ТҮРКІСТАН: АБЫЗ АҚСАҚАЛДАРДЫҢ ӨНЕГЕЛІ ІСІ

0
70


Қазыналы қартың бар ма деген? Ақылды қария – ағынды дария. Алдыңда абыройлы қадамға бастар абыз ақсақалдардың болғаны да кейінгі ұрпақ үшін бір бақыт. Бүгінгі таңда бүкіл әлем қызыға көз тігіп отырған түркі әлемінің туристік астанасы – киелі Түркістан тек керемет заманауи келбетімен ғана емес, ақылдың кені – данышпан ақсақалдарымен де мақтана алады. «Парасат», «Барыс» ордендерінің иегері, «Түркістан облысының құрметті азаматы» бар саналы ғұмырын туған жерді түлетуге арнаған Жарылқасын Әзіретбергенұлы басқарып отырған «Түркістан облыстық ақсақалдар алқасы» қоғамдық бірлестігі қашанда игілікті істердің ұйытқысы болып жүрген жақсылық пен жаңалықтың жаршысы. Құрылғанына ширек ғасырдан асқан бірлестік мүшелері ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қызу қуаттап, үлкен-кіші, кәрі-жас, тайлы-таяғы қалмай, киелі мекеннің Тоқтасын Баялиев атындағы көшесін қамқорлыққа алып, бастан-аяқ тазалап шықты. Тазалық акциясына 120-дан астам қоғамдық бірлестік мүшелері қатысып, көшені күл-қоқыстан, арам шөптерден айнадай жарқыратып тазалады. Тек қоршаған орта тазалығын ғана емес, әрбір тұрғынның мәдени, жан тазалығын да қалыптастыратын өнегелі істің басы-қасында жүрген Жарылқасын Әзіретбергенұлын сөзге тартқанымызда, қашанда кез келген дүниені тереңнен ойлайтын абыз ақсақал әңгімені арыдан бастады:
«Ақсақалдар алқасының жұмысы сан тараулы. Соның бір тармағы ретінде, 2019-жылғы «Түркістанды гүл қалаға айналдырайық» – деген бастамамен үлкен ауқымды жұмыс жүргізгенімізді айта кеткім келеді. Ең әуелі әрбір адам өзінің отырған жерін, айналасын тазалап отыруы тиіс. Тазалықты өзінен бастауы керек. Ал, облыс орталығына айналған Түркістан, шырайлы, жылы өңірдің жүрегі іспетті орталықтың жасыл желекке, гүлге оранып тұруы – заңдылық. Осындай мақсатпен қаланы он мөлтек ауданға бөліп, ат қойып, айдар тағып, сол жылы «Таза үй», «Таза көше», «Таза аула», «Таза дәріхана», «Таза дүкен» деген атаулармен қалада байқау өткізіп, арнайы жүлделер тағайындаған едік. Тек өз үйін ғана емес, үйдің сыртын, қасбетін әдемілеп, 40 000 түп ағаш, 100 000 түп гүл отырғызылды алғашқы жылы. Жүлделеріміз аса қомақты болмаса да, бұл сайыс керемет нәтиже берді. Содан бері бұл байқауды жүйелі түрде өткізіп келеміз. Ал, енді Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы ел басшысының жүрегі қашанда халықпен бірге соғатындығын тағы да дәлелдеп отыр. Сондықтан да жаппай жұмылған халықтың «дүбіріне» біз де өз үлесімізді қосу мақсатымен тазалық акциясына шықтық. Енді тек айтарым, бұл игілікті іс науқаншылдық сипат алмай, жүйелі түрде өткізіліп, қоршаған орта, шын мәнінде тазалықтың мекеніне айналса деймін. Тазарған өлкемен бірге санамыз да, мәдениетіміз де өсіп, қанат жайсын деген ақ батамды бергім келеді» – деді абыз ақсақал.
Осы орайда туған қаланың тағдыры үнемі толғандырып жүретін абзал азамат, ғалым-ұстаз, Түркістан қаласының құрметті азаматы, облыстық ақсақалдар алқасының мүшесі, қалалық ақсақалдар алқасы мен билер алқасы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қыдырәлі Оспанұлы Рысбеков «Таза Қазақстан» акциясының бүгінгі өмір талабынан туындап отырған маңызына тоқтала келе:
«Өзгесін былай қойғанда, «таза» деген сөздің мағынасына үңілейікші. «Жаны таза. Ары таза. Айналасы таза» – дейміз. Бұл – мөлдірлікті білдіретін киелі сөз. Ал, киелі нәрсе қашанда тұрақты. Сондықтан да, бұл бастама баяндылығымен құнды. Экологиялық акция Т.Баялиев көшесінен бастау алуымен шектеліп отырған жоқ. Бұл эстафетаны әрбір мөлтек аудан төрағалары өздеріне қарасты аймақтарда жалғастырып, тұрғындар белсене жұмыс істеуде. Кез келген жақсы дүниенің жалғасын тапқаны қандай жақсы. Айналасынан күнделікті таза дүниені көрген жанның санасына да тазалық орнайтыны сөзсіз. Бір данышпан: «Егер сіз қоғамға пайдалы ізгілікті ой айтсаңыз, ол алдымен жүрегіңізде сақталады. Сосын ол шешімге айналады. Шешім мақсатқа жетелейді. Мақсат іске асыруға жетелеп, соңында ол ой орындалады» – деген екен. Сол сияқты, өмірден көрген-түйгені мол қазына-қарттарымыздың, абыз ақсақалдарымыздың арман-мақсаты – жастарды жақсы істерге ұйыстыру, ата-баба аманатын арқалап кетпей, ұрпақ санасына сіңіру» – деп ойымен бөлісті.
Осындай жаны жаңалыққа құмар, бастамашыл, қазыналы қарттарымыз барда түркі әлемінің тұмары – Түркістанда игілікті істер керуені жалғасын таба бермек.
Роза НАРЫМБЕТОВА

Leave a reply