ТҮРКІСТАН: «АДАМ ПАПИЛЛОМАСЫ» ВИРУСЫНА ҚАРСЫ ЕКПЕ САЛЫНАДЫ

0
149
Бұл туралы брифингте Түркістан облысының СЭБД басшысының орынбасары Бахтыораз Елемесов айтты.
«2024 жылдың қыркүйек айынан бастап еліміздегі 11 жасар қыздарға адам папилломасы вирусына қарсы екпе салынады. Жатыр мойны обыры ауруының (ЖМО) дамуына «адам папилломасы» вирусының (АПВ) инфекциясы әсер етеді. Ал вирусты жұқтырудың және оның дамуының алдын алудың жалғыз жолы – екпе салдыру. Қазақстанда осы дерт бойынша жыл сайын 1 600-ден астам жағдай тіркеліп, 500-ден астам әйел қайтыс болады. 2030 жылға қарай 15 жасқа дейінгі барлық қыздардың 90%-ы екпемен қамтылмақ. Иммундауды алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетуге лицензиясы бар заңды тұлғалар жүргізеді. Айта кетерлігі, қыз балаларды вакцинациялау – ата-аналарының келісімімен ғана жүргізіледі»,- деді Бахтыораз Мизамұлы.
Әлемде «Адам папилломасы» вирусына (АПВ) қарсы екпе 15 жылдан астам уақыт бойы қолданылып келеді. Екпе әлемнің 125 елінде, соның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстанда жүргізіліп келеді. Одан бөлек, Австралия мен АҚШ-та екпенің әсерінен әйелдер арасында «Адам папилломасы» вирусының таралуы 90%-ға төмендеген.

Leave a reply