ТҮРКІСТАН: АС БЕРУ МӘДЕНИЕТІН САҚТАП ЖҮРМІЗ БЕ?

0
22


Жақында Түркістанда облыстық ақсақалдар алқасының ұйымдастыруымен «Түркістан облысы бойынша ас беру мәдениеті» тақырыбында іс-шара өтті. Жиынға облысымыздың 17 ауданы мен қаласының, 34 мешітінің бас имамдары мен облыстың бас имамы Ержан қажы Төлепов қатысты. Сонымен қатар, жиынға облыстың этно-мәдени бірлестіктер өкілдері, ақсақалдары мен зиялы қауым өкілдері де қатысты.
Іс-шара Аян қаридың аруақтарға құран аяттарын бағыштауымен басталды.
Аталған жиында облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлы, облыстың бас имамы Ержан қажы Төлепов баяндама жасады. Жиынды жүргізіп отырған Жарылқасын ақса-қал күн тәртібіне 2 мәселені шығарды: 1.Ас беру мәдениеті; 2. Қоғамдағы барша істі сауап ісіне ұластыру.
Жарыс сөзге облыстық ақсақалдар алқасының төраға орынбасары Бақытжан Раманқұлов, қаланың ақсақалдары, ел ағалары Шора Исмолдаев, Қыдырәлі Рысбеков, саурандық Балтабай Жарылқасынов ақсақал т.б. зиялы қауым өкілдері шығып сөйледі.
Жарылқасын Әзіретбергенұлы, облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы:
– «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» демекші болашақ ұрпақ үшін дұрыс бағдар беріп, жөн сілтеу мақсатында дәстүрлі діни жөн-жоралғыларымызды шариғи һәм ғылыми тұрғыдан саралап жүзеге асыру – заман талабы. Қайтыс болған кісіні арулап көміп, жаназасын шығарғанда, жетісі, қырық күндігі, жыл толуына байланысты және тағы басқа шараларда дастарқан жайылғанда дінімізде нақты талап етілмеген, салт-дәстүрімізге сай келмейтін, ақырет үшін пайдасыз кейбір әдеттер қоғамда белең ала бастады. Мысалы, жақынынан айырылып отырған қаралы шаңырақ «көпшілікке ас беру – перзенттік міндетіміз» деп дастарқан жайып, шектен тыс шығын жасап, аста-төк, ағын-төгін дастарқан жаюда. Бұл, орташа табысы бар көптеген отбасыларға ауыртпашылық тудыратыны сөзсіз. Сондықтан бүгінгі күні еске алу іс-шараларын ұйымдастыру және өткізу мәселесі шариғат заңдары мен салт-дәстүр бойынша реттеуді талап етеді. Ауқатты отбасылар асқа ірі қара сойып, құрбан шалып жатқанда, жағдайы төмен және орташа отбасылардың одан қалғысы келмейтіні түсінікті. Осыдан келе жұрттан қарыз алып, қауғаланып «парызымды орындаймын» деп дүниеден өткен жандарға ас беріп, шығындалады. Бүгінгі күні осы сынды әдет-ғұрыптар мен рәсімдер реттелмесе, жыл өткен сайын бұл қиындықтар күшейе түсуі мүмкін. Негізінде тірілерге де, қайтқан кісілерге де пайдасы тиетін дүниелерге бірдей мән берген дұрыс. Марқұмның атынан ас берілгенде, негізгі ниет – бір Құдайдың разылығын ғана табу болуы тиіс. Одан өзге ниет – астың сауабын кемітеді. «Мұсылманның ниеті ісінен қайырлы» деген.
Бүгінгі таңдағы Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының көтеріп отырған өзекті мәселелерінің бірі, ас беру кездерінде ысырапшылдыққа жол бермеуге шақыру болып отыр. Сол себепті де, құрметті қатысушылар, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: 10.12.2020 жылы елордада өткен «Ислам – мәдениет мен ізгіліктің бастауы» атты имамдардың ІV республикалық онлайн-форумында қабылданған «Ас беру мәдениеті» құжатына сүйене отырып, Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасы облысымызда Құдайы астың дастархан мәзірін төмендегідей үлгіде берілуін ұсынады:
1. Ет немесе күріш. (Екеуінің біреуі).
