдалануға берілді. Жоба аясында 34 млн текше метр ағын су жеткізіледі.
«Арыс-Түркістан магистралдық арнасын толықтыру үшін Сырдария өзенінен машиналық арна салу» арқылы 52,8 млн текше метр ағын су жеткізілетін болады (құны 30,2
млрд тг).
Жаңадан «Сарқырама» су қоймасын салу арқылы 65 млн. текше метр ағын су жеткізілмек (құны 7,4 млрд тг).
Сондай-ақ Кентау қаласында «Қосқорған» су қоймасын толықтыра отырып, су төмендету жүйесін салу жобасы арқылы 40 млн текше метр ағын су жеткізіледі (құны 20 млрд тг).
Түркістан қаласы айналасында азық-түлік белдеуі қалыптастырылып, құны 26,9 млрд теңге болатын бес серпінді инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Қала аумағында 225 гектарда 30 саябақ, 13,6 гектарда 15 сквер мен аллеялар, 129,4 гектарда 9 алаң бар.
Түркістан қаласын абаттандыру мақсатында Майкөтов көшесіндегі «Желілік саябақ», «Төле би саябағы», «Шатқал саябағы», «Отырар» мөлтек ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлер аумағын көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, 1 шағынаудандағы көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын (36,3 га құрайтын 3 аулаға) абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бүгінде Түркістан қаласын дамытудың екінші кезеңінің жұмыстары басталып кетті. Кешенді жоспарға сәйкес 109 жобаны іске асыру жоспарланған. Инвестиция көлемі 1,3 трлн теңге, оның 1 трлн теңгесі немесе 77 пайызы жеке инвестициялар.
Қаланы дамытудың екінші кезеңі бірнеше аумақта іске асырылады, аумақта әуежай аумағына ауыл шаруашылығы және басқа да серпінді жобалар іске асырылатын болады.
Бірінші аумақта әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында заманауи білім, денсаулық сақтау, спорт нысандары мен әкімшілік ғимараттар, демалыс орындары салынатын болады.
Екінші аумақта Б.Саттарханов даңғылы бойынша спорт кешені, Яссы желілік саябақтары салынбақ.
Үшінші аумақта мәдени-рухани орталықта Әзірет Сұлтан мұражай аумағы абаттандырылып, Қылует мешіті, аз қабатты тұрғын үйлер құрылысы іске асырылмақ.
Аталған іс-шараларды іске асыру нәтижесінде 2025 жылы облысымыздың жалпы өңірлік өнім көлемі 3,6 трлн теңгеге жетіп халықтың табысы мен еңбек өнімділігі 50 пайызға өсіп, 40 мыңнан аса жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.
Мұның бәрі Қазақстанның шынайы жаңару кезеңіне сәтті қадам басуы жолында облыс басшылығы алдына қойылып отырған тапсырмалар мен міндеттер болып саналады.
Қайсы қоғам, қай мемлекет болса да, дамудың жоғары сатысына тек жүйелі жүргізілген жұмыстар арқасында жететіні белгілі. Демек, Түркістан қаласының жаңа қарқынмен дамуына облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев басшылығымен бұл жолда жасалып, жүзеге асып жатқан игі істер сөз жоқ, өзінің оңды нәтижесін берері сөзсіз.
Түркістан – жай қала емес, алыс-жақынға даңқы кеткен ежелгі тарихи қаланың бірі. Ал қазіргі жағдайда ол уақытпен бірге қарқынды қарыштап, тез дамып келе жатқан заманауи қала. Демек, оның дамуы, белгілі бір дәрежеде еліміз дамуының көрсеткіші деуге болады. Енді алдағы ширек ғасырда Түркістан шаһары жарты миллион адам тұратын еліміздегі белгілі қалалардың біріне айналмақ. Сондықтан қаланы барлық жағынан дамытуға деген жол бүгіннен басталып жатқаны көңіл қуантады.