ТҮРКІСТАН: АРЫСТА КОНСТИТУЦИЯ КҮНІНЕ ОРАЙ СЕНБІЛІК ӨТТІ
Мемлекеттік мереке қарсаңында арыстықтар қолдарына кетпен пен күрек ұстап қала көшелеріне сенбілікке шықты. Бүгінгі сенбілікте әр сектор өздеріне тиесілі аумаққа тазалық жұмыстарын жүргізіп, қоқыстарды шығарып, арамшөптерді отады. Тазалық шарасында мемлекеттік қызметкерлерден бөлек мекеме, кәсіпорын, ұжымдардан белсенді азаматтар шығып, абаттандыруға атсалысты. Мұндай тазалық жұмыстары барлық ауылдық округтерде де атқарылды. Сала мамандарынан құрылған жұмысшы топ қала тұрғындарына үйлерінің маңайындағы жерлерді таза ұстау жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізді.
Түркістан облысындағы аудан, қалаларда наурыз айынан бері жалпы 300-ден астам ауқымды тазалық іс-шаралары өткізілген. Өткен аптаның ішінде өңірдегі барлық аудандардағы 32 елді мекенде ауқымды сенбіліктер өткізілген. Оған 4 мыңнан астам тұрғын мен қоғамдық жұмысшылар тартылды. Бір аптада 85 тонна қоқыс шығарылды. Сонымен қатар «Конституция күні» мерекесіне орай облыс көлемінде ұйымдастырылған ауқымды сенбілік жұмыстарына 10 000-нан астам тұрғын қатысты. 136 техника тартылып, 460 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Сондай-ақ Сарыағаш аудандағы «Жібек жолы» кеден бекеті маңындағы тазалық шаралары жалғасады.
Тазалық барысында «Khazakh Real Stroy» мекемесі арнайы техника көмегімен қоқыстарды жинап, тасымалдауды қолға алды. Мұндай шаралар қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға септігін тигізетіні сөзсіз.
Алдағы уақытта қалада осындай сенбіліктер жалғасады.