2. Нан, бауырсақ.
3. Шелпек, самса.
4. Шай, қант.
5. Құрма немесе алма. Диқаншылық піскен кезде дастарқанға жүзім, басқа да бақша өнімдерін қоюға болады.
6. Қымыз, қымыран немесе түрлі сусындар. (Екеуінің біреуі).
7. Сөк, талқан, сарымай.
Алқа атынан сөйлеген абыз ақсақалымыз осындай ұсыныс жасап, шешім қабылдауды көпшілікке қалдырды. Жиын соңында қатысушылар бірауыздан ұсынысты қолдап бекітті.
«Шешім қабылдау оңай, оның орындалуы қиын, ағайындар. Бұл істі ауылдардағы имамдар, ақсақалдар, қоғамдық ұйымдар т.б. көпшілік болып атсалысып, қолға алмасақ жүзеге асуы екіталай. Әсіресе, дін ұстаған, жұма намаздарында уағыз айтып елді ұйыта білген аузымен құс тістеген имамдарымыз көбірек насихаттап, елге түсіндіруі керек деп ойлаймын. Осыдан біраз жыл бұрын (2007) ХҚТУ-дің үлкен залында Діни басқармадан уәкіл шақырып жиын өткізген едік. Жиында 2 мәселе: 1. Қаза болған үйде қазан көтеріп, жаназа күні ас берілмеуі; 2. Марқұмды митингі жасап(ресми үрдіспен) шығарып салуды доғару. Жиында қарар қабылданып, көпшілік қолдады. Діни басқарма да қолдап пәтуа қылдық. Бірақ, ел арасында көпке дейін қарсылықтар болып жатты. Бүгінде, шүкір Түркістанда марқұмды митингі жасап жерлеу тоқтады, жаназа күні ас беру 90 пайызға тоқтады деуге болады. Көріп жүрміз, көрші өзбек, татар-башқұрт, ұйғыр ағайындар қаралы үйде 3 күнге дейін қазан көтермейді. Біздің жас кезімізде, тіпті 70-80 жылдарда «бейсенбілік» деген жоқ еді. Бар болса да өз үйі, көрші көлемі кішігірім дастарқанға дұға қылса керек. Қазір бейсенбіліктің өзін кемі 200 адам шақырып мейрамханаға өткізу үрдіс болды. Мұның бәрі ысырапқа жол беру?», деп сөзін түйіндеді Жарылқасын қария.
Ержан қажы Төлепов, облыстың бас имамы:
– Құрметті жиынға қатысушы көпшілік, игі жақсылар, әріптестер баршаңызға Алла береке берсін! Бүгінгі мына бастаған игі бастама-мызды Алла қолдап, қайырлы етсін.
Осыдан 4 жыл бұрын елордада өткен «Ислам – мәдениет пен ізгіліктің бастауы» атты имамдардың ІV республикалық онлайн-форумында «Ас беру мәдениеті» құжаты қабылданғанған еді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ғұламалар кеңесінің бірнеше мәжілісінде талқыланып, бекітілгенін бұл құжатты қабылдаудағы негізгі мақсат – еліміздің барлық аймағы бойынша құдайы астарды шариғат шеңберінде, салт-дәстүр аясында өткізу. Сонымен қатар, кейбір отбасылардың әлеуметтік жағдайына салмақ салмайтын, ысырапқа жол бермейтін ас беру мәдениетін қалыптастыру және оны насихаттау.
Құжатта құдайы ас беру мәдениетінің негізгі жеті тірегі ұсынылған. Жеті тірек ішінде шынайы ниет ету, құдайы асқа жиналу, Құран оқу, бата беру және дұға жасау, ысырапқа жол бермеу, құдайы аста уағыз-насихат айту, марқұмды еске алу және қаралы отбасын жұбату, құдайы аста қарапайымдылықты сақтау сынды тақырыпшалар қамтылған.
