Пятница, 13 июня

ТҮРКІСТАН: АРЫС ҚАЛАСЫНДА ӨНЕРКӘСІП САЛАСЫ ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

0
16

Түркістан облысына қарасты Арыс қаласында инвесторларды тарту арқылы ауқымды жобаларды жүзеге асыру жолға қойылған. Биылғы жылы жалпы құны 29,5 млрд теңгені құрайтын 26 инвестициялық жобаны қолға алып, 400-ден астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. 2024 жылы өнеркәсіп өнімдерін арттыру мақсатында жалпы құны 15 млрд теңгені құрайтын 22 инвестициялық жоба іске асырылып, 593 жұмыс орны құрылған. Бұл жайында Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.

«Биыл шаһардың экономикалық әлеуетін арттырып, тұрғындарды жұмыспен қамтуға серпін беретін бірқатар ірі жобалар қолға алынды. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласында «Түркістан Агро KZ» ЖШС-і 50 мың бас ірі қара малын бордақылау алаңы мен 3 мың гектар жерде жаңбырлатып суғару арқылы мал азығын дайындау жобасын іске асыруда. Сондай-ақ, «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС-і 13 млрд теңгеге тамшылатып суғару жүйесі арқылы 9 мың гектар жерге мақта өнімін өндіру жобасын қолға алды. Бұдан бөлек,«ALASH LOGISTIC» ЖШС-і жаңбырлатып суғару әдісімен 900 гектар жерге мал азығын өсіру жобасын іске асыруда» – деді қала әкімі.

Сондай-ақ, қаладағы жалпы өңірлік өнім көлемі биылғы жылдың 4 айында 13,9 млрд теңгеге жеткен. Ал, өнеркәсіп өндірісінің көлемі өткен жылы 10,3 млрд теңгеге жетсе, 2025 жылдың 4 айында 4,4 млрд теңгені құрап отыр. Қаладағы инфрақұрылым саласында да бірқатар өзгерістер бар. Мәселен, өткен жылы қаладағы 2 жылу қазандағының ескіруіне байланысты көмірден газ жүйесіне көшіру мақсатында модульдік қазандықтың құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілген. Нәтижесінде бүгінде қаладағы барлық жылу қазандықтары табиғи газбен жылытылып отыр. Сонымен қатар, қала тұрғындарын сапалы электр жарығымен қамтамасыз ету мақсатында да бірқатар ірі жобалар қолға алынды. Атап айтқанда, Шағыр, Бақырша және Ақтас елді мекендерінде жалпы ұзындығы 20 шақырымды құрайтын ескірген электр желілері толық жаңартылды. Бұл жұмыстардың нәтижесінде 1206 адам тұрақты және сапалы электр қуатымен қамтамасыз етіліп отыр.

Арыс қаласында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 600 орындық мектептің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Заман талабына сай бой көтеріп жатқан нысан жаңа оқу жылынан бастап оқушыларды қабылдауға әзір. Нысандағы атқарылып жатқан жұмыстармен Түркістан облысының БАҚ өкілдері шаһар аумағында өткен баспасөз-тур барысында танысты.

Жобаға сәйкес, білім ордасында екі спорт зал, кең көлемдегі акт залы, кітапхана, мәжіліс залдары, пәндік кабинеттер, зертханалар, шеберханалар мен коворкинг-аймақтар бар. Сонымен қатар, мектеп ауласында стандартқа сай футбол алаңы да салынуда. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары 80 пайызға орындалған. Сондай-ақ, қалаға қарасты Ақдала ауылында үлкен спорт кешені бой көтеруде. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынып жатқан бұл кешен — Ақдаладағы алғашқы спорттық нысан. Құрылыс жұмыстары былтыр басталған. Биыл толық аяқталып, ел игілігіне беріледі деп күтілуде. Жалпы аумағы 371 шаршы метрден асатын кешен кең әрі жарық. Ішкі жабындысы сапалы материалдан жасалып, сыртқы қабырғалары жылу ұстайтын металл сайдингпен қапталуда. Онда медициналық пункт, киім ауыстыратын бөлмелер мен ішкі санитарлық тораптар қарастырылған. Спорт залы бір мезгілде 100-ден астам адамды қабылдай алады. Ауыл жастары енді волейбол, баскетбол, бокс, күрес, үстел теннисі мен гимнастика сынды спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік алмақ.

БАҚ өкілдері келесі кезекте Арыс қаласындағы «Барыс» шағын ауданындағы жеке инвестордың қолдауымен салынып жатқан көпқабатты тұрғын үй кешенімен танысты. Қазір онда 60 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылыс-монтаждау жұмыстары қызу жүріп жатыр. Жалпы ауданы 3348 шаршы метрді құрайтын бұл нысанды «Лидер-НС Строй» ЖШС салуда. Кешеннің алғашқы үйі биыл пайдалануға берілмек.

Жалпы Арыс қаласында 2030 жылға дейінгі экономикалық даму стратегиясы әзірленіп, қабылданды. Бұл құжат қаланың өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда, білім және денсаулық сақтау салаларындағы тұрақты дамуды қамтамасыз етуге бағытталған. Атап айтқанда, Ауыл шаруашылығы: 59 жоба, 1 843 жаңа жұмыс орны. Су үнемдеу технологиялары: 4 жоба, 105 жаңа жұмыс орны. Өнеркәсіп: 49 жоба, 1 607 жаңа жұмыс орны. Білім және денсаулық сақтау: 22 жоба, 685 жаңа жұмыс орны. Жалпы өңірлік өнім 2023 жылдың қорытындысы бойынша Арыс қаласының ЖӨӨ көлемі 38,5 миллиард теңгені құрады. 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті 170,7 миллиард теңгеге дейін жеткізу жоспарлануда, яғни 2,4 есеге арттыру көзделген.

Сондай-ақ, биыл қалаға 107,4 миллиард теңгеге дейін инвестиция тарту жоспарлануда. Бұл көрсеткіш жылдық инвестиция көлемін 4 есеге дейін арттыруды көздейді. Инвестициялық жобалар арасында резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіретін кәсіпорындар, машина жасау, тамақ өнімдері, құрылыс заттары, мұнай-химия, көкөніс және жеміс-жидек өңдеу салалары бар.

 

 

 

Leave a reply