Түркістан арқылы Қазақстанның руханияты Шығысқа бет бұрғаны бірден байқалады

0
114

Арада он жыл өткен соңғы Түркістанда Фараб кітапханасында өткізілген Тіл форумына делегат болып қатысқан Ербол Тілешовпен кездесіп, түркі дүниесіне ортақ көкейде жүрген бірқатар сұрақтарымызды қойған болатынбыз.

– Ербол Ердембекұлы киелі шаһарға хош келдіңіз. Түркістанға бұрын да келіп жүр ме едіңіз? Бұрын келген болсаңыз қазіргі өзгерістері қандай дәрежеде деп ойлайсыз?

– Қасиетті Түркістанға келіп жатырмыз. Қанша жылғы үзілістен кейін 6-шы құрылтай өтіп жатыр. Екі күннен бері киелі жерлерді аралап қайттық. Маған үлкен ой салды. Түркістан тарихын білеміз. Бұрын хрестоматиядан, тарихи кітаптардан оқығанбыз. Алайда, көзбен көріп, қолмен ұстаудың әсері бөлек екен. Мен осы Фараб кітапханасына кіргенде де ғажап толғаныста болдым. Мұндағы қаншама көне кітаптарды көріп, ойға қалдым. Осы Түркістан арқылы Қазақстанның руханияты Шығысқа бет бұрғаны бірден байқалады. Себебі, басқа қалаларымызда еуропалық стиль басым. Астанада бәрі шыны болып кетті деген әңгімелер болды. Ал, мына Түркістанның сәулет өнеріне келгенде, өзіміздің түпкі тамырымызға қайта оралған секілдіміз. Адамын айналасындағы кеңістік оның таным, парасатын әзірлейді дейтін болсақ, осы отырған ғимараттарымыздың өзі бағзы заманмен таныстырғандай, табыстырғандай. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына жеткенде, Шығысқа бетбұрысы байқалады. Бағзы мен бүгінді байланыстырып тұр. Кеше жаңа әкімшілік ғимараттарды көрдік. Өте биік емес. Шығыстық стильмен салынған. Өрнектері әдемі. Шығыстың алуан түрлі өзіндік стильдері жүрегіңе жылылық ұялатады. Түркі, парсы стилдері көңіліме қуаныш ұялатты.

 

– Жалпы Қазақстандағы тілдік орта қалай қалыптасып келеді? Отыз жылдан бері бір жерді айналшықтап, батпақтап қалған жоқпыз ба?

– Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында санымыз аз, шамалы күте тұрайық дейтінбіз. Қазір Қазақстанның демографиялық алғышарты толық қалыптасты. Себебі, 70 пайыз қазақпыз. Қоғамдағы білімділер саны жоғарғы оқу орындарындағы жастардың үлесі 56-57 пайыз болса, мектепте 70 пайыздан асты. Бастауыш сыныптарда 84-85 пайызға жеттік. Адамдардың физиологиялық және инттелектуальдық жайы пісіп жетілді. Енді мұның құқықтық негіздері шешілуі тиіс. Соған сәйкес саяси шешімдер қабылдануы керек. Мемлекеттік тіл туралы заң, көрнекі ақпарат, қазақ тілін міндеттейтін жайлар шоғыры болуы тиіс. Мәселен, шетелдердегі «Азаматтық туралы» заңдағы талап қою, «Білім туралы» заң қайта қаралуы тиіс. Осы секілді көптеген құқықтық негіздер бар.

 

– Құрылтайдың қасиетті Түркістанда өтіп жатқанын да бір жақсылыққа балап отырған шығарсыздар?

– Бүгінгі құрылтай осы халықтың ішіндегі он бір жылдан бері әбден пісіп, иі қанған, тек шешімін күтіп тұрған нәрселерге қолдау білдіріп қана емес, соған пәрмен, тың қарқын беретіндей жиын болады деп түсінемін. Бұған үлкен деңгейде мән беріліп жатыр. Сондықтан сөзден іске көшетін уақыт келді. Жаңа басында Түркістан түпкі тамырымызға қайта оралып жатыр дедік қой. Ендеше, тіл сол тамырдың өзегі. Тамырымызға бұрылатын кезең келді. Қазіргі жаһандану бізді сақтандыру керек. Себебі, жаһандану өте үлкен қарқынмен жүріп жатыр. Жаһандану ең алдымен біздің жас ұрпағымызға келеді.