Дүние салған кісіге сауабы тисін деген мақсатта берілетін асты «Құдайы ас» деп атайды. «Құдайы ас» атауынан көрініп тұрғандай (Алла Тағаланың разылығын алу үшін) қайтыс болған адамға арналған ас. Мұндай ас қайтыс болған кісі Алланың рақымы мен кешіріміне бөлену үшін өткізіледі. Құдайы аста кәде (сыйлық, тәбәрік, жыртыс және т.б.) шапан-шапқыт таратуды шариғат талап етпейді. Оған жұмсалған қаржыға шын мұқтаждардың қажетін өтеу – әлдеқайда сауапты. Құдайы асқа арнап мал сою міндет емес. Өйткені құдайы аста жиналған адамдарды тойдыру шариғат талабына да, мақсатына да жатпайды. Ең бастысы, ас берушілердің және оған қатысушылардың ниеті таза болуы тиіс.
Дастарқанға мейлінше тұрмысы төмен, әлеуметтік аз қамтылған жандарды көбірек қатыстырған абзал. Оның сауабы молырақ болады. Марқұмдарға арналған құдайы асқа қонақтардың уақтылы баруы, оны өткізудің әдебі, марқұмды еске алу, оған құран бағыштау және ол жерге жиналған көпшіліктің дұғасы маңызды. Хазіреті Пайғамбарымыз: «Мұсылманға мұсылманның жасаған дұғасы қабыл болады» деген. Ысырапқа жол бермеу керек. Өзінде жоқты бар қылып көрсету(тыраштану) – рия! Қасиетті Құранда: «… ішіңдер, жеңдер, алайда ысырапқа жол бермеңдер. Өйткені Алла Тағала ысырап етушілерді сүймейді» делінген («Ағраф» сүресі, 31-аят).
Ас беру мәдениетін асыл дініміздің шеңберінде қалыптастыру бағытында Діни басқарма тарапынан пәтуа жасалып, жұмыстар жасалып жатыр. 2020 жылы қабылданған құжат өңірлерде біртіндеп жүзеге асып келеді. Абай облысы бүгінде 100 пайыз бекітілген ас мәзірі бойынша (ысырапсыз) құдайы ас беруге көшті. Иншалла, бізде де орындалады.
Түркі жұртының кіндігі қасиетті Түркістан қашанда игі істің басында болуы ләзім. Алла бұйыртса бұл істі ақсақалдарымызбен бірге елге насихаттап, тәпсірлеп жеткізіп, санаға сіңіріп жүзеге асыруға атсалысамыз. Алла жар болсын, баршаңызға!
Қыдырәлі Рысбеков, Түркістан қаласының Ақсақалдар мен Билер алқасы қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
– Қазақта ас беру дәстүрі ежелден бар. Мол дастарқан жайылып, бәйге беріп жатады. Әкем өмірден өткеніне 20 жыл толғанда мен де ас бердім. Бірақ, асты тек дастарқанмен шектемейін, осы жиыннан ел, жас буын бір тағлым алсыншы деген ниетпен өткіздім. «Ата анаға құрмет, ұрпақ алдындағы міндет» деген тақырыпта мектеп оқушыларынан бастап 28-ге дейінгі жастар арасында мүшәйра өткіздім. Мүшәйраға 3 мыңға жуық өлең келіп түсті. Оларды жинақ қып шығарттым. Ол өлеңдерді арнайы комиссия қарап, ішінен үздік 15 өлеңнің авторлары мүшәйрада оқуға шақырылды. Кіл жанып тұрған жас ақын екен. Оның ішінде іріктелген 4 ақынға арнайы ақшалай жүлде тағайынадым. Екінші бағыты салт-дәстүрімізді ұлықтауға бағытталды. Ол іс-шарамызға қаладағы 4 колледждің студенттері қатысты, олардың да үздіктерін жүлделі орындармен марапаттадым. Құранда да артыңда салиқалы, саналы ұрпақ қалдыру парыз деп жазылған. Мен әкемді еске алуға арналған асты өткізгенде сол ұрпақ тәрбиесіне мән бердім. Қаланың оқу орындарында үздік оқып жүрген студенттерге бір реттік стипендия тағайындадым. Мен әлбетте мұны мақтанып айтып отыр-ған жоқпын. Аста бәйге беріп, көкпар тартып, көлік тігіп көл-көсір ысырап-шылыққа жол бергенше, марқұмның атынан басқа да сауапты амалдар жасауға болады деп ойлаймын.
Әтіргүл ТӘШІМ.

Leave a reply