ТҮРКІСТАН: АРЫСТЫҚ ЖАСТАР ЭКОЛОГИЯЛЫҚ БАҒДАРЛАМА АЯСЫНДА СЕНБІЛІК ӨТКІЗДІ

0
57

Халықаралық жастар күні қарсаңында Арыс қаласының белсенді жастары «Таза Қазақстан» бағдарламасын қолдап, Теміржолшылар саябағында сенбілік ұйымдастырды. Сондай-ақ ауыл жастары мен мәдениет саласының майталмандары да тазалыққа атсалысты. Игі шараның мақсаты – жастардың экологиялық мәдениетін арттыру, қаланың тазалығына үлес қосу.

Жастар тазалық барысында саябақтағы қоқыстарды жинап, ағаштардың түптерін әктеп, гүлзарларды суғарды. Халықаралық жастар күні – жастардың белсенділігін арттырып, олардың қоғамдағы рөлін күшейтуге бағытталған маңызды мереке. Арыс қаласының жастары өздерінің ынта-жігері мен жауапкершілігі арқылы бұл күннің мән-маңызын айқын көрсетті.

Түркістан облысында «Таза Қазақстан» акциясы өте жоғары деңгейде жалғасып жатыр. Үш апта көлемінде мыңдаған көшет отырғызылып, елді мекендер мен көшелер тазаланды. «Киелі мекен» апталығында қасиетті орындар мен ескерткіштер маңы тазаланып, туристік нысандардың ажары ашыла түсті. Осыған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Таза Қазақстан» акциясы науқандық емес, тұрақты дағдыға айналатын бастама екенін айтты.

«Таза Қазақстан» акциясы басталған сәуір айынан бері Түркістан облысы бойынша облыстағы 2500-ден астам білім беру ұйымдарында (1421 балабақша, 1052 мектеп, 50 колледж) экологиялық мәдениетті қалыптастыра отырып, отансүйгіштікке, табиғатты қорғауға, халықты қоршаған ортаны ластамауға үйрету.

Балаларды табиғатқа ұқыпты қарауға тәрбиелейтін 2000-ға жуық ашық сабақ, 650 кездесу, 960 дөңгелек үстел өткізілген.

Leave a reply