 

– Балаға кішкене кезінен бастап ағылшын тілін үйрету керек дейтіндер көп. Мәселен, әлемдегі ең озық ойлы жапондар балаларын бесінші сыныптан бастап өзге тілге үйретеді екен. Соған дейін өз тілін, дәстүрін әбден бойына сіңіруі тиіс делінеді. Біздегі шет тілін үйрену туралы бастамашылыққа қалай қарайсыз?

– Менің ойымша баланың міндетті шет тілін оқуы кем дегенде екінші сыныптан басталуы тиіс. Ал, негізі бастауыш төрт сыныпты ана тілінде оқып барып, шет тілін үйренуге көшкені дұрыс. Бесінші сыныптан бастап үйренсе де жетіп жатыр. Өйткені, қазір тіл үйрену бұрынғыдай үлкен проблема емес қой. Ауылдан келген бала қалаға келген соң, алты айда тілді үйреніп үлгереді. Тіл үйрену қажеттілікке айналғанда өзі үйреніп кетеді. Бәріміз орысша, ағылшынша үйренгенде бәріміз сол салада қызмет етпейміз ғой. Мәселен, ағылшын тілін білетін мамандар елдің 15 пайызы болса да, жеткілікті. Жаппай ағылшын тілін оқытқанда мектептен кейін қажет болмай қалуы да мүмкін. Қырыққа келіп те ағылшын тілін үйреніп, шетелге кеткен кісіні білемін. Сондықтан қандай нәрсе болса да қажеттіліктен туындауы тиіс. Қазір қытай, жапон, корей тілін үйреніп жатқандар бар. Себебі, олар сонда барып жұмыс істеуге әзірленуде.

Ал, балалар бастауыш сыныптарда ана тілімен толық сусындауы тиіс. Баяғы ана мектебі деген дұрыс. Жапондарда ана мектебі деген түсінік бар. Оның ішіне дәстүр, тәрбие, тіл кіреді. Ана тілінде тілі шығып бастауыш сыныпта өз ана тілінде оқып, дәстүр-салтын меңгерген бала ана тілін ешқашан ұмытпайды.

 

– Біз жылда Ахмет Байтұрсыновтың туған күніне орайластырып, Тілдер мерекесі деп жатамыз. Қалған жыл он екі ай бір өзге ұлттың адамы қатысқан жиын болса, орысша шүлдірлеп жатамыз? Мұны қайтып түзейміз?

– Ахмет Байтұрсыновтың туған күніне орай, 5 қыркүйек тілдер мерекесі болып белгіленді. Биыл ол тарихи тұлғаның туғанына 150 жыл толып отыр. Осының өз дәрежесінде тойлап жатырмыз деп ойламаймын. «Ел –бүгіншіл, менікі – ертең үшін» деген Ахаң расында тарихта мәңгі қалды. Ахмет Байтұрсынұлы 1910 жылдан бастап, араб қарпіне негіздеп жаңа алфавит жасады. Артынша осы жазуды үйрететін «Оқу құралын» жарыққа шығарды. Тіл білімінің негізгі терминдерін Ахмет Байтұрсынов қалады. 1913-1918 жылдары алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатовпен бірге жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығарды.

«Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны – «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер, білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын. Оны жұрттың бәрі біледі. Оның шындығына ешкім таласа алмайды»,- деп Мұхтар Әуезов айтқандай, ұлт үшін еткен еңбек ешқашан ұмытылмайды.

Түрлі іс-шаралар қолға алынып, іске асты. Үкіметтің қаулысымен республикалық орталық акционерлік емес ұйым болып қайта құрылды. А.Байтұрсынов атындағы Тіл институты Астанаға көшірілді. «Тіл –қазына» ұйымы жаңа емлені мектептерде, университеттерде сынақтан өткізіп, нәтижесіне сай іс-шаралар қабылдап келеді. Ғылыми айналымға енген алаш арыстарының сөздерін рухани-мәдени айналымға енгізуге жұмыстар жасалып жатыр. Аталмыш ұйым алаш қайраткерлерінің сөздерін насихаттайды. Ахаңның сыртынан сүйсініп қана қоймай, оның ойлау логикасын зерттейді.

