Түркістанның экологиялық жағдайы жақсарып, ауаның ластауы 65 % -ға төмендеген

0
118

Түркістан қаласында құрылыс жұмыстары 100%-ға аяқталды. Осылайша қала тұрғындары толығымен газға қосылуға мүмкіндік алды.

Сондай-ақ жылыту маусымынан бастап, Түркістан қаласындағы орталық қазандық табиғи газбен жылытыла бастады. Ауқымды жұмыс нәтижесінде қаланың экологиялық жағдайы жақсарып, ауаның ластауы 65 % -ға төмендеген.

2019-2020 жылдар аралығында елді мекендерді газбен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізіліп, Түркістан қаласының тұрғындары толығымен газға қосылуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, жылыту маусымынан бастап облыс орталығындағы қазандық табиғи газбен жылытыла бастады. Ауқымды жұмыс нәтижесінде Түркістан қаласының экологиялық жағдайы жақсарып, ауаның ластануы 65%-ға төмендеген. Шаһардың газдандырылуына қатысты өткен шараға облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев арнайы қатысып, тұрғындардың қуанышына ортақтасты.

«Бүгін біз сіздермен осы қуанышты жағдайлардың куәгері болып отырмыз. Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы Жарлығымен Түркістан облысының құрылғанына екі жылдан аса уақыт өтті. Осы уақыт ішінде Түркістан қаласы қарқынды дамып, үлкен құрылыс алаңына айналды. Шаһардың экологиялық ахуалын жақсарту мәселесі де ұмыт қалған жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында экологиялық мәселелерге тоқталып, түйткілдерді шешуді тапсырды. Бұл тұста облысымызда, әсіресе, Түркістан қаласында ауқымды шаралар атқарылуда. Айналаны жасыл желекке бөлеумен қатар, түркістандықтарды толықтай табиғи газбен қамтамасыз ету де басты міндет болды» деді Өмірзақ Естайұлы өз сөзінде.

Түркістандықтармен кездескен облыс әкімі қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, тұрмысқа қолайлы жағдай жасау үшін табиғи газды үнемді жұмсауға шақырды. Сондай-ақ, табиғи газ тартылған тұрғын үйлерді аралап көрді.

Түркістан қаласын газдандыру 11 кезеңге бөлініп, құны 20,2 млрд. теңге болатын құрылыс жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда 52 037 абонент газбен жабдықтау желілеріне қосылды. Қала үлкейіп, халық саны өскен сайын коммуналдық қажеттіліктің де артатыны белгілі. Бұл мақсатта халықты «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету үшін тиісті жұмыстар әрі қарай жалғасатын болады. Кейбір жер телімдері уақтылы тіркелмегендіктен 380 абонент алдыңғы жобаларда есепке алынбағаны анықталды. Қазіргі уақытта осы абоненттерді табиғи газға қосу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.

Түркістанға газ әкелу үшін халықаралық маңызы бар «Бейнеу–Бозой» магистарльды газ құбыры тартылып, автоматтандырылған газ тарату стансалары іске қосылған еді. Нәтижесінде 1 180 шақырым газ құбыры тартылды. 4 800 адам жұмыспен қамтылды.

Газға қосылуды жеделдету үшін «ҚазТрансГаз» АҚ Түркістан облыстық филиалымен бірлесе жұмыс істеу нәтижесінде абоненттердің газға қосылу туралы өтініштерін қарау осыған дейін 1 айға жуық мерзімді құраса, бүгінде ол небәрі 2 жұмыс күнінде шешімін табады. Сондай-ақ, әрбір тұрғын үйге табиғи газ қосудың жұмыс ақысы 85 000 теңгеге дейін төмендетілді (осыған дейін 250-350 мың теңге арасында болған).

Жалпы, Түркістанда демалыс орындары көбейіп, көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Қаланың экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында ең озық технологиялар қолданылуда. Қаланың толық табиғи газға қосылуы – қоршаған ортаны қорғаудың ең тиімді жолы еді. Осы тұста Түркістан қаласының Бас жоспарына сәйкес, қала айналасынан 7 700 гектар аумаққа жасыл белдеу құру және толықтай газдандыру жоспарланды. Қазіргі таңда 4 700 гектар жерге әртүрлі ағаш көшеттері егілді. Қалған 3 000 гектар жер осы жылдың соңына дейін игеріледі деп күтілуде.

Облыстық экология департаментінің мәліметіне сәйкес, Түркістан қаласы бойынша 2018 жылға атмосфералық ауаға шығарылатын ластаушы заттардың нақты лимиті 4,5 мың тоннаны құраған. Ал, 2020 жылы Түркістан қаласын газдандыру арқылы қалдық көлемі 1,6 мың тоннаны құрады, оның ішінде барлық нысандарда қатты отын түрін (көмірден) газға ауыстыру есебінен 2018 жылмен салыстырғанда нақты лимит мөлшері 65%-ға немесе 2,6 мың тоннаға төмендеген. Сондай-ақ, жылу қазандықтарын көмірден газға ауыстыру есебінен ластаушы заттар мөлшері 2 есе, атап айтқанда, 381 тоннадан 150 тоннаға төмендеген.

Leave a reply