Тілдің табиғатын Ахаңдай сезген ешкім жоқ. Таразының бір басына басқа ғалымдарды, бір басына Ахаңды қояр болса, Ахаң басып кетеді. Латын әліпбиіне көшу – уақыт талабы.

 

– Латын әліпбиіне көшу тек қана таңба ауыстыру емес, жазу реформасына айналуы керектігін жиі ауызға алып жүрсіз. Соны толыққанды бір айтып өтіңізші.

– Латын әліпбиіне көшу тек қана таңба ауыстыру емес, жазу реформасына айналуы керек. Біріншіден, латын әліпбиінде тіл ауыспайды, таңба ауы­сады. Екіншіден, әлемдік лингвистердің айтуынша, дыбыс көп болып, таңба аз болуы керек. Мысалы, ағылшын тілінде 44 дыбыс бар. Соны 26 таңбамен беріп отыр. Бізде 28 дыбыс бар, соны 42 әріппен беріп келеміз. Демек, біздің қазіргі кириллицамыз біздің жазуымызды бұзып отырғаны анық. Яғни, осы арқылы кезінде бұзылған, бүлінген грамматикамызды қалпына келтіруіміз керек.

Мұның бар­лығы балаларға өз әсерін тигі­зеді. Бірақ енді солай болады екен деп біз тарихымызды түгендеуден, әліпбиімізді реттеуден қашып отыра бермейміз ғой. Қазір мектептердің барлы­ғында үш тіл бірінші сынып­тан бастап оқытылады. Ағыл­шынды үйреніп жүрген бала бұған да тез бейімделіп кетеді. Мұның артықшылығы болмаса, кемшілігі болмайды.

Мысалы, «мый» деп айтамыз да, «ми» деп жазамыз. Осыдан қазіргі балалар «ми» деп оқитын болды. «Мый» деп үш әріппен жазылу қажет. «Жиналыс» деп жазамыз, «жыйналыс» деп айтамыз. 1959 жылғы реформаға дейін «жыйналыс», «мый» деп жазып келгенбіз. Кейін келіп біз оны бүлдіріп алдық. Міне, осындай бүлінген нәрселерді кириллицамен дұрыстағымыз келеді. Ал ол көзге ерсі көрінеді екен. Бұл қалай? Дұрыс, түсінемін. Ешкім бірден қабылдамайды. Сондықтан латынға ауысқан кезде бірден жазу реформасы соның ішінде қарастырылуы керек.

 

– Латын әліпбиіне көшу кезінде біздің Кеңес дәуіріндегі қыруар жазушылардың шығармалары аударылмай қалмай ма? Осыдан келіп ел кириллица мен латынның арасында қалып, сауатсыздыққа ұрынбай ма?

– Егер латынға көшсек, қазақ тілін кириллицамен оқыған адамдардың латынды оқуы қиын болып қалады деген әңгіме расында да бар. Егер таңбаға байланысты кітап оқу қиын болса, жұрт қытайша қалай үйреніп жатыр. Мысалы, Қазақстан жастары бір-екі жылда қытай тілін үйреніп алып жатыр. Оларда бес мың таңба бар. Яғни, тіл үйрету мәселесі таңбада тұрған жоқ. Мәселе қажеттілікте болып отыр. Сонымен бірге, мұның бер жағында халық сауатсыз болып қалмайды. Өткен ғасырдың өте қиын кезеңінде он екі жыл латынша жаздық. Шерхан Мұртаза, Мұқағали Мақатаев, Еркеғали Рахмадиев және тағы да басқа өмірде үлкен жетістікке жетіп, ел тұлғаларына айналған қан­шама азаматтар алдымен ла­тын әліпбиімен сауаттанды. Қырқыншы жылы қайта ки­риллицаға көштік, осы кезде де мықты азаматтар шықты. Мәселе таңбада емес, жазу реформасында болады.

 

– Қазір барлық мемлекеттік органдар мен қызмет көрсету орындарының маңдайшаларындағы жазулар латынша жазылуда. Осыған көзқарасыңызды білсек.

– Бұл дұрыс қадам. Біз ең алдымен, жұмыс әліпбиін сынақтан өткізуіміз қажет. Бүгінде ұшақтың билетіне дейін латынша жазамыз. Халықаралық поштаны латынша жазамыз. Қазір ала-құла жазып жүрміз. Латын әліпбиі бекітілмеген соң, латынша да әртүрлі нұсқада білгенімізше жазып жібереміз. Халықаралық ұйымдар бізге таңғалады. Құжаттарды әртүрлі таңбамен толтырып береміз. Ең алдымен, менің ойымша, латынға көшкенде, мемлекеттік емес, жұмыс әліпбиін қа­былдауымыз керек. Осы жұмыс әліпбиі сынақтан өтіп, сіңгеннен кейін мемлекеттік деңгейде қабылданатын алфавитке көшу керек.

 

– Латынға көшу жобасын таныстырғаныңыздан кейін бұл мәселе көпшіліктің қызу талқылауына түсті. Көптеген ұсыныстардың ішінен неге осы нұсқа таңдалды?

– Латынға көшу жөніндегі осы нұсқаны дайындау барысында ең алдымен қазақ тілінің дыбыстық жағы да ескерілді. Жұмыс тобы осы принципті негіз етіп алды. Ең бастысы, бұл нұсқада дыбыстар орнында тұр. Бірде-бір дыбыс ұмыт қалмаған. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тілдер институтының жұмыс комиссиясына латын графикасын өзгерту жөнінде 100-ден астам нұсқа келіп түсті. Солардың арасынан суырылып осы нұсқа шықты. Қазақ тілінің төл табиғаты негізге алынумен бірге латын әліпбиін таңдаған себепті халықаралық тәжірибелерге де мән берілді. Дыбыстарды зерттеумен айналысып келе жатқан беделді халықаралық ұйым бар. Ол 1886 жылы ашылған фонетистердің халықаралық ассоциациясы. Халықаралық фонетикалық әліпби де бар. Осы латын графикасындағы фонетикалық әліпбиде 107 әріп, 52 диак­ритикалық таңба және 4 просодия-символ бар. Бұл жүйе арқылы латын графикасының ерекшеліктерін, қолданылу барысын тануға болады. Бұл жобаны Парламент қалаулыларына көрсеткеннен кейін бұқара халық мұны бекітті деп ойлауы мүмкін. Бірақ бұл олай емес. Бұл дегеніміз – жобаны халыққа таныстыру, елдің пікірін тың­дау, ортаға салу деген сөз. Біз ұсынған жоба – ғалымдар мен арнайы мамандардың пікірі. Мүмкін қоғамның басқа да жақсы ұсыныстары бар шығар. Егер бұлай болса, ешкім қой демейді. Біз қанша жерден бұл қанатқақты жоба, халыққа таныстырудамыз, десек те ғаламторда, баспасөз беттерінде «Парламент жарамсыз әліпби шығарды» деген сұхбаттар толып жүр. Ең маңыздысы – бір қадам алға жылжығанымыз, бетбұрыстың болғаны. Латынға көшпес бұрын әлі қанша қадам аттайтынымызды білмейміз, бір ме, әлде екі ме, үш пе, оны уақыт көрсетеді. Ал толық латын әліпбиіне көшу үшін қаншама уақыт керек. Әліпби нұсқасы бекітілгеннен кейін одан туындайтын емле-ережелер жасау, қазақ тілінің орфографиялық және орфоэпиялық сөздіктерін дайындау, бекіту және халыққа тарату жұмыстары жүргізіледі.

 

– Өзіңіз айтып отырған алаң­даулардың ішінде көбі «Түріктер қолданып жүр­ген нұсқаны неге пайда­лан­бадық?» дегенге сая­ды. Бұған не дейсіз?

– Латын графикасына тек түріктер ғана емес, ағайын­дарымыз әзербай­жандар, өзбектер мен түрік­мендер де көшкен. Олар­дың тәжірибелері Ахмет Байтұрсынұлы атындағы институт ғалымдары тарапынан толық зерделенді. Әрбір тіл – жекеше құбылыс. Әрбір тілдің өзіндік ерекшелігі бар. Ғалымдар айтпақшы, әрбір тіл ғасырлар бойы қалыптасқан белгілі бір ойлау, дүниені қабылдаудың ерекше логикасы. Өзбек тілінде бір сөз айтсақ, қазақ тілінде ол басқаша естіледі. Мағынасы да өзгеріп кетеді. Әліпби әрбір сөздің мағынасы жоғалмайтындай етіп жасалуы керек. Ауызша бір сөзді ойласақ, қағаз бетіне де солай түсіре алуымыз керек. Біздер диакритикалық белгілерді қолдансақ па екен деп көп ойландық. Нүкте, үтір сынды таңбаларды қолдансақ та болар еді, онда бұл латын әліпбиі болмас еді. Кейбір арнайы дыбыстар қазақ тілінде де басқа тілдерде де кездеседі. Мәселен, «в» әрпі өзбек тілінде де бар. «Ж» әрпі қазақ тілі мен түрік тілінде әртүрлі айтылады. «У»-ды қазақ пен орыстың қалай айтатындығын салыс­тырып көріңізші. Осыдан барып біздер классикалық латын әліпбиі мен диаграфтарын қолданамыз деп шештік.

 

–Қазақстандықтардың келіспеушілігін туғызған да осы диаграфтар емес пе?

–Біз неге диаграфта бір дыбыс­ты екі әріптің көмегімен беріп отырмыз? Егер біз ә ні – ä деп бер­сек, а әрпі баршаға танымал. Ал мынау ä ойлап шығарылған. А – қатаң дыбысталады, ә – жұмсақ. Жобамыздағы ае әріптері ә әрпін береді. Жарты ғасырдан бері фонетиканы зерттеумен айналысып келе жатқан біз­дің аса қадірменді профессорымыз Әлімхан Жүнісбек кезінде Ахмет Байтұрсынұлы айтып кеткен негізге сүйенеді. Өйткені Ахмет атамыз ае диаграфын қолдану арқылы ә дыбысын беруге болады деген. Мұндай тәжірибе өзге елдердің тәжірибесінде де бар. Бір қызығы, ә әрпі тек қазақ тілінде ғана емес, каталондықтарда, испандықтарда, ағылшын тілінде де бар. Сондықтан ол – халықаралық әріп. Е әрпі – қазақ тіліндегі қатаң жұбы жоқ жалғыз әріп. Мәселен, а – ә, о – ө, ұ – ү, ы – і. Міне, тоғыз дауысты дыбыс. Сондықтан да біздер Е нің көмегімен ае, ое, ue деп жұмсақ дауыстыларды ұсындық. Егер біз жұмсақ айтылатын дауыстыларды беру кезінде нүкте, үтірді пайдаланар болсақ, бұл тек сурет болып қалар еді. Дыбысты емес, таңбаны таңдасақ, ұялы телефондардағы смс-терде адамдар аже, аке деп жазар еді. Мұның соңы төл әріптерімізді ұмытуға әкеп соғар еді. Дауыссыз дыбыстарды жазба күйінде бергенде, біз h әрпін таңдадық. Біріншіден ол қатаң, екіншіден, sh, ch дыбыстарын қабылдау жеңілірек. Өйткені ағылшын, француз, неміс тілдерін меңгерген қауым үшін бұл – үйреншікті жағдай. Бізге 25 әріп пен сегіз диаграфты білсек болды. Ң диаграфын ng осылай алып отырмыз. Ағылшын тілінде де ң бар. Біздегі диаграф сегіз болса, ағылшындықтарда 20-дан асып жығылады. Сол үшін де қазақ тілі құрып кететін болды деп қауесет таратудың керегі жоқ.

 

– В, ф, ц әріптері ше? Мүмкін тек төл әріптерге ғана басымдық беру керек шығар. Бұған не дейсіз?

– Бұл тек орыстарға тән дыбыстар емес қой. Әрбірден соң орыс тіліне бұл дыбыстар батыстан келген. Барлық тілде кездесетін әріптер. Бұл жерде де біз Ахмет Байтұрсынұлының тұжырымына сүйенеміз. 1924 жылы Қазақ білімпаздарының съезінде Ахмет Байтұрсынұлы сырттан енген кейбір ды­быс­тардың қазақ тілінде сақталуына айрықша мән берген. Мысалы: «…қазақ тілінде сақталуға аз да болса ақысы бар «һ»; өйткені «һ» дыбысымен айтылатын қазақтың өз тілінде аз да болса, сөздер бар» деп айтқан. Ислам дінінің енуімен бізге араб, сосын парсы тілдерінен ә, һ дыбыстары кездесетін сөздер енген. Мұндай сөздер қазіргі тілдік лексикамызға әбден сіңісіп кеткен. Латынға көшу үрдісі –жаһандануға бастайды.

 

– Біз сонда жаһандану кезеңінде әлеуметтік желі арқылы әлем жұртшылығына түсінікті ғылым мен техниканың тілінде сөйлеуімізге, жазуымызға тура келеді ғой.

– Иә, дұрыс айтасыз. ХХ ғасырдағы ғылым мен техниканың дамуы әлемнің барлық тіліне дерлік халықаралық терминдер мен атауларды енгізді. Олар мыңдап саналады. Оның бер жағында мектепте оқытылатын әсіресе, жаратылыстану пәндерінде халықаралық ұғымдар сол пәндердің негізін құрайды. Мысалы, физикадағы халықаралық СИ жүйесі, химиядағы Менде­леевтің периодтық жүйесі, ботаника, зоология, гео­гра­фия ұғымдарының басым көп­шілігінде в, ф, ц әріптері кездеседі. Оларды терминдік мәнде пайдалану үшін бұзбай айту және жазу керек.

Қазіргі кезеңде жаһанданумен бірге қаншама халықаралық терминдер енуде. Осыларды да ойлағанымыз жөн. Жалпы халық тіліне, қоғамға енген терминдер бірте-бірте біздің ұлттық тіліміздің ажырамас бөлігіне айналады. Тіл өзінің ішкі әлеуеті арқылы да, сонымен бірге сырттан енген сөздер арқылы да үнемі толығып, байып тұрады.

Мәселен, ағылшынның төл сөздері олардың бүгінгі тілдік қорының 15 пайызын ғана құрайды екен. Орыс тілінде мұндай түпнұсқа сөздер 35 пайыз шамасында ғана. Қазір бұл екі тілдің байлығына, қолданылу ауқымына, әлемдегі беделіне ешкім күмәндана алмайды. Бұл арада оқырман дұрыс түсінуі керек. Біз тілімізді шұбарлаймыз деген міндеттен аулақпыз. Мұндағы басты мәселе – тілдің қолданылу кеңістігін күшейту, заман ағымынан кейін қалдырмау.

 

– Х и h дыбыстарын бір ғана H/h әрпімен жазуды ұсындыңыз, кішкене ұқсастығы бар, бірақ әртүрлі әріптер емес пе? Х дыбысын kh деп жазуға болмай ма? С мен Ш әріптерін қалай ажыратамыз? Ashat – Асхат немесе Ашат, ashana – асхана немесе ашана?

– h дыбысы бірнеше сөзде кездеседі. Әлі дұрыс жазу үлгісі дайын болмағандықтан, қателесу байқалып отыр. Мәселен, орыс тілінде «она» деп жазамыз, «ана» деп айтамыз. «Алег» деп айтамыз, «Олег» деп жазамыз. Яғни, айтылуы бір басқа, жазылуы бір басқа. Х, Һ дыбыстарында да солай. Сол сияқты sh дыбысына қарапайым халық көп мән беруде. Ол үшін жоғарыда жазғанымыздай, арнайы емлелік ережелер болады. Орфографиялық сияқты сөздіктер дайындалады. Сол кезде бәрі орын-орнына қойылып, көпшілікке әліпбидің мәні ашыла түседі. Қазір латын графикасындағы әліпби бекітілгеннен кейін ғалымдар бірлесіп жұмыс істеп, оның ережелерін бекітіп, бұл қалың көпшілікке оқу орындары арқылы, қазіргі дамыған ақпараттық жүйелер арқылы жеткізіледі. Сол шақта жаңа әліпби лингвистикалық әрі қоғамдық құбылыс ретінде жұмыс істей, яғни қолданыла бастайды.

 

– Шынында да, бұл сөздік тезірек енбесе, әсіресе, оқу­шы­ларға қиын болатын сияқ­ты. Мысалы, Kuelaeshting kuejewi – Күләштің күйеуі, zhylqyshy – жылқышы дегенде қай жерде қандай әріп тұр­ғанын шатастырып отырады.

– Иә, орфографиялық сөз­діктен қарау керек және ережеге бағыну қажет. Қазақ тілінде екі дауысты қатар тұрмайды. Сондықтан бір әріп қылып оқисыздар. Қалғаны – диаграф. Балалар бірінші сыныптан бастап ағылшын тілін үйренуде. Оларға қиын болмайды. Тек дұрыс жаза біліп және дұрыс айта білу керек. Еліміздегі әрбір бесінші адам ағылшынша біледі. Ал қазақ тілі аса ауыр тілге жатпайды. Сондықтан латын қарпі үлкендерге де, кішілерге де қиындық туғызбайды. 25 әріпті бір жыл бойы үйренбейді ғой. Әр күні бір-бір әріптен үйренеді. Біздер әбден жайлылыққа үйреніп қалғанбыз. Әлі-ақ бұған да үйренеміз. Латынға көшу бір күннің тірлігі емес.

 

– Я мен ю әріптері қайда кетті? Қазақша қою, қияр, сия, ұя, ою, аю секілді сөздерді латын тілінде қалай жазамыз?

– Я әрпін алар болсақ, орыс­тарда мұндай әріп болмаған. Я – иа деп айтылады. Ал ю болса иу деп айтылады. Бұл жобада дыбыстардың орнына қолданылатын таңбалар көрсетілген. Қияр сөзін qiar деп, қою – qoiw деп жазамыз. 1957 жылға дейін кириллицада осылай жаздық. 1950 жылғы кітаптарды оқысаңыздар я, ю әріптерінің болмағандығын көресіздер. Қазіргі кезде сайттарда, әлеуметтік желілерде айтылып жатқан пікірлердің баршасынан байқайтындарыңыз Парламентте ұсынылған әліпби жобасын бәріміз білетін кирилл әліпбиімен және ағылшын тілінің латын әліпбиімен салыс­тырады. Бұл аса дұрыс бола бермейді. Біз жаңа әліпбиді өзіміз кетейін деп отырған кирилл немесе басқа тілдік семьяның тілі ағылшын тілімен салыстыра алмаймыз. Бұлай бейімдеу жаңсақтау. Ең басты ғылыми қағида – қазақ тілінің төл дыбыстық жүйесін сақтау. Кейбір тұстарда ғана әлемдегі әліпби жасау тәжірибелерінің тікелей әдістеріне емес, ғылыми әдіснамаларын қолдану қажет.

 

– Әліпбидің осы нұсқасын дайындауға қанша уақыт кетті?

– Әрбір ғылыми жұмыс екі бөліктен тұрады. Біріншісі – ғалым мұның бәрін өзінен өткізіп, сіңіріп, қабылдайды. Бұл үшін ондаған жылдар қажет. Қазақ әліпбиінің практикасы мен теориясы Ахмет Байтұрсынұлынан басталады. Кітап шығару үшін де көп уақыт кетеді ғой. Әліпби түзуге кірісетін адам ең алдымен сондай ғалымдардың ғылыми тәжірибелерін жақсы меңгеруі тиіс. Бұл – дайындықтың ең бастапқы және ең негізгі кезеңі. Ал бұл нұсқаға келсек, бұған қатысқан азаматтардың алды тәуелсіздікке жеткен жылдардан бері, ал жасы кішілері Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастама көтерген 2006 және 2012 жылдардан бастап ойланған болуы керек

Leave